Қазіргі Сингапур: Ақылды ұлт, жаппай тәртіп және экономика эволюциясы

Экономикасы дамыған елдер деңгейіне жылдам қол жеткізгені үшін Сингапурды «шығысазиялық жолбарысқа» теңейді. Қолайлы инвестициялық ахуал, бәсекелестігі жоғары орта, экономикалық еркіндік рейтингінде жоғары орын алуы, жоғары білімді әрі тәртіпті халқы, әл-ауқатының аса жоғарыға көтерілген деңгейі — экономиканың осы артықшылықтарының барлығы Сингапурды Оңтүстік-Шығыс Азияның қаржылық және сауда орталығына айналдырды.

Сингапур: тарихы, нәтижелері, тәсілдері

Сингапур бейберекетсіздік пен этникааралық қақтығыстар жүріп жатқан кезеңде 1965 жылы Малайзия Федерациясынан оның қарсылығынсыз ғана емес, соның бастамасы бойынша тәуелсіздік алды.

Сингапурдың қазіргі Премьер-Министрінің әкесі Ли Куан Ю аралды 1959–1990 жж. басқарды. Ол кезде бұл арал тіпті ауыз су мен құрылысқа қажетті құмды импорттан алатын кішкентай кедей мемлекет еді.

Саясаткердің осы тағынан кеткен сәтінде Сингапур кәсіпкерлік айлағына, жетекші әлемдік рейтингілердің дәстүрлі көшбасшысына, Оңтүстік Корея, Гонконг және Тайваньмен қатар «Азияның төрт барысының» (Four Asian Tigers), «Шығыс Азия барыстарының» (East Asian Tigers), «Азияның төрт кішкентай айдаһарының» (Asia’s Four Little Dragons) біріне айналды.

Ли Куан Ю Сингапурдың көршілес елдер сияқты өмір сүре алмайтынын мойындаған, себебі бұл елдің олармен теңесе алатын ештеңесі жоқ еді — жас мемлекет өзгеруі, көршілес елдер өндіріп жатқандардан да құнды өнімді қалай шығаруға болатынын ойлап табуы керек еді. Саясаткердің сөзінше, дәл осы тәсіл сингапурлықтарды парасатты, тиімді етіп, лайықтылар ғана қанат жая алатын жағдайлар жасады.

Ли Куан Юдің өзі өзін және серіктерін ағылшындық білім алған буржуаздық көшбасшылар тобы ретінде сипаттады.

 

Бір қауым мен тәртіп құру

Басы бірікпеген, мультимәдениетті халықтың ұлттық бірігейлігін қалыптастыру елдің өркендеуіне салынған қомақты үлес болды.

Түрлі уақыттарда үкіметтік науқандар қоршаған орта тазалығына, отбасыны жоспарлауға, батыстың мінез-құлқын үйренуге және путунхуа тілінде (Қытайдың мемлекеттік тілі, қазіргі қытай қоғамдық-саяси, ғылыми, көркем әдебиет тілі) сөйлесуге, ұйымшыл әрі өркениетті қоғам құруға бағытталды.

Сингапурда 5,64 млн адам тұрады, оның 1,64 млн — бейрезидент. Жыл сайын елде 15 мыңнан 25 мыңға дейін адамға азаматтық беріледі. Этникалық құрамы бойынша 70%-дан астамы — қытай, 13% — малайлық, 9% — үндістер, 3% — шығу тегі түрлі еуразиялықтар мен азиаттар. Бұл елде төрт мемлекеттік тіл бар: қытай, тамил, малай және ағылшын тілі. Сарапшылар сингапур халқы ретінде адамдардың бір қоғамын қалыптастыру мүмкін болды деген бір тұжырым жасаған.

Қазіргі кезде стратегиялық жоспарлары Сингапурдың «ақылды ұлтқа» айналып жатқанын көрсетеді, яғни азаматтары елеулі, толыққанды өмір сүреді, цифрлық технологиялары ортақ болашаққа ықпал ету үшін көптеген мүмкіндіктері бар қауымдастықпен күштірек байланыс орнатуға әкеледі.  

Ел халқының жаңа дәуірге аяқ басуы үкіметтің «Ақылды ұлт» (Smart Nation) бастамасында қарастырылған, оның міндеті — халықтың тығыздығына қарамастан, өмір сүруін жеңілдету, қала проблемаларын шешу үшін инновациялық технологиялық жүйелерді енгізу.

Бірінші кезекте бағдарлама мамандары тұрғын үй, денсаулық сақтау және көлік желісі мәселелерін шешумен айналысады, сол үшін олар Сингапурды түрлі инновацияларды тестілеу алаңына айналдырған.

Мысалы, оларға «ақылды» автомобильдер, телемедицина жобалары мен медицина роботтары, электр энергиясы мен судың тұтынуын қадағалап, оларды оңтайландыруға мүмкіндік беретін сенсорлар, қалдықтарды басқарудың вакуумдық жүйесі және күн электр панельдері жатады.

Жекеменшік секторды тарту үшін 2017 жылы Smart Nation қосымшасын жасау мақсатында жеке тұлғалармен, шағын кәсіпорындармен және стартаптармен келісімшарт жасасуға $1,7 млрд бөлінді. Сөз деректерді сараптау саласында технологиялар жасау, сондай-ақ датчиктерді деректерді өңдеу орталығымен байланыстыратын инфрақұрылымды құру туралы болып отыр.

БАҚ саласындағы тәртіпке келсек, Ли Куан Ю оларды ұлттық құрылыстың идеяларын жеткізетін, фактілер мен оқиғаларды шынайы көрсететін, жаңалықтар үшін өзара бәсекеге түсе алатын, бірақ саяси науқандар, яғни үгіт-насихат жүргізе алмайтын құралдар ретінде сипаттады. 

Салауатты халықты қалыптастыру саласында оған ынталандыру «Healthy Dining Board Health Promotion» бағдарламасында көрініс тапты — бұл өз тұтынушыларына әдеттегі тағамдардың салауатты түрлерін ұсынуға әзір азық-түлік және сусындар сатушыларына бөлінетін грант.

 

Сыбайлас жемқорлықпен күрес ортасын құру

Сингапурдың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты — бұл іске асыру үшін түсінікті заңнаманың, қатаң талаптардың, бұлтартпас жазалар мен елеулі марапаттардың түйісуі.

Қазіргі Премьер-Министр сыбайлас жемқорлық мәселесін шенеуніктердің жалақысын арттырумен ғана шешуге болмайтынын атап өтті — мемлекеттік басқару жүйесі ашық, ал шенеуніктердің таңдау еркіндігі — шектелуі болуы тиіс.

Нөлдік төзіміділік кілті ретінде саясаткер қоғамды тәрбиелеуді атап өтті, яғни қандай да бір адам заңсыз ұсыныс жасағанда, ол адресаттың заңсыз жолмен жүрмей, бұл туралы полицияға хабарлайтынын түсінуі керек. Оның айтуынша, осы стратегия Сингапурға үздіксіз артып отырған сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға көмектесті.

Сингапурде сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін шешімдерді қабылдау рәсімдері барынша жеңілдетіліп, көптеген лицензиялар алынып тасталды, яғни заңның айқындығы қағидаты енгізілді. Сонымен қатар мемлекеттік сектор үшін де жалақы біршама ұлғайтылды, министрлер жеке сектордағы ең жоғары жалақы алатын алты топ-менеджердің жалақысының ⅔-сін құрайтындай жалақы ала бастады, ал жоғарғы шенеуніктердің сыйақылары ел дамуының нәтижелеріне байланысты болды (бонустарды есептеудің күрделі формуласы түрлі рейтингтерде ел жағдайының динамикасын ескереді).

Сот корпусын реформалау аясында сала қызметкерлерінің жалақылары күрт көбейіп қана қоймай, ең үздік жеке адвокаттар тартылып, олар кейіннен судья болды.

 

Ли Сянь Лун: саяси портреті

Сингапурдың негізін салушының үлкен ұлы. 1952 жылғы ақпан айында дүниеге келген. Сингапурдегі католик мектебін, Кембридждегі Тринити-колледждің математика факультетін (бітіргенде одан кейінгі студенттен 50%-ға артық жоғары бағалар алған, факультет тарихында мұндай айырмашылық болмаған) және Гарвардтағы мемлекеттік басқару факультетін үздік бітірген. Төрт тілді біледі, әкесінің өтінішімен орыс тілін және мәдениетін оқыған — Ли Куан Ю Ресеймен және оның қиыр шығыстағы аумақтарымен ынтымақтастықты дамытуды маңызды бағыт деп санаған.

Саясаткер өмір бойы жоғарғы лауазымдарға әкесінің ықпалынан емес, барлық салаларда жоғарғы нәтижеге жеткенін дәлелдеп келгені туралы жазады.

 

Мансап: әскери, мемлекеттік, саяси

Ли Сянь Лун Форт-Ливенуорттың (АҚШ) командалық-штабтық колледжінде әскери дайындықтан өтіп, әскери мансабын 1984 жылы Сингапур әскері тарихындағы ең жас әскери бригада генералы ретінде аяқтады.

1984 жылы «Халықтық іс-қимыл партиясы» депутаты болды, одан кейін партияның жастар қанатын басқарып, оның бас хатшысы қызметін атқарды.

«Халықтық іс-қимыл партиясы» Сингапур тәуелсіздік алған сәттен бастап биліктің қарамағында. 2015 жылдың қыркүйек айында елде кезекті парламенттік сайлау өткізілді, онда «Халықтық іс-қимыл партиясы» дәстүрлі түрде жеңіске жетіп, парламенттегі 89 орынның 83 орнына ие болды.

Мемлекеттік қызметте сауда және өнеркәсіп министрі, екінші қорғаныс министрі, 1998 жылы аймақтық қаржылық дағдарыс кезінде сауда мен өндіріс және қорғаныс министрліктерінің жұмысына жетекшілік еткен вице-премьер қызметін, сонымен қатар, елдің экономикалық дағдарысы кезінде қаржылық нарықты ырықтандыру бағдарламасын жасай алған қаржы министрі де болған.

 

Қазіргі Сингапур: кейбір нәтижелер мен жоспарлар

World Competitiveness Ranking

2018 жылдың қазан айында Сингапур Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Германияны басып озып 140 мемлекеттің ішінде АҚШ-тан кейінгі екінші орынды иеленді. Сингапур дәстүрлі түрде инфрақұрылым, денсаулық сақтау және тұтыну нарығы субиндексте ең үздік көрсеткіштер көрсетті.

Қазақстан осы рейтингте бизнестің қарқыны бойынша 37-орынды иеленген субиндексімен 59-орында тұр.

 

Doing Business және кәсіпкерлік

Бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингісінде Сингапур Данияны басып озып, 190 елдің ішінен Жаңа Зеландиядан кейінгі екінші орынға шықты.

Үздік субиндекс — келісімшартты қамтамасыз ету бойынша 1-орында болса, ең нашары — халықаралық саудада 45-орында.

Қазақстан бұл рейтингте 36-дан 28-орынға көтерілді. Үздік субиндекс — миноритарлық инвесторларды қорғауда 1 орын, нашары — Сингапур сияқты, яғни халықаралық саудада 100-орында.

Қазіргі кезеңде Сингапур реттеу жағынан кәсіпкерлікте көш бастаған ел ретінде кәсіпкерлердің өзінен ашықтық күтіп, терең халықаралық интеграцияны күтетіні туралы үндеу тастап отыр.

Премьер-Министр қараша айындағы ASEAN Business and Investment Summit шарасында бизнестің шетелдік бәсекелестікке ішкі нарықтың ашылуын жиі қолдамайтынын айтты. Бұл ретте АСЕАН мүшелері дәл сол экономикалық байланыстарды тереңдетудің арқасында көбірек дамыған.

Түрлі келісімдер мен шығын, жүкті рәсімдеуді тездетуге мүмкіндік беретін бір терезе қағидасымен жұмыс істейтін трейдерлерге арналған ASEAN Single Window, сонымен қатар, трансшекаралық электронды сауданы жеңілдету келісімі — АСЕАН-ғы терең байланыстардың артықшылықтарының айқын мысалы.

Аймақтық блок тарифтерді төмендетсе де, тарифтік емес шаралар мен кедергілер артты. Мысалы, агроөнеркәсіптік кешенде бұл — өнімді таңбалау, халал өнімді сертификаттау, өнімдерді нарыққа дейін тіркеу (pre-market product registration) және импорт пен экспортты сертификаттау.

Сингапур билігі реттеуші шаралардың азаюы шетелдік бәсекелестер үшін ғана емес, кейбір АСЕАН елдеріндегі біржақты реформалар жергілікті бизнес үшін жақсы деген ойда.

Мысалы, сауда рәсімдерінің жеңілдеуі мен кедендік қызмет жұмысының жетілуі аймақтағы шағын және орта кәсіпорындарға электронды коммерциядан пайда тауып, экспортқа шығуына көмектеседі.

Сингапур, Австралия мен Жапониямен бірге, ДСҰ-ға ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз ететін электронды коммерцияның жаңа ережелерін ұсынып жүр.

 

Экономикалық өсім: артықшылықтар мен тәуекелдер

Сингапурдың сауда және өнеркәсіп министрлігінің айтуынша,
Сингапур экономикасы осы жылдың алғашқы үш тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға өскен, бұл 2013 жылдан бергі ең үздік тоғыз айлық көрсеткіш. Бұл Сингапурдың қаржы реттеушісінің (Monetary Authority of Singapore) неліктен ел экономикасының анағұрлым эволюцияланды дегенін түсіндіреді.
Биыл 12 қазанда Сингапур билігі жыл бойы екінші рет сингапурлық доллар бағасын өсіру туралы хабарлап ақшалай-несиелік саясатын күшейтті.

Сингапурдың Орталық банкі ақшалық-несиелік саясатты басқаруда негізгі мөлшерлемені өсірмей, оның орнына валюта бағамын өзгертіп отырады.

Алайда, егер үш тоқсанның қорытындысы туралы айтатын болсақ, онда экономика жылдық көрсеткіште 2,6%-ға өскен, бұл екінші тоқсан көрсеткіші 4,1%-ға қарағанда баяуырақ.

Өңдеу өнеркәсібі 10,6%-дан баяулап, 4,5%-ды көрсетті. Құрылыс секторы өткен тоқсанда минус 4,2% түсімді баяулатып, 3,1%-ға төмендеген.

ЖІӨ-нің бесінші бөлігін өндіріс базасы қамтамасыз етеді, бұл — туризм және қызмет көрсету саласына жақсы таныс қала үшін маңызды үлес.

Осы себептен АТ және биомедицина сияқты салаларда алдыңғы қатарлы өндіріс үшін тартымды орын ретінде Сингапур өндіріс өсімін қолдау үшін күресуде.

Сингапур бизнес жүргізудің ыңғайлылығы, өмір сүру үшін қолайлы орын мен ынталандыруы — салықтық жеңілдіктен бастап Экономикалық даму жөніндегі кеңестің (Economic Development Board) инвесторларды қолдауынан өте тартымды ел болып саналады.

2017 жылы шетелдік компанияларды тарту туралы кезекті өтінімінде Сингапур ҒЗТКЖ нәтижесінде зияткерлік меншіктен түскен табыстың корпоративтік салығын 5%-ға дейін төмендетуді ұсынды.

Нәтижесінде, Сингапур бүгінде Philips, GlaxoSmithKline, ABB және Siemens компаниялары секілді ірі компаниялар үшін алдыңғы қатарлы өндіріс пен зерттеу және өңдеудің өңірлік базасы болып отыр.

 

Сингапурдың зерттеу ортасы: симбиоз және іс-қимыл

Жаңа талаптар мен көшбасшы мәртебесін сақтап қалу үшін билік адам капиталы, зерттеу және инновацияны дамыту саясатын жалғастырып келеді.

Қаржы министрі Хэн Свэй Кет әлемнің азиялық бөлігінде технологиялық өзгерістердің маңызы өте жоғары болатынын және Сингапур дамып келе жатқан орта тап пен демографиялық өзгерістерді, «таланттарға» дұрыс көңіл бөліп, алдағы жоспарларды, стратегиялық технологиялар мен қызметтерді инвестициялауды жақсы түсіну керектігін айтты.

Министр Сингапурдың инвестиция үшін ұзақ мерзімді перспективаға ие болып, 5-10 жылда болатын өзгерістерге дайын болуы керектігіне сенімді. Үкімет кеңестер мен ұзақ мерзімді жоспарлар негізінде дайындалған стратегиядан тыс алысқа қарауы керек.

 

Research, Innovation and Enterprise 2020 Plan

Сингапур 2016 жылы кезекті бесжылдық Research, Innovation and Enterprise 2020 Plan (Зерттеулер, Инновациялар және Кәсіпкерлік – 2020, RIE2020) үшін $19 млрд қаржы бөлді. Бұл жоспар ғылыми, өнертапқыш, кәсіпкерлік орта қаржыландыру, бірлескен жобалар, ынталандыру, кадрлар, дағдылары т.б. арқылы көптеген ортақ байланыстары бар орта ретінде жасалған.

Жаңа жоспар — бұл алдыңғы жоспардың ілгерілеуінің негізінде жасалған төрт негізгі стратегиялық бағыт.

  • Зерттеу күшін бұрынғыдан тығызырақ кіріктіру, өзара белсендірек пәнаралық ынтымақтастық.

  • Үздік командалар мен идеялар жағына қарай көбірек ілгерілеу (динамика), көбірек бәсекелі қаржыландыру, оны бөлуде зор икемділік таныту.

  • Құнын жасауға барынша көңіл бөлу (жаңашылдықтарды коммерцияландыру және беймідеу), транзиттерді зерттеуден оларды қолдануға қарай күшейту, компанияларға жаңа технологияларды игеру қабілетін арттыруда көмек көрсету.

  • Жоғары абыройға ие халықаралық зерттеулермен толықтырылған мықты сингапурлық негіз арқылы үздік жұмыс күшін құру.

Сонымен қатар бұл — қаржыландыру басымдықты болып табылатын және Сингапурдың бәсекелі артықшылықтары және/немесе маңызды ұлттық қажеттіліктері бар төрт стратегиялық технологиялық сала.

  • Ілгерілеген өндіріс және инженерия (Advanced Manufacturing and Engineering).

Сингапурлық өндірістер мен инженерияның өсімі мен бәсекеге қабілеттілігін қолдайтын технологиялық мүмкіндіктерді дамыту.

  • Денсаулық және биомедициналық ғылымдар (Health and Biomedical Sciences).

Халықтың денсаулығына қатыстының бәрінде көшбасшы орталық құру және керемет зерттеулер мен оларды бейімдеу арқылы экономикалық игіліктер жасау.

  • Қала жобалары мен тұрақтылық (Urban Solutions and Sustainability).

Сингапур мен бүкіл әлем үшін интеграцияланған шешімдер арқылы өмірге ыңғайлы әрі тұрақты қаланы дамыту.

  • Қызметтер және цифрлық экономика (Services and Digital Economy)

Ұлттық басымдықтарға сай келу, өнімділікті арттыру, басты сервистерді қолдау, тұрақты экономикалық бағыттар мен жұмыс орындарын құру үшін цифрлық инновациялық мүмкіндіктерді дамыту.

Бұл салалардағы қызметке тамаша ғылымды, мықты кадрлар мен коммерцияландыруды кепілдендіру үшін үш өтпелі бағдарлама арқылы қолдау жасалады.

  • Академиялық зерттеулер

Зерттеулерге серпін беретін, жаңа идеялар тудыратын, сөйтіп келесі өсу кезеңіне әкелетін ойлар ағымы мен мүмкіндіктер базасын құру.

  • Жұмыс күші.

Мықты зерттеу және инновациялық қауымдастық құру.

  • Инновациялар және кәсіпкерлік (I&E)

Коммерциализация мен экономикалық бәсекеге қабілеттілікті ынталандыратын инновациялық кәсіпкерлік көзін қалыптастыру.

Нәтижесінде RIE2020 ертеңгі күнге инновациялық шешімдер ұсыну үшін цифрлық технологиялардың барлық салаларын қамтиды.

 

Ғылым және зерттеулер: өзара байланыстары, бейімделуі

QS World University Rankings-2019 рейтингінде Сингапурдың Ұлттық университеті 11-орынды иеленді, ал Сингапурдың Наньян технологиялық университеті 12-орныға ие болды, бұл 2016 жылғы рейтингтегі 22 және 39 орындармен салыстырғандағы көрсеткіш, елде дайындалған «жергілікті» PhD саны 2011 жылғы 7522-ден 2015 жылы 7850-ге дейін артты, жалпы жұмыс күшіндегі ғалымдар мен инженерлер саны да үнемі артып келеді.

Жетекші ҒЗИ ретінде Сингапурда университеттердің өсуі озық тәжірибе мен мықты зерттеу инфрақұрылымына ерекше көңіл аударылып отыруымен себептеледі. Ел университеттері ғалымдардың әлемдік деңгейдегі қуатты кафедрасын қалыптастыра алды, сонымен қатар көрнекті сингапурлық ғалымдарды оларға икемді ортада өз жұмыстарын жалғастыруға және сөйтіп, келесі буынның ғалымдарына ұстаздық етуге мүмкіндік берумен отанға кері қайтара алды.

Сингапурлық Research Centres of Excellence (Басымдықты зерттеу орталықтары) ультразаманауи зерттеулердің өз салаларында мықты команда құра алды, енді өз салаларында ең үздік орталықтардың бірі болып отыр.

Сингапур сонымен қатар ҒЗТКЖ-мен халықаралық байланыстар орнатты - бұл Ғылыми-зерттеу кемелдігі мен технологиялық кәсіпкерлік кампусы (Campus for Research Excellence and Technological Enterprise, CREATE) аясындағы жергілікті университеттер және 10 аса ірі шетелдік мекемелер арасындағы 15 зерттеу бағдарламасы. CREATE зертханалары 2015 жылдан бастап жетекші академиялық журналдарда 2350-ден астам жарияланым жариялап, 100-ден аса компаниямен жұмыстар жүргізді. Зерттеу нәтижелері де 8 қосымша компанияның пайда болуы әкелді.

Ғылым, техника және зерттеулер агенттігі (Agency for Science, Technology and Research, A*Star) 20-дан астам ҒЗИ қамтиды, олар түрлі салаларда, яғни, биомедициналық инженерия, биохимия, молекулярлы биология және генетика, химия және физика салаларында іргелі зерттеулерден бастап қолданбалы зерттеулерге дейін жүргізеді.

A*Star жапондық Физикалық-химиялық зерттеулер институты (Rikagaku Kenkyūjyo, RIKEN), Саутгемптон теңіз институты (Southampton Marine and Maritime Institute, SMMI) тәрізді әлемдік жетекші зерттеу орталықтарымен әріптестік қарым-қатынастар орнатқан. 2012-2016 жж. аралығында өнертабыстар көлемі бойынша агенттік Clarivate Analytics нұсқасына сәйкес, Азияда онкологияны зерттеуде ең үздік новаторлардың топ-10-дығына енді.

Зерттеулерін өнеркәсіп сұраныстарына сәйкестендірген A*Star өз тәжірибесін Applied Materials, Inc., Dai Nippon Printing Co. и Nikon. тәрізді серіктестерімен бірлескен зертханалар құру үшін жартылай өткізгіш зерттеулер мен жобалар саласында пайдалана алды.

Biopolis бөлімшесі Chugai Pharmaceutical Co. және Novartis International AG қоса алғанда, әлемнің 30 жетекші фармацевтика компаниясымен жұмыс істей отырып, фармацевтика өнеркәсібінің өсімін қолдайды. 

Тамақ өнімдері мен тұтынушылық тауарлар саласындағы A*Star кластері Nestle, Danone и P&G тәрізді компаниялармен ынтымақтаса отырып, ҒЗТКЖ саласында мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу