Астанадағы Digital Bridge форумы: Еуропа мен Азия арасындағы виртуалды көпір инвесторлар мен АТ-стартаптарды тартуға жол ашады

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Digital Bridge халықаралық инвестициялық форумына қатысты. Бұл алаңға халықаралық АТ-қауымдастығының жетекші өкілдері, технологиялар саласындағы мойындалған сарапшылар, кәсіпорындар басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, түрлі елдерден келген мемлекеттік сектор өкілдері, цифрлық жобалар саласындағы кәсіпқойлар, ғалымдар, сондай-ақ венчурлық инвесторлар жиналды.

Форумның пленарлық сессиясы барысында Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Эстония Премьер-Министрі Юри Ратас, Ресей Федерациясының цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Константин Носков халықаралық сарапшылармен цифрлық экономиканың жаһандық трендтерін, оның ішінде Қазақстанның жаһандық нарықтағы әлеуеті мен цифрлық кәсіпкерлікті талқылады.

Модератордың сұрақтарына жауап бере отырып, Премьер-Министр Б. Сағынтаев Digital Bridge форумының мақсаты — Астана алаңында Еуропа мен Азия арасындағы виртуалды көпір құру екенін атап өтті, Астанаға Эстония Премьер-Министрі мен түрлі елдерден үлкен делегациялардың келуі бұл мақсатқа қол жеткізіліп жатқандығының куәсі. Қазақстан бүгінде Еуропа мен Азияның ортасында: бір жағынан халқының саны миллиард адамнан асатын Қытай, екінші жағынан — 500 млн астам адамды қамтитын еуропалық нарық. Сондықтан бұл жерде ауқымды жұмыстар жүргізілуі тиіс. Әлем жылдам өзгеріп жатыр: әлеуетті серіктестермен және инвесторлармен байланыс орнату үшін бір-біріне бару міндетті емес. Бүгінгі форум тәрізді алаңдар халықаралық инвесторлар мен АТ-стартаптарды тартуға, түрлі елдермен цифрландыру тәжірибесімен алмасу мүмкіндігін алуға, әлеуетті іскерлік серіктестермен кездесулер өткізуге мүмкіндік береді.

Бақытжан Сағынтаев бүгінгі форум болашақта өз жалғасын тауып, жыл сайын кеңейіп, үлкен байланыстар орнатылатын жаһандық алаңға айналатындығына сенім білдірді.

Форум қатысушыларына «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басты аспектілері мен іске асырылу нәтижелері туралы айта отырып, Премьер-Министр бүгінде Қазақстан цифрлық күн тәртібінде екенін жеткізді. Үкімет жұмысының басты міндеті — елімізде бір жыл бұрын қабылданған бағдарламаны іске асыру. Сонымен қоса, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске қосар алдында, 10 жыл бұрын елімізде мемлекеттік қызметтерді көрсетуді цифрлық форматқа көшіру бойынша бағдарлама іске асырылған болатын. Уақыт өткен соң мемлекеттік қызметтерді ғана цифрлық форматта ұсынумен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті болды. Цифрландыру — бұл мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта ұсыну ғана емес, бұл, жалпы ел экономикасының дамуы. Бұл туралы Елбасы Н. Назарбаев бірнеше рет айтты.

Үкімет өзіне мемлекеттік қызметтерді толық көлемде цифрлық форматта ұсыну бойынша функцияларды алды. Жыл басынан бері денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, қаржы, өнеркәсіп тағы сол тәрізді басты бағыттар бойынша нәтижелер байқалды. Соңғы сегіз айда цифрлық форматта 13 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген (бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14% артық).

Азаматтарды еңбекке орналастыру саласында «Электронды еңбек биржасы» жобасын іске қосу арқылы өткен жылмен салыстырғанда, 15%-ға артық адам жұмысқа орналастырылған. Оған шығындалатын уақыт та 2 есеге қысқарған (бір айдан екі аптаға дейін).

Денсаулық сақтау саласында азаматтардың 70%-дан астамына электронды денсаулық паспорты ашылған. Медициналық мекемелердің 90%-дан астамы жұмысында электронды жүйелерді пайдаланады. Емделушілер туралы жиналған деректер ерте диагностикалауды ескере отырып, бізге медициналық көмек парадигмасын өзгертуге мүмкіндік береді.

Білім саласында мектептердің 90%-дан астамы цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз етілген, мектеп оқушыларының 90%-дан астамы электронды күнделік жүргізеді.

Қаржы саласында ҚҚС төлеушілердің 75%-дан астамы электронды шот фактурасын шығарады. Кедендік декларациялар 100% электронды форматта, оның ішінде 80%-дан астамы «жасыл дәліз» бойынша бір минут ішінде рәсімделеді.

 

Бұдан өзге, бизнеске қызметтерді ұсыну цифрлық форматқа көшіріледі: оларға өз өндірістерінде цифрландыруды енгізуге үлкен мүмкіндік берілген. Еңбек өнімділігін арттыру және өндірісті жаңғырту бойынша көптеген шаралар өткізу міндеті тұр. Бұл үшін цифрлық экономиканың жаңа бағыттары бойынша тұрақты дағдыларды қамтамасыз ету мақсатында кадрларды даярлап, мамандарды қайта оқыту қажет. Осыған орай, мемлекет заңнамаға енгізілген өзгерістер түрінде бизнеске қолдау көрсетуде.

Astana Hub халықаралық АТ-стартаптар технопаркінің ашылуы — бұл да біздің стартап-бизнесті дамытуға берілген мүмкіндік. Мұнда да заңнама толығымен өзгертілген. Біздің аумақта тек Қазақстан резиденттері ғана емес, сондай-ақ осы аумақта мүмкіндіктерді пайдаланып, қатысуға ниет білдірген шетелдік компанияларға да жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Astana Hub-тың шетелдік қатысушылары үшін визалық және еңбек режимдері заңнама тұрғысынан жеңілдетілген. Бүгінде технопарк резиденттері үшін салық салуды оңайлату, түрлі нарықтарда сұранысқа ие болатын өнімді дайындауға қолайлы жағдай жасау мақсатында гранттық қолдау мен тиісті баспанамен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Премьер-Министр «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жақында қолға алынғанын атап өтті. Бүгінде елімізде аталған бағдарламаның элементтерін өмірге енгізумен айналысуда. Келесі жылда өтетін цифрлық форумда бағдарламаның негізгі жетістіктері туралы айтуға болады.

Сондай-ақ, талқылауға Қырғыз Республикасының Вице-Премьер-Министрі З. Аскаров, кәсіпкер, Стартап Академияның кеңесшісі және менторы, стартап тақырыбы бойынша бірқатар бестселлердің авторы Б. Дорф, GEO Hyperloop Transportation Д. Альборн, Priceline Group тең негізін қалаушы Д. Хоффман қатысты. Олар цифрландыруды дамытуды ескере отырып, киберқауіпсіздік мәселелерінің, блокчейн жүйесін қолдану, шалғайдағы өңірлерде кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету және т.б. маңыздылығы туралы айтып берді. Жалпы Форум алаңында 50-ден астам қазақстандық және халықаралық спикерлер сөз сөйледі.

Форум аясында Digital Bridge Awards сыйлығын беру рәсімі өтті. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында көлемді шоғырландырылған жұмыс жүргізілді, қазақстандық экономиканың барлық секторларында цифрландыру бойынша барлық жобаларды талдап, бағалаған әрбір меморганда офистер құрылды. «Үздік АТ-компания» номинациясында сыйлық «Documentolog» (қағаз тасымалдаушы арқылы жүргізілетін жұмысты қысқарту арқылы, кадрлық іс жүргізуді автоматтандыруға мүмкіндік беретін алғашқы қазақстандық платформа) жобасына берілді. «Үздік цифрлық офис» номинациясында «Оңай» (қоғамдық көлікте жол ақысын электронды төлеу құралы) жобасы жеңімпаз атанды. «Үздік цифрлық бастама» номинациясының марапаты ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер арасындағы үздік цифрлық офисі үшін берілді.

Айта кеткен жөн, форум алаңында Премьер-Министр Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақстанда цифрландыру мәселелері бойынша халықаралық сарапшылар кеңесінің бесінші отырысы өткізілді. Күн тәртібінде — экономика салаларын цифрландыру және бизнесті цифрландыруға тарту. Сарапшылар кеңесінің мүшелері: Еуропа және Орталық Азия өңірлері бойынша Дүниежүзілік банктің аймақтық басқармасының бас экономисті Ханс Тиммер, Ресейдегі және ТМД-дағы IDC вице-президенті Роберт Фариш, Global Catalyst Partners қорының тең негізін салушы Камран Элахиан, Ресейдің ұлттық өнеркәсіптік автоматтандыру платформасының тең негізін салушысы және басшысы Дмитрий Верховод, Фраунгофер атындағы институттың автоматтандыру және өндірісті басқару жөніндегі консультативтік кеңесінің төрағасы Бургхард Шиль, БҰҰ Цифрлық ынтымақтастық жөніндегі атқарушы директордың орынбасары Мессина Клэр қазіргі жағдайға қатысты түсініктеме беріп өтіп, экономиканы одан әрі цифрландыруға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Отырыс қорытындысы бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне халықаралық сарапшылар атап өткен ұсыныстарды пысықтау тапсырылды. Еске сала кетейік, Халықаралық сарапшылар кеңесі биыл ақпанда құрылған.

Digital Bridge бағдарламасы аясында тоғыз панельдік пікірталас алаңында шақырылған спикерлер бірқатар маңызды тақырыптарды қозғады. Олардың қатарында: тұрақты экожүйелер стартаптарын құру; мемлекетті цифрландыруға блокчейн технологияларды пайдалану; жаңа ақпараттық технологиялардың электронды үкіметті дамытуға әсері; коммерциялық инновациялар, Қазақстанның технологиялық кәсіпкерлердің жаңа буынын құрудағы жолы және инновациялық дамудың басқа да тақырыптары қаралды. Бұған қоса, Digital Bridge қатысушыларына В2В кездесулер өткізу мүмкіндігі берілді. Форум аясында Astana Hub халықаралық АТ-стартаптар технопаркі бастама білдірген тағы бір эксклюзивті шара — Astana Hub Battle стартаптар жарысы өткізілді. Astana Hub технопаркінің сыйлығы мен стартап-жарыстары жыл сайын өткізіледі деп көзделген.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу