Сарапшылар Жолдау туралы: Болжамды схема өңірлерге бәсекелестік артықшылықтарды пайдалануға және экономикалық өсім қорларын анықтауға жол ашады

2019 жылғы 1 қыркүйекке дейін еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасы әзірленеді. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының м.а. Бауыржан Мұқан мен «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов Рrimeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатта аталған бастаманың келешегі туралы толығырақ айтып берді.

Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында халыққа әлеуметтік қызмет көрсету ісінің сапасын арттыру мен тұрғын үй жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Мемлекет басшысы еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырды.

 

2020 жылға дейінгі болжамды схема қалай жүзеге асырылып жатыр

Қазақстанда 2011 жылдан бастап еліміздің 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасы іске асырылып жатыр. Аталған құжат ел дамуының маңызды құралы болып табылады, өңірлік дамудың негізгі бағыттары бойынша мемлекеттің тәсілдерін анықтайды.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының м.а. Бауыржан Мұқан еліміздің қазіргі 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасының негізгі мақсаты — әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану негізінде өңірлерді орнықты дамытуға жағдай жасау екенін айтып өтті.

Аумақтық-кеңістіктік дамытудың негізгі міндеттері ретінде мыналар анықталды:

  • экономикалық өсім орталықтарын қалыптастыру;

  • халықты орналастырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру;

  • өңірлердің бәсекеге қабілетті экономикалық мамандануын дамыту;

  • өңірлік инфрақұрылымды нығайту;

  • халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға жағдай жасау;

  • экологиялық жағдайды сақтау және жақсарту.

Бұдан өзге, болжамды схема ағымдағы және ұзақ мерзімді, макроэкономикалық, салалық және өңірлік даму аспектілерінің үйлесімділігін қамтамасыз етеді, бизнестің, салалық және аумақтық мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың іс-әрекетін байланыстыруға мүмкіндік береді.

Болжамды схеманың ұзақ мерзімді бағыттылығы және кешенді сипаты оны қолданыстағы қорларды және мүмкіндіктерді анықтауға, осы негізде дамудың іске асырылып жатқан бағыттарын толықтыратын немесе дамытатын экономиканы дамытудың перспективалық бағыттарын қалыптастыру үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, Болжамды схема ел аумағындағы әлеуметтік-экономикалық әлеуетті ұтымды ұйымдастыру және орналастыру негізінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасауға бағытталған.

Мемлекет басшысы 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді тапсырды.

 

Урбанизация — адамзат дамуының заманауи үрдістерінің бірі

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының м.а. Бауыржан Мұқан жаңа Болжамды схема адамзат дамуының басты үрдісі — урбанизацияны міндетті түрде ескеруі қажет екеніне назар аударды. Өйткені, Елбасы Жолдауда Болжамды схема Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатынын атап өтті.

Б. Мұқанның айтуынша, қалалар экономикалық өсім мен мемлекеттердің өркендеуінің қозғалтқышы саналады. Әлемдік ЖІӨ 70% қалаларда өндіріледі.

Дамыған елдердің тәжірибесі жоғары табыс деңгейлері мен ірі қалалардың дамуы арасындағы тікелей тәуелділікті көрсетеді. Дамыған елдерде урбанизация өте жоғары деңгейде. Мәселен, АҚШ-та — 82%, Оңтүстік Кореяда — 83%, Голландияда — 90%, Австралияда — 90%, Жапонияда — 94%.

Дамыған елдер өндірістік, адам ресурстарын, ірі қалалардағы кәсіпорындарды шоғырландыру арқылы олардың тығыз өзара іс-қимылын қамтамасыз етіп, осылайша олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

«Сондықтан біз де елімізде сапалы урбанизацияны қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауымыз қажет. Жалған урбанизация белгілеріне жол бермеу мақсатында, қала аумағы ретсіз кеңейген жағдайда, еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу кезінде басқарылатын урбанизация мен агломерацияларды қалыптастыру тәсілдері ескерілетін болады», — деп Б. Мұқан, қазіргі таңда Қазақстанда урбанизация деңгейі 57,4% құрайтынын атап өтті.

Өңірлердің өсім нүктелерін дамытуға баса назар аударылады

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов, өз кезегінде, еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу аясында өңірлер арасындағы жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) дамуындағы алшақтықты төмендету қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда өңірлер біркелкі дамып жатқан жоқ, бұған экономикалық көрсеткіштер дәлел.

«Еліміздің аумағы бойынша жалпы өңірлік өнімнің және халықтың нақты ақшалай табыстарының біркелкі бөлінбеуі өңірлердің дамуындағы айырмашылықтарды көрсетеді», — деді сарапшы.

1 кв. км аумаққа ЖӨӨ бөлуге жүргізілген талдау экономикалық өсім негізінен Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарында, Астана және Алматы қалаларында шоғырландырылғанын айғақтайды. Ең аз экономикалық өсім Қызылорда облысында белгіленген.

Сонымен қатар, халық табысы да аумақ бойынша біркелкі бөлінбеген. Халықтың жан басына шаққандағы орташа республикалық ЖӨӨ деңгейі Атырау облысында жоғары деңгейде сақталып отыр (2017 жылы — 3,4 есе). Осындай үрдіс Астана және Алматы қалаларында (2017 жылы — тиісінше 2 және 1,7 есе), Маңғыстау облысында (2017 жылы — 1,4 есе) байқалады. Оңтүстік Қазақстан облысында (2017 жылы — 36,9%) және Жамбыл облысында (2017 жылы — 40,8%) халықтың жан басына шаққанда орташа республикалық деңгейдегі ЖӨӨ деңгейіне жетпейді.

Қ. Нығметовтың айтуынша, 2025 жылы өңірлер арасындағы халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің даму алшақтығын 3,3 еседен 2,7 есеге дейін төмендету жоспарланған. Алайда, өңірлік экономикаларда (экономиканың түрлі құрылымдарында) бар айырмашылықтарға байланысты аумақтарды дамытудың толық теңгеріміне қол жеткізу қиындау болады.

«Біздің көзқарасымызға сәйкес еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу аясында тұрған міндет — өңірлердің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалануды қамтамасыз ету және экономикалық өсім қорларын айқындау. Біз ұсынатын тәсілдерде өңірлерді, елеулі экономикалық әлеуеті бар елді мекендерді дамытуға басымдық берілетін болады», — деді сарапшы.

Оның айтуынша, ірі және үлкен қалалардың, өңірлік деңгейде агломерациялық құрылымдардың аналогы ретінде функционалдық қалалық аудандардың (ФҚА) өсімі есебінен урбанизацияның өсіміне қолдау беріледі. Бұл жағдайда мемлекеттiк және әлеуметтiк қызметтермен тіршілікті қамтудың (су, жылу, электр энергиясы, жолдар) негiзгi стандарттарын қамтамасыз етуді жақсарту жөнiнде шаралар ескерілетін болады.

 

Моно және шағын қалаларға көңіл бөлу

Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу аясында шешілуі тиіс тағы бір өзекті мәселе, сарапшылардың пікірінше — моно- және шағын қалалардың инфрақұрылымдық жайластырылуы (27 моноқала және 41 шағын қала).

Бауыржан Мұқанның мәліметіне сәйкес, инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның төмен деңгейі бар моно- және шағын қалалар күрделі жағдайда қалып отыр, бұл инфрақұрылым объектілерінің негізгі құралдарын жаңартуды талап етеді.

«Экономикалық зерттеулер институты моно- және шағын қалалардың даму талдауына әдістемелік тәсіл әзірледі. Онда олардың дамуына әсер ететін бірқатар бағыттар қарастырылған: қаржылық тұрақтылық, ШОБ дамыту, инженерлік–көлік инфрақұрылымының жағдайы, демография, денсаулық сақтау, білім беру», — деді Б. Мұқан.

Соның нәтижесінде мыналар анықталды: моноқалалар бойынша: жоғары әлеуеті бар 7 қала (25,9%), орта әлеуеті бар — 15 (55,6%) және төмен әлеуеті бар — 5 (18,5%) және шағын қалалар бойынша: жоғары әлеуеті бар – 7 қала (17,1%), орташа әлеуеті бар – 19 (46,3%) және төмен әлеуеті бар – 15 (36,6%). Көріп отырғанымыздай, орташа әлеуеті бар қалалар саны басым.

Тоқырауда деп саналатын моно- және шағын қалалар қосымша белгілеріне жасалған талдау негізінде анықталды: төменгі әлеует, көші-қонның теріс сальдосы, халықтың демографиялық қартаюы, өндіріс көлемінің төмендеуі, инфрақұрылымның жоғары тозуы, авто және темір жол магистральдарынан қашықтығы.

«Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу аясында моно және шағын қалалардың әр типі үшін олардың даму әлеуетіне қарай қолдау шараларының сараланған пакеттері әзірленеді», — деді сарапшы.

Ауылдардың экономикалық әлеуетін арттыру міндеті

Сонымен қатар, еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу аясында ауылдық елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері қаралуда. Бұл үшін әкімшілік-аумақтық құрылымды оңтайландырудың түрлі механизмдері қолданылады. Мәселен, экономикалық факторларды және қашықтық факторларын, және т.б. ескере отырып, ауылдық елді мекендер аумақтарының шекарасында оларды ірілендіру, қайта бағындыру және т.б.

«Болжамды схеманың міндеті – халықты тарту орталықтары болып табылатын аумақтарды анықтау және олардың халықты қабылдауға қажетті инфрақұрылымдық дайындығын анықтау. Сонымен бірге экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударғысы келетін адамдар көшу үшін мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алуы тиіс», — деді Қ. Нығметов.

Халық өмірдің негізгі сапасымен қамтамасыз етілуі тиіс

Б. Мұқанның пікірінше, аумақтық-кеңістіктік даму міндеті — тұрғындардың тұрғылықты жеріне қарамастан, халық барлық өңірлерде өңірлік стандарттар аясында өмір сүрудің негізгі сапасымен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы атап өтті.

Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының негізгі басымдықтары мыналар болуы тиіс:

  • цифрлық индустриялар мен жаңа «өсім нүктелерін» қалыптастыру;

  • инклюзивті даму қағидаты бойынша әлеуметтік қызметтерге және қоғамдық игіліктерге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету негізінде Қазақстанның барлық аумағында халықтың өмір сүру сапасын арттыру;

  • өңірлердің экономикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, бірыңғай ең төменгі әлеуметтік стандарттарды және халықтың теңдей әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету;

  • артта қалған өңірлердің экономикасын көтеру және жаңа аудандар мен ресурстарды игеру;

  • жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту;

  • өңірлік нарықты дамыту, өңіраралық қатынастарды қалыптастыру және сыртқы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту;

  • орнықты даму қағидаты бойынша қазіргі және болашақ ұрпақтардың негізгі өмірлік қажеттіліктерін барынша толық қанағаттандыру.

Қайсар Нығметов қазіргі таңда аумақтық-кеңістіктік дамудың алдында бірқатар сын-тегеуріндер тұрғанын атап өтті: өңірлердің біркелкі дамымауы, демографиялық теңгерімсіздік, экологиялық проблемалар, су ресурстарының тапшылығы; өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымның дұрыс болмауы; өңірлердің бәсекеге қабілетті мамандандыруын қалыптастыру.

«Жалпы, әзірленіп жатқан 2030 жылға дейінгі Болжамды схема алдағы 10 жылға еліміздің дамуын анықтайтын қолданбалы әрі сұранысқа ие құжат болуы тиіс деп есептейміз», — деді ол.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Болжамды схемада көмек алушылардың 3 тобы бар:

1) мыналарды білетін халық:

  • әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету тұрғысынан елді мекенді дамыту перспективалары;

  • өңірлік стандарттар аясында елді мекенге арналған нақты игіліктердің және қызметтердің тізімі;

  • қандай салалар, қандай елді мекендерде еңбек ресурстарына мұқтаж.

2) мыналарды білетін кәсіпкерлер, инвесторлар:

  • ресурстармен (шикізаттық) қамтылуды ескере отырып, өндіруші күштерді орналастыру перспективалары;

  • өңірлер тұрғысынан өндірістік және көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдардың жоспарлары;

  • өңірлер бойынша халықты орналастыру жүйесі.

Сондай-ақ, Болжамды схема бизнеске өндірістік және инвестициялық қызметті жоспарлауға мүмкіндік береді.

3) Болжамды схема мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік кәсіпорындарға халық санының демографиялық болжамын ескере отырып, салалық және аумақты-кеңістіктік дамуды кешенді түрде байланыстыруға, қабылданған шешімдердің, іске асырылатын жобалардың сабақтастығы мен бірізділігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік жоспарлаудың нақты жүйелерін айқындауға, бюджеттің ұтымды шығындарын қамтамасыз етуге, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төменгі деңгейдегі құжаттары үшін нақты өңірлік бағдарларды анықтауға, бюджет қаражатын тиімді жұмсауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу