25 Шілде 2018, 06:08
Үш отандық МӨЗ-де ауқымды реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Зауыттардың өндірістік қуаттылықтарын кеңейту келешегі мен жаңғыртудың рөлі туралы Рrimeminister.kz-ке берген сұхбатында энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев айтып берді.
— Қазақстанның үш мұнай өңдеу зауытының әрқайсысында жаңғырту жұмыстары қашан аяқталғанын айтып берсеңіз. Жаңартылған кәсіпорындар қашан жұмысқа кірісті?
— Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жұмыстары 2017 жылғы желтоқсан айында аяқталды. Осы кезде Атырау мұнай өңдеу зауытында да жаңғырту шаралары аяқталды. Бұған дейін 2016 жылғы қыркүйекте «Атырау МӨЗ-де хош иісті көмірсутектерді өндіру кешенінің құрылысы» жобасы аяқталды. «Атырау МӨЗ-де мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы» жобасы іске қосу сатысында тұр.
2018 жылғы наурызда кешеннің басты қондырғысы — каталитикалық крекинг іске қосылды, соның нәтижесінде жоғары октанды автокөлік бензинінің өндірісі 2 еседен астамға ұлғайды.
Шымкент МӨЗ реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары жөнінде айтар болсақ, оның І кезеңі 2017 жылғы маусым айында, ал ІІ кезеңі 2018 жылғы 15 наурызда аяқталды. Қазіргі таңда механикалық аяқтау қамтамасыз етілген және іске қосу–реттеу жұмыстары жүргізілуде. Іске қосу–реттеу жұмыстарын аяқтаудың жоспарланған мерзімі — 2018 жылдың қыркүйегі.
— Мағзұм Маратұлы, бүгінде аз ғана уақыт өтсе де жаңғыртудан қандай нәтиже алынды? Жаңғырту жұмыстары неліктен қажет болды және ЖЖМ нарығында қандай өзгерістер бар (келешекте қандай өзгерістер болмақ)?
— Айта кету керек, Атырау МӨЗ жаңғырту жобасын іске асырудан мынандай нәтижелерге қол жеткізілді: ҚР-да алғаш рет базалық мұнай-химия шикізаты — бензол мен параксилол өндірісі ретке келтірілді; жоғары октанды автобензин өндіру жылына 260 мың тоннадан 600 мың тоннаға дейін ұлғайды; Кеден Одағының Техникалық регламентінің талаптарына сәйкес К4/К5 санатты экологиялық таза дизельдік отын өндірісіне 100% қол жеткізілді. Бұдан өзге, Кешенді ішкі нарықтың қажеттілігіне байланысты отын және мұнай-химия режимдерінде пайдалану мүмкіндігі пайда болды.
2018 жылдың наурызында каталитикалық крекинг қондырғысын іске қосқаннан кейін АМӨЗ-де тауарлық жоғары октанды автокөлік бензинінің өндірісі 2 еседен астамға өсті.
Мұнайды терең өңдеу кешенінің барлық қондырғыларын іске қосқаннан кейін Кеден Одағының Техникалық регламентінің талаптарына сәйкес, К4, К5 экологиялық санаттарына сай келетін моторлық отын өндірісі ұлғаяды, автобензин — жылына 643 мың тоннадан 1441 мың тоннаға дейін, авиа отын — жылына 21 мың тоннадан 252 мың тоннаға дейін артады; мазут өндіру көлемі жылына 1 495 мың тоннадан 515 мың тоннаға дейін азайтылады.
Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жобасын іске асырудың әсері: К4, К5 экологиялық санаттарының моторлық отын өндірісі ретке келтірілді; 100% жоғары октанды бензин өндірісі және авиа отын өндірісі қамтамасыз етілді; жылына 6 млн тонна көлемінде Батыс Сібір мұнайын өңдеу және жылына 4,7 млн тоннаға дейінгі көлемде Батыс Қазақстан мұнайын өңдеу мүмкіндігі бар.
Шымкент МӨЗ реконструкциялау мен жаңғыртудың І кезеңі аяқталғаннан кейін мыналар қамтамасыз етілді: К4, К5 экологиялық санаттарына сай келетін автокөлік отынының өндірісі; 100% жоғары октанды бензин өндірісі; 2016 жылы 660 мың тоннадан 2017 жылы 881 мың тоннаға дейін жоғары октанды бензин өндірісі ұлғайды.
Аталған зауытты жаңғыртудың ІІ кезеңі аяқталғаннан кейін мыналар қамтамасыз етілді: жобалық қуаттылығы жылына 6 млн т мұнайға дейін артты; мұнай өңдеу тереңдігі ұлғайды; жоғары октанды бензин өндірісі — жылына 881,7 мыңнан 2 271 мың тоннаға дейін; дизельдік отын өндірісі — жылына 1 209,4 мыңнан 1 916 мың тоннаға дейін өсті.

— Зауыттарда қандай жаңа қондырғылар пайда болды?
— Мәселен, Павлодар МӨЗ-де изомеризация және нафта сплиттері қондырғысы, сондай-ақ күкірт өндірісінің құрамдастырылған қондырғысы пайда болды. Атырау МӨЗ-де катализатордың үздіксіз регенерациясы және бензол алу блогымен каталитикалық риформинг қондырғысы; PARAMAX хош иісті көмірсутектер өндірісінің құрамдастырылған қондырғысы және тағы да өндіріс пен тазартудың көптеген жаңа қондырғылары бар.
— 2018 жылы үш МӨЗ-де қанша млн тонна бензин өндіріледі?
— 2018 жылдың соңына дейін болжамды автобензин өндірісі 4 102 мың тоннаны құрайтын болады.
— Зауыттың жаңа қондырғыларының жұмысын ескере отырып, 2018 және 2019 жылдары К4/К5 санаттарының қанша тонна автобензинін алу жоспарда бар?
— Кеден Одағының Техникалық регламентінің талаптарына сәйкес 2018 жылы ҚР МӨЗ-дерінде К4 және К5 санаттарының 3 572 мың тонна автобензинін, 2019 жылы — 5 220 мың тонна алу көзделген.
— Мағзұм Маратұлы, кәсіпорындарды жаңғырту қызметкерлердің жұмысына қалай әсер етті? Олардың жұмыстары жеңілдеді ме?
— ҚР МӨЗ/МХЗ жаңғырту жобалары аясында көптеген жоғары технологиялық қондырғылар енгізіліп жатыр. Тиісінше технологиялық процестерді басқару автоматты түрде (қашықтан) жүргізілуде, жабдықтардың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи жүйелері енгізілуде. Технологиялық процестер Yokogawa, ABB, Honeywell секілді басқарудың тарату жүйесі (БТЖ) арқылы орындалады.
БТЖ жүйесі қызметкерлердің қондырғылардағы күнделікті жұмысын жеңілдетеді. Барлық реттеу клапандары орталық операторлық бөлме арқылы басқарылады, көптеген жабдықтар тікелей операторлық бөлмеде қосылып, сөндіріледі. Жабдықтардың техникалық жағдайы БТЖ-дегі мониторларға шығарылады. Жаңғыртуға дейін технологиялық процестерді реттеу пневматикалық құрылғылар деп аталатын ескі аспаптарда жүргізілді, БТЖ жүйесі болмады, көптеген процестер қолмен орындалды.

— Жалпы алғанда, қорытындылай келе, жүргізілген жаңғырту жұмыстарының экономикалық тиімділігі неде? Халық шығарылып жатқан өнімдердің сапасындағы өзгерістерді байқап жатыр ма?
— Бұған дейін мұнай өнімдерінің бір бөлігі РФ-тен импортталды. МӨЗ жаңғыртудан кейін ҚР-ның ішкі нарығының сұранысы қазақстандық өндірістің мұнай өнімдерімен толығымен қамтылатын болады. 2018 жылдың соңына қарай ҚР МӨЗ еліміздің мұнай өнімдеріне деген ішкі нарығының қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етеді. Артық өндірілген өнім көлемі (профицит) экспортталуы мүмкін.
МӨЗ/МХЗ жаңғыртудан кейін өндірілетін мұнай өнімдерінің тек саны емес, сондай-ақ сапасы да артады. Осыған дейін К2 экологиялық санатының мұнай өнімдері шығарылса, жаңғыртудан кейін К4, К5 санатының өнімдері шығарыла бастады. Өздеріңіз білесіздер, авто/мотокөлікке құйылатын бензиннің экологиялық санаты жоғары болған сайын, атмосфераға шығарылатын зиянды булардың шығарындылары неғұрлым төмен болады, ал бұл, әрине, ҚР экологиясы үшін өте маңызды.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу