Эстония қазақстандық бизнеспен ұзақмерзімді ынтымақтастық келешегіне сенімді — сарапшылар пікірі

Бүгін Астанада Қазақстан-Эстония бизнес форумы өтті. Шара аясында сарапшылар Primeminister.kz тілшілеріне екі елдің бизнес қауымының ынтымақтастығының перспективалары туралы айтып берді.

Ынтымақтастық орнатқан жылдары Қазақстан мен Эстония сауда-экономикалық өзара іс-қимыл үшін берік негіз құра алғанын айта кеткен жөн. Биылғы 8 айдың ішінде екі ел арасындағы сауда айналымы $21,7 млн құрады. Бұдан өзге, ынтымақтастықты арттыру және тереңдету үшін әлеует жеткілікті.

ҚР-дағы Эстония елшісінің кеңесшісі Эркки Вейсманн екі елдің цифрландыру саласында тығыз ынтымақтастық орнатқанын айтып өтті.

«Мен сіздерде қазір цифрландыру бойынша жұмыстарға барынша күш салынып жатқанын білемін. Сіздердің Елбасы бұған қатысты тапсырма берді. Вице-Премьер А. Жұмағалиев бастаған, құрамында әкімдер мен мемлекет қайраткерлері болған үлкен делегация Эстонияға келді, біз оларға цифрландыру туралы, министрліктердің жұмысын өзара қалай байланыстыруға болатынын айтып бердік», — деді Эркки Вейсманн.

Сонымен қатар, сарапшы азаматтардың цифрландыру үрдісінің әсерін қалай сезіне алатынын айтты.

«Бізде 25 жылдан бері цифрландыру белсенді дамып келеді, медицина толық цифрлық форматқа көшкен, қағаз құжаттар атымен жоқ. Мысалы, мен осы жерден-ақ көлігімді сата аламын, ал сатып алушыға техникалық паспорты екі күннен соң поштамен келеді. Мұның бәрі қалыпты жағдайға айналған», — деп пікірін білдірді Эркки Вейсманн.

Өз кезегінде, инвестициялар тарту жөніндегі эстониялық агенттіктің кеңесшісі Томас Кастик екі елдің арасында орнаған ынтымақтастыққа қатысты бірқатар мысалдар келтірді.

«Цифрлық үкімет саласындағы алмасу бойынша ынтымақтастық жолға қойылған. Бұл тұрғыда оқулықтарды цифрландыру бойынша эстониялық компанияның тәжірибесі жақсы мысал бола алады. Бұл ынтымақтастық үшін аса перспективалы бағыт», — деген Томас Кастик, цифрландырудың білім саласын да, медицинаны да, өнеркәсіпті де, мемлекеттік басқаруды да, сонымен қатар экономиканың басқа да ірі секторларын қамтитынын атап өтті.

Сонымен қатар сарапшы қазақстандық-эстониялық ынтымақтастық үшін экономиканың қандай секторлары аса тартымды болып көрінетіні жайлы өзінің ой-пікірлерін білдірді. Егер қазір қазақстандық тауарлар Еуропаға Эстония арқылы жеткізіліп отырса, транзиттік өзара іс-қимылдың артуына орай қазақстандық кәсіпорындар Еуропа нарықтарында өз өнімдерінің үлесін ұлғайта алады.

«Бүгінгі форум, бизнес кездесу біз үшін өте үлкен маңызға ие, себебі қазақстандық бизнеспен ұзақмерзімді ынтымақтастықтың перспективаларын көріп отырмыз. Эстония Еуроодаққа шығуды кеңейту тұрғысынан қазақстандық бизнес үшін жақсы мүмкіндіктерге ие. Бізде қазақстандық бизнеске өз бизнесін үйлесімді түрде әрі қашықтан жүргізуге жол ашатын цифрландырудың жоғары деңгейі бар. Эстония Балтық аймағының орталығы ретінде өте ыңғайлы орналасқан, теңізге шығар жолы тамаша, Скандинавия, Оңтүстік Балтиканың барлық елдерімен қатынаса алады, оның ішінде Санкт-Петербург, Мәскеу тәрізді шығыс мегаполистеріне шыға алады. Мұндай шешімдер, мұндай мүмкіндіктер қазақстандық тарап үшін қажет деп ойлаймын. Оның үстіне, мәдени ұғымдар жағынан алғышарттарымыз үйлесімді, әрі тіл жағынан еш кедергі жоқ», — деді Томас Кастик, Эстонияның көлік пен логистика бойынша да, жүк ауыстырып тиеу бойынша да қуаттылықтары барын атай отырып. Эстонияның порттарында қазақстандық бизнестің Еуропаға шығуын ұлғайтуға арналған бос алаңдар бар.

Бизнес-форумның қорытындысы бойынша энергетика және білім беруді цифрландыру салаларында ынтымақтастық туралы ниет хаттамасына қол қойылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу