10 Наурыз 2026, 17:15
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысы саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Бірінші кезекте Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға назар аударылды. Мемлекеттік органдардың негізгі міндеті – азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін нақты нәтижелерге қол жеткізу екені атап өтілді.
Отырыста саланың ағымдағы жағдайы туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов баяндады. Сондай-ақ Түркістан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әкімдері тыңдалды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі еліміз бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі туралы баяндады.
«Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында Үкіметке жеті жыл ішінде 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салуды тапсырған болатын. Осы мерзім аралығындағы үш жылда тұрғын үй құрылысы жоспарланған көрсеткіштен асыра орындалуда. Мәселен, былтырғы жоспар 19,2 миллион шаршы метр болған болса, жыл қорытындысы бойынша ол рекордтық көлемде жүзеге асты, яғни 20,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы, жоспарлы көрсеткіш 18 өңірде артығымен орындалды. Биылғы тұрғын үй құрылысының болжамды көлемі 18 жарым миллион шаршы метрді құрамақ және қосымша шаралар қолданылған жағдайда бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Ең жоғары көлем Астана, Алматы және Шымкент қалаларында болады деп болжанып отыр», — деді ол.
Оның айтуынша, саланы жандандыру үшін құрылысты қаржыландыру, дайын пәтерлерді сатып алу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және қолжетімді ипотекалық құралдарды кеңейту сияқты мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Осы шаралар аясында өткен жылы 218 миллиард теңгеге 14,5 мың жалдамалы пәтер сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді. Сонымен қатар, 14 мыңнан астам «несиелік тұрғын үйлерді» салу мен сатып алуға 140 миллиард теңге бөлінді. 10,5 мың жер учаскесіне инженерлік желі тартылды. 68 миллиард теңгеге 2% және 5%-дық 5 мыңнан астам жеңілдетілген ипотекалық несие, сондай-ақ, «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары аясында 233 миллиард теңгеге 8,6 мың несие берілді.
Осы жылы да жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын сатып алу арқылы шамамен 11,5 мың кредиттік тұрғын үй салу мен сатып алуға 155 миллиард теңге қаражат жұмсау және 18,2 мың жеңілдетілген ипотекалық несие беру жоспарлануда. Биылдан бастап жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу және инфрақұрылым тартуды қаржыландыру өңірлер мен жергілікті бюджеттерге аударылған жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жүзеге асырылады.
«Сондықтан өңірлердің әкімдіктері осы бағыттарды жеткілікті қаржыландыру үшін мүмкіндіктерді пысықтағаны жөн. Тұрғын үй саясатын біртіндеп жүзеге асыру азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін өте маңызды. Мысалы, өткен жылы мамырда заңнамаға түзетулер енгізіліп, әкімдіктердің тұрғын үйді есепке алу және бөлу функциялары «Отбасы банкке» берілді. Жалпы жыл бойы азаматтарға шамамен 8 мың жалдамалы тұрғын үй және 11 мыңнан астам жеңілдетілген ипотекалық несие берілді. Сонымен қатар, тұрғын үй туралы заңға түзетулер енгізіліп, бұрын «сатып алу құқығы жоқ» жалдамалы тұрғын үйді жеке меншікке аударуға рұқсат берілді. Нәтижесінде өткен жылы 15 мыңнан астам азамат аталған құқықты пайдаланды», — деді министр.
Сонымен қатар, тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау арқылы 11 мыңнан астам азамат көмек алған, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге бөлінді. Биыл да жалдау ақысын сол көлемде субсидиялау жоспарланып отыр.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, құрылыс саласы цифрлық технологияларды енгізу арқылы жобалаудан бастап пайдалануға беру және қайта өңдеуді қамтитын жаңа деңгейге өтуде. Осы жаңашылдықтарды бекіту және саланы әрі қарай дамыту үшін жаңа Құрылыс кодексі қабылданып, биыл 9 қаңтарда қол қойылды. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін салаға қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтіліп, лицензияларды электронды тексеру және инженерлерді кезең-кезеңімен сертификаттау енгізіледі. Сондай-ақ құрылыс нормаларын жетілдіру үшін халықаралық стандарттарға сай келетін Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады. Кодексті жүзеге асыру аясында 138 нормативтік құқықтық актіні өзектендіру жұмыстары жүргізілуде.
Қала құрылысы құжаттарының сапасын күшейту мақсатында барлық құрылыс жобалары, оның ішінде нақты жобалау жоспарлары міндетті сараптамадан өтетін болады. Аталған шара сапасыз жобаларды уақытылы анықтауға, жобалау қателері мен жемқорлықты болдырмауға және құжаттардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Оған қосымша Кодексте нақты жобалау жоспарларын тек екі жылда бір рет түзетуге рұқсат етілді. Бұл құжаттардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, қала құрылысы құжаттарын қабылдау процестерін орталықтандыру мақсатында Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отыр. Ол талаптарға сәйкес келмейтін құжаттарды беру мүмкіндігін шектейді.
«Бүгінде Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық базасы еліміз бойынша барлық 89 қаланың жобаларын және инженерлік желілердің 94%-ын қамтиды. Сондай-ақ оған жалпы аумағы 824 мың гектар болатын жерлердің цифрлық топографиялық деректері енгізілген. Пилоттық жоба аясында аталған цифрлық жүйе арқылы әкімдіктер бастапқы рұқсат құжаттарын беру, эскиз жобаларды келісу және техникалық шарттарды беру сияқты 146 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Алайда, рұқсат беру процесін сапалы автоматтандыру үшін әкімдіктерге қалалық жоспарлау құжаттарын жаңартуды жеделдету қажет. Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс қарқыны ең төмен өңірлер қатарына Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары кіреді. Жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіздікке арналған жеке тарау енгізіліп, сейсмикалық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған міндетті талаптар белгіленді. Бұл шаралар тәуекелдердің алдын алуды күшейтіп, аумақтардың табиғи апаттарға төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді ол.
Оның айтуынша, Кодекс аясында бақылауды күшейту және сала қатысушыларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, құрылыс объектілеріне барлық кезеңде, жұмыстың бастауынан пайдалануға берілгенге дейін, Мемлекеттік сәулер-құрылыс қадағалау (МСҚҚ) органдарының «жедел әрекет ету» және «жоспарлы тексеру» механизмдері енгізілген. Сонымен қатар, есептер мен мониторингке негізделген қашықтан камералық бақылау жүргізу көзделген. Заңсыз салынған нысандарға қатысты құқық қорғау органдарына міндетті түрде хабарлама жолданатын болады және МСҚҚ мен төтенше жағдай органдарының нысандарды қабылдау кезінде қатысуы қарастырылады.
«Мемлекет басшысы құрылыс сапасын арттыру үшін бірыңғай цифрлық платформа енгізу міндеттемесін жүктеген болатын. Қазіргі уақытта құрылыс саласында үш ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Олар – бірінші Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесіндегі (gov.ggk.kz) жоспарлау, екінші, жобалық құжаттаманы сараптау, бұл қызмет мемлекеттік сараптама үшін «E-PSD» жүйесінде (e-psd.kz), ал жеке сараптама үшін «Сарапшылар палатасы» жүйесінде (peo.saraptama.kz) жүргізіледі орындалады және үшінші, құрылыс кезеңі – e-Qurylys жүйесінде жүзеге асырылады. Алайда осыған дейін аталған жүйелер әрқайсысы дербес жұмыс істеп келді. Сондықтан барлық ақпараттық жүйелерді біріктіретін және құрылыс объектілерінің барлық кезеңін қамтитын Біріккен құрылыс порталы (Qportal.kz) құрылды. Сондай-ақ, құрылыста отандық тауарларды қолданудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Отандық тауар өндірушілер тізілімін құру Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогындағы (СҚҚК) кодттарды беру арқылы жасалады. Жүйе осы жылдың 1 қаңтарынан бастап пилоттық режимде іске қосылды», — деді министр.
Аталған порталда BIM-технологияларын енгізу жұмыстары басталды және қазірдің өзінде 40-тан астам мемлекеттік қызметтер автоматтандырылған. Жүйе объектілердің электрондық 3D-модельдерімен IFC нейтралды форматында жобаларды визуалды талдауға мүмкіндік береді. Бұл барлық ақпаратты бір цифрлық ортаға біріктіріп, жобалық шешімдердің сапасын мемлекеттік деңгейде автоматтандырған түрде бақылауын қамтамасыз етеді. Осы жылдың І тоқсанында пилоттық режимде құжаттың толықтығын тексеру үшін жасанды интеллектіні қолдану жоспарланып отыр. Кейін оны сметалық есептеулер мен жобалық нормаларды тексеруде қолдану жоспарлануда.
Бекітілген Құрылыс кодексі жаңа тәсілдерді енгізу, процестерді цифрландыру, бақылауды күшейту және нормативтік базаны жаңарту арқылы тұрғын үй құрылысын тұрақты, қауіпсіз әрі ашық дамытуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік осы нормаларды жүзеге асыруға кірісті.
#Цифрландыру #Құрылыс #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу