2020 жылдың қаңтар-шілдесінде мұнай экспорты 42 млн тоннаны құрады — Энергетика министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Еліміздің энергетикалық кешеніндегі жағдай туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндады.

2020 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 51,5 млн тоннаны құрап, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4%-ға төмен болды.

«Өндіру көлемі жоспарының орындалмау себебі төмендегідей: коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында көптеген елдерде карантин режимінің енгізілуі, сәйкесінше, экономикалық белсенділіктің төмендеуі салдарынан мұнай және мұнай өнімдерінің әлемдік сұранысынан ұсыныстың тез артуына ықпал етті», — деді Н. Ноғаев.

Баланстың бұзылуына мұнай мен мұнай өнімдерінің әлемдік жинақтарының қарқынды өсуі елеулі әсер етті. Осындай қажеттілікті қамтамасыз етуге мұнай қоймалары көлемінің жетіспеушілігінен өндірісті тоқтату қаупі туындады. Мұнай қоймаларының толып кетуін болдырмау мақсатында өндіруді қысқарту жөнінде шаралар қабылданды.

Мұнай экспорты 42 млн тоннаны құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 100,4%-ды құрады.

Есепті кезеңде газ өндіру көлемі 33,4 млрд текше метрді құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне 1% өсуі байқалады.

Табиғи газды ішкі тұтыну көлемі 9,5 млрд текше метрді құрап, сәйкес кезеңмен өткен жылдың 102% көрсетіп отыр.

Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 1,8 млн тоннаны құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 100,5% құрайды. Соның 938 мың тоннасы ішкі нарықта пайдаланылды.

«Энергетика және Ұлттық экономика министрліктерінің сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды бекіту туралы бірлескен бұйрығы қабылданды. Осы бұйрықты іске асыру автокөлікке жанармай ретінде қолданылатын сұйытылған газдың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Қабылдаған жүйелі шаралар нәтижесінде автогаз құю станциясында сұйытылған газдың бөлшек сауда бағасының төмендеуі қамтамасыз етілді», — деді министр.

Атап айтқанда, өңірлерде сұйытылған мұнай газының орташа бағасы 2%-дан 32%-ға дейін, ал Қазақстан бойынша 12%-ға төмендеді.

Мұнай өнімдерін өндіру 2020 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша 6,4 млн тоннаны кұрады.

Бүгінгі күнде мұнай өнімдерін өндіру есепті жылдың жоспарымен салыстырғанда өсім көрсетуде, яғни, автобензин өндіру 2,5 млн тоннаға, дизель отыны 2,5 млн тоннаға, әуе отыны 253 мың тоннаға, мазут 1,1 млн тоннаға, битум өндірісі 539 мың тоннаға жоспарға сәйкес өндірілді.

Мұнай өнімдері көлемінің өсуінің себебі мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде мұнайға терең өңдеу қамтамасыз етілуіне байланысты. Бүгінгі таңда ішкі нарық өзімізде өндірілген мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етілген.

Отын энергетика саласында төмендегідей қолдау шаралары қабылданды:

  • мұнай өнімдерін елімізден және Кеден одағы елдерінен тыс мемлекеттерге автокөлікпен әкетуге салынған тыйымның күшін жою;

  • экспортқа сатылатын бензин мен дизель отынына арналған акцизделетін тауарларды өндірушілер үшін акциздерді төлеуден босату;

  • теміржол, автомобиль жолдарымен және құбырмен елімізден бензин, дизель отыны мен авиациялық отын жеткізуге тыйым салу; 

  • мұнай өнімдеріне, оның ішінде бензинге, дизель отынына және мазутқа экспорттық кедендік баж мөлшерлемелерін нөлдеу; 

  • жоспардан тыс тексерулер және барлық шаруашылық жүргізуші субъектілерге барумен профилактикалық бақылау тоқтатылды; 

  • ҚР ЭМ Жер қойнауын пайдаланушыларға және олардың мердігерлеріне тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу ережелеріне түзетулер енгізді, яғни CT-KZ сертификатымен расталған немесе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы берген индустриялық куәлігі бар қазақстандық тауарларды конкурстық рәсімдерді өткізбестен, бір көзден сатып алуға мүмкіндік береді.

Мұнай-газ-химиялық өнімдердің өндірісі көлемі 248 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61%-ға артық. Биылғы жоспар — 400 мың тонна.

Есептік кезеңде 61,5 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 101,7% құрайды. Электр энергиясын өндіру тікелей энергия тұтыну көлеміне қатысты екендігін айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда ірі апаттық жағдайлар тіркелген жоқ.

Уран өндіру көлемі 11 873 мың тоннаны құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-шілде айларының жоспарына 101,5% құрайды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу