Мемлекет басшысы «Әзірет Сұлтан» мешітінде болды

Елбасы жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның бейбітшілік пен адал ниетке негізделген символдық мәнін, исламның мызғымас рухани құндылықтарын айқындайтынын, сондай-ақ мейірімділік пен ізгіліктің, жақсылықтың жаршысы болып саналатынын атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Қазақстанның барша мұсылман қауымын осы мерекемен құттықтаймын. Сіздердің барлық дұға-тілектеріңізді Алла қабыл етсін!» — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Құрбан айттың мән-маңызы тек намаз оқумен және құрбандық шалумен шектелмейтінін айтып, қайырымдылық танытып, жағдайы жоқ отбасыларға, жетімдерге, қарттар мен барлық мұқтаж жандарға көмек көрсетуге шақырды.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда діндердің ғибадат жасауы үшін және олардың конфессиясына қарамастан, діни ғұрыптарының орындалуына барлық жағдай жасалып отырғанын айтты.

«Жуырда Астанада жаһандық және конфессияаралық диалог пен қарым-қатынастардың одан әрі дамуына серпін беретін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтеді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Құрбан айттың терең мәні қонақжайлықты, достық пен бірлікті қастерлейтін халқымыздың рухани құндылықтарымен және мәдениетімен үндесетінін атап өтті.

«Баршаңызға зор денсаулық, әрбір отбасына бақ-береке тілеймін. Еліміз өркендеп, әрдайым достық, тыныштық пен тұрақтылық болғай!» — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу