Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 16 трлн теңгені құрады

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауарларды қолдау және ілгерілету мәселелері қаралды.

Жиында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев және Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиев, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әкімдері ішкі нарықты отандық өніммен қамту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша баяндама жасады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің айтуынша, жарты жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 9,8%-ға өсіп, 16 триллион теңге болатын өнім өндірген. Резеңке мен пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, киім, тоқыма бұйымдары, автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер сияқты тауарлардың импорты қысқарған. Шикізат емес тауарлар экспорты 14,6%-ға өсіп, шамамен $12 миллиардты құраған. Экспорттың негізгі бөлігі металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары өнімдерінен тұрады.

«Министрлік қызметінің негізгі бағыттарының бірі – реттелетін сатып алулар арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау. Мемлекеттік сатып алуда 5323 позицияда отандық өнімге басымдық берілді. Жарты жыл ішінде мемлекеттік органдар 82 миллиард теңгеге 45 мыңнан астам шарт жасады. «Самұрық-Қазына» қоры қолдаған 16 шара аясында отандық тауар өндірушілермен 3800 келісім-шарт, оның ішінде жалпы құны 390 миллиард теңгеден асатын 286 ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарт жасалды. Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін дамытатын жер қойнауын пайдалану саласында 123 миллиард теңгеге 425 сатып алу шарты рәсімделді. Аталған шаралар нақты нәтижелер беріп, тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға және отандық кәсіпорындардың өндіріс қуат жүктемесін арттыруға ықпал етуде. Мәселен, Шымкент қаласындағы трансформатор өндірісі 90%-ға, Семейдегі кабель өндірісі 72%-ға, Қарағандыдағы темір арқан өндірісі 71%-ға дейін жетті. Жаңа өндірістерді дамыту мақсатында 2023 жылдан бері өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған 623 жоба іске қосылды. Осының нәтижесінде елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. Атап айтқанда, локомотивтердің тірек балкалары, автобустардың қаптама элементтері, жүк техникасына арналған бөлшектер, автокөлік орындықтары мен мультимедиялық жүйелер, тұрмыстық техника, тік жікті құбырлар, терезе профильдері, фиброцемент тақталары, ламинат, жылыту радиаторлары және өзге де жаңа өнім түрлері өндіріле бастады», — деді ол.

Оның айтуынша, 2030 жылға дейін тағы 478 жоба іске қосылады. Осы жобалар аясында жаңартылатын энергия көздеріне арналған трансформаторлар, бандаждар, сутегі асқын тотығы, желатин мен пептон, сондай-ақ асфальтбетонға арналған тұрақтандырғыш қоспалар сияқты жаңа өнім түрлерінің өндірісі игерілетін болады.

Министрлік өндірістік қуаттарды толық пайдалану және отандық өнімге тұрақты сұранысты қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта Қазақстандық тауар өндірушілерінің тізілімі іске қосылды. Ірі компаниялар отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді сатып алу тетіктерін кеңейтіп, ел ішінде өндірілетін өнім үлесін арттыру және шағын, орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда.

«Өндірістердің қуатын арттыру үшін толлинг тетігімен қосымша шаралар енгізілуде. Ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ету мақсатында минералды тыңайтқыштар экспорты лицензияланды. Соның нәтижесінде отандық фермерлер минералды тыңайтқыштарды келісілген тұрақты бағамен алуда. Сонымен қатар, металл сынықтарының айналымын реттеу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл қара металлургияны дамытуға, болаттың жаңа маркаларын игеруге және автомобиль жасау, машина жасау мен құрылыс салаларына қажетті өнім өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, басқа елдерден цемент, гипсокартон, шыны, тас бұйымдары мен құрғақ құрылыс қоспаларын импорттауға шектеулер енгізілді. Қабылданған шаралар ішкі нарықтағы баға деңгейіне кері әсер етпей, отандық өндіріс көлемінің артуына ықпал етті», — деді Ерсайын Нағаспаев.

Бұдан бөлек, арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа моделі әзірленді. Аталған модель оларды құрудан бастап, инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді, сондай-ақ қатысушыларды іріктеу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, міндеттемелердің орындалуын бақылау және тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға дейінгі барлық негізгі кезеңдерді қамтиды.

2030 жылға дейін жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Арнайы мақсаттағы көлік құралдарын шығару кезінде отандық бөлшектерді пайдалануды көздейтін заңнамалық өзгерістер енгізілді.

Министрлік алдағы уақытта да отандық тауар өндірушілерді қолдау, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырады.

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Сауда #Тұтынушылардың құқығын қорғау #Экономика #Үкімет отырысы #Өңдеу өнеркәсібі

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу