C. Жұманғарин: Ірі активтер IPO арқылы сатылады

Бүгін Жолдаудың «Тиімді мемлекеттік басқару» сегізінші бағыты аясында жекешелендіруді іске асыруға арналған баспасөз конференциясында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин инвесторлардың негізінен «Самұрық-Қазына» қорының 47 ірі активіне қызығушылық танытатынын мәлімдеді.

IPO стратегиясы бойынша қабылданған шешімдерге байланысты күтілетін түсімдер мөлшері $3,5 млрд-тан бастап $5,5 млрд-қа дейін жетуі мүмкін.

«Инвесторлар негізінен «Самұрық-Қазына» қорының 47 ірі активіне қызығушылық танытып отыр. IPO арқылы сатылатын активтер — бұл «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», акционерлік компаниялар, ұлттық компаниялар, «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Энерго», «Эйр-Астана», «Қазпошта», «Тау-Кен Самұрық». IPO стратегиясы бойынша қабылданған шешімдерге байланысты күтілетін түсімдер мөлшері $3,5 млрд-тан бастап $5,5 млрд-қа дейін жетуі мүмкін, яғни бұл қомақты сома», — деді С. Жұманғарин.

Сондай-ақ ол мұнай-газ саласында жекешелендіруге 10 компания, темір жол саласында — 11, атом — 4, энергетика — 8, «Эйр Астанадан» басқа азаматтық авиация саласында тағы төрт компанияны сату жоспарланғанын, қорғаныс өнеркәсібінде — төрт, қалған салаларда — тағы бес компания барын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта активтер сатуға алдын ала әзірленіп жатыр.

«Барлық активтер, былайша айтқанда 65 ірі актив, шетелдік консультанттардың көмегімен әзірленіп жатыр, олар сату тәртібін, формасын ұсынады, бұл не IPO, не стратегиялық инвесторға тікелей атаулы сату болмақ, мұның бәрі экономиканы жаңғыру мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияда қаралады», — деп түсіндірді вице-министр.

Өз кезегінде қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов барлық сатылатын объектілер бағалау құнынан жоғары сатылатынын жеткізді. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу