2021 жылы өңдеу саласының өндіріс көлемін арттыратын үш жаңа жоба іске қосылады — ҚР ИИДМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов баяндама жасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов атап өткендей, Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық саясаттың арқасында өңдеу өнеркәсібінің берік тұғырын құруға қол жеткізілді, бұл пандемия жағдайында саланың өсу қарқынын сақтауға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібі өсімін 2025 жылға қарай 1,5 есеге жеткізуді тапсырды. Яғни, жыл сайын салада орта есеппен 10,8% өсім болуы тиіс. 2021 жылы өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексінің 5,8% өсімі жоспарланған.

Қара металлургияда биыл нақты көлем индексі – 105% деп белгіленген. Оның ішінде ферроқорытпа өндірісі 10,4%, болат өндірісі 17% және прокат өндірісі 19% артады деп жоспарланып отыр. 

«Биыл біз ферро-қорытпа, құрылыс арматуралары, болат құбырлар, темір және марганец кенін қайта өңдеу өндірісін арттыруға мүмкіндік беретін 6 жобаны іске қосамыз. Жоспарланған өсімге қол жеткізу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнеспен бірлесіп, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін реттеуші тетік әзірленеді. 2025 жылға қарай өндіріс көлемі жылына 4 млн тонна болатқа жеткізіліп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының негізгі техникалық қуатын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Салынатын инвестиция көлемі – 1,3 трлн теңге», — деді Б. Атамқұлов.

Түсті металлургияда 2021 жылға жоспарлы көрсеткіш – 104,5%. Мырыш өндіру көлемі 18,6%, қорғасын 18,8%, мыс концентраты 9%, алюминий 6% ұлғайтылады.

«Bloomberg болжамына қарасақ, қысқа мерзімді перспективада түсті металдардың барлық түрі бойынша баға көтерілуі тиіс. Осыған байланысты номиналды мәнде түсті металлургия өндірісінің өсімі 13% деңгейінде болжанып отыр. Бұл өндірістің жоспарланған көлемін қамтамасыз етеді. Өндірістің қосымша көлемі Жәйрем кен байыту кәсіпорнын, Казминералс Ақтоғай 2 және Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорнын, сондай-ақ алтын шығару фабрикаларын іске қосады», — деді ведомство басшысы. 

Титан өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі — Өскемен титан-магний комбинатын шикізатпен толық жүктеу үшін ЕЭК шеңберінде титан шикізатына салынатын кедендік баждарды алып тастау бойынша жұмыстар жүргізіледі.

2025 жылға дейінгі мерзімде Алматы облысында Көксай мыс кен орнын игеру жобасы іске асырылады. Қуаты жылына 25 млн тонна болады және қуаты 250 мың тонна бастапқы алюминий болатын Павлодар қаласындағы «Қазақстандық электролиз зауытының» екінші кезегі салынады.

Химия өнеркәсібінде нақты көлем индексі саладағы үлесі 57% құрайтын ірі кәсіпорындардың өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен 102% жетуі тиіс. 

«Фосфор тыңайтқыштар өндірісін 16,6%, аммофос 15,4%, аммиак селитрасы 10,7%, хром қосылыстар өндірісін 13,6% арттыруды жоспарлап отырмыз. 2021 жылы үш жаңа жоба іске қосылып, саланың өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және минералды тыңайтқыштар өндірісі қуатын 1,5 млн тоннаға дейін арттыру көзделген», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Машина жасау саласында да өсім болады деп жоспарланған. Нақты көлем индекі 113% құрайды. Негізгі өсім машина жасау саласындағы үлесі 35% құрайтын автомобиль құрастыру секторы есебінен болады. Автокөлік өндірісін 29% арттырып, 100 мың данаға дейін жеткізу, теміржол вагондарын 180%, ауыл шаруашылығы техникаларын 58%, аккумуляторлар өндірісін 10% жеткізу жоспарланған. 

Отандық өндірушіден сатып алынған автомобильдерді лизингтік қаржыландыру бағдарламасы жалғасады. Сондай-ақ бірқатар машина жасау өнімдері ұлттық режимнен шығарылады. 

Биыл фармацевтика саласының өндіріс көлемі 105% деңгейінде жоспарланған.

Негізгі өсім дәрі-дәрмек өндірісінің 10,2% ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіледі. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндірісін және 5 жаңа өндірістік қуатты іске қосу оң әсер етеді.

«Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын одан әрі іске асыру саладағы өндіріс көлемін 2,5 есеге, яғни 92 млрд теңгеден 230 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Дәрі-дәрмек экспорты 3 есе артып, $58 млн-нан $174 млн дейін жетеді», — деді ведомство басшысы.

Жеңіл өнеркәсіп бойынша жоспарланған нақты көле индексі – 105%. Тоқыма өнімдерін өндіру көлемі 6%, оның ішінде мақта-мата иірім жібі 50%, мата 14%, кілем 19%, киім 11%, тері 30,4% ұлғаяды. 

«Биыл иірім-жіп, геотекстиль, киім және аяқ киім шығаратын 5 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеуге кірістік. Онда саланы қолдауға бағыттылған жүйелі шаралар қарастырылады. Құжат осы жылдың сәуір айында Үкіметтің қарауына енгізіледі», — деді Б. Атамқұлов.

Құрылыс материалдары өндірісінде нақты көлем индексі 106% деңгейінде жоспарланған. Биыл саладағы өсім темір-бетон бұйымдары өндірісінің 16%, кірпіштер 15%, цемент 11%, құрылыс ерітінділері 13%, жылу оқшаулағыш материалдар 12,5%, гипсокартон 11% артуы есебінен қамтамасыз етіледі.

Мемлекет басшысы биылғы қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғын үй құрылысында жергілікті қамту үлесін арттыруды тапсырды. 2025 жылға дейін елімізде 103 млн шаршы метр баспана салынады. Бұл бизнес үшін құрылыс материалдарының отандық нарығын дамытуға қосымша мүмкіндік береді. 

«Саладағы қажеттілікті анықтау мақсатында негізгі 24 позиция бойынша құрылыс материалдары нарығына талдау жүргіздік. 11 позиция бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар шамамен 50% қамтамасыз етеді. Ал линолеум, тұсқағаз, санфаянс сияқты 3 позиция бойынша қазіргі уақытта ішкі нарықта өндіріс жоқ. Ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен толық қамту мақсатында біз қазір шет елдердің трансұлттық компаниялармен Қазақстан аумағында импорт алмастыратын өндіріс ашу мәселесін пысықтап жатырмыз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және “Самұрық-Қазына” қорымен бірлесіп, Құрылыс индустриясын дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірледік. Онда саланы қолдаудың барлық тетіктері қарастырылған», — деді Б. Атамқұлов. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, азық-түлік өнімдерін өндіруде биыл нақты көлем индексі 105% деңгейінде жоспарланған.

Индустрияландыру картасын іске асыру шеңберінде жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 110 жоба іске асырылып жатыр. Оларда 12 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

«Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібі көлемін 2025 жылға қарай 1,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орындаймыз. Қазіргі уақытта біз өңірлер мен салалар бойынша 2025 жылға дейінгі өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бойынша жоспарлы көрсеткіштерді айқындадық», — деп түйіндеді Б. Атамқұлов.

Өз кезегінде энергетика министрі Н. Ноғаев еліміздің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отын-энергетикалық кешен саясаты мұнай-газ химиясын дамыту бөлігінде өңдеуді тереңдетуге және ішкі нарықта бәсекелестікті дамытуға негізделетін болады деп атап өтті.

Биыл 17 млн тонна көлемінде мұнай өңдеп, 12,4 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланған. Сондай-ақ отандық мұнай өңдеуді қолдау мақсатында биыл ашық түсті мұнай өнімдеріне (бензин, дизель және әуе отыны) экспорттық кедендік баж мөлшерлемесі 3 есе төмендетілді. Қазіргі уақытта бензин мен дизель отынын экспорттау кезінде акциз төлеуден босатуға қатысты шаралар қабылдануда.

Президент Жолдауының шеңберінде мұнай өнімдерінің саласында да биржалық сауданы ретке келтіру және жетілдіру бойынша тапсырма берілген болатын.

Биылғы наурыз айының соңына дейін бензин мен битумды тауар биржалары арқылы өткізу жоспарланған. Бұл ретте өткізу көлемі «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының шеңберінде Министрлік бекітетін ай сайынғы жеткізу жоспарларына сәйкес анықталатын болады. 

2021 жылғы 3-тоқсанда дизель отыны мен керосинді тауар биржалары арқылы өткізе бастау жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары өнім шығаруға, яғни жоғары бөліністегі мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытуға қайта бағдарлау жөніндегі жұмыс жүргізілуде.

Ел Президенті 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында батыс өңірлерді мұнай-химия кешендерінің құрылысына инвестициялар тарту орталықтары ретінде қалыптастыру, сондай-ақ мұнай-химия мен жоғары бөліністі газ өңдеуді дамыту міндетін қойды.

Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуына және хош иісті көмірсутектер, майлар мен полипропилен өндіретін зауыттардың өнім шығару көлемінің артуына байланысты жыл сайын мұнай-газ химиясы өнімдері өндірісінің ұлғаюы байқалады.

«Соңғы 4 жылда шығарылған өнім көлемі 4 есе өсіп, 360 мың тоннаны құрады. Бүгінде елімізде жалпы қуаты шамамен 870 мың тоннаны құрайтын майлау материалдарын, полипропилен, метил-трет-бутил эфирін, бензол мен параксилол өндіретін 5 зауыт жұмыс істейді», — деді Н. Ноғаев.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы шеңберінде Атырау, Орал және Шымкент қалаларында мұнай мен газды терең өңдейтін 5 зауытты іске қосу арқылы экспортқа бағытталған мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісін 2019 жылмен салыстырғанда 9 есеге ұлғайту көзделген. 

Бүгінгі таңда 3 зауыт салынуда. Атап айтсақ:

  • қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт (Атырау облысы);
  • қуаты 57 млн м3 азот және 34 млн м3 құрғақ сығылған ауа өндіретін зауыт (Атырау облысы);
  • Шымкент мұнай-химия зауытының шикізаты негізінде қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен және 57 мың тонна бензинге арналған октан арттырғыш қоспа шығаратын зауыт (Шымкент қ.).

Бұдан басқа, 2025 жылға қарай 2 әлеуетті жобаны іске асыру жоспарлануда, яғни: 

  • қуаты жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіру зауыты;
  • қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауыты.

«Бүгінгі таңда елімізде мұнай-газ-химиясын дамытуды мемлекеттік қолдау бойынша маңызды шаралар қабылданды. Атап айтқанда, Атырау облысында арнайы экономикалық аймақ – «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» құрылды, онда салық және кедендік жеңілдіктер қолданылады», — деді энергетика министрі. 

Арнайы экономикалық аймақ іске қосылғаннан бастап 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша:

  • тартылған жеке инвестициялар көлемі – 598,3 млрд теңге;
  • шығарылған өнім көлемі – 20,3 млрд теңге.
  • 793 адамға тұрақты жұмыс орны, 3002 адамға уақытша жұмыс орны құрылды.

Бұған қоса, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімі жеңілдетілді. Жобалау және салу кезінде халықаралық стандарттарды тікелей қолдану мәселесі шешілді.

«Күрделі шығындарды 20%-ға дейін және операциялық шығындарды 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік беретіндіктен, жобаларды дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету инвесторлардың міндетті шарты болып табылатынын ескере отырып, мемлекет осы Арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымының құрылысын қаржыландырады. Бұл ретте қолжетімді көмірсутек шикізатының болуы Қазақстанның басты бәсекелестік артықшылығы болып табылады», — деді энергетика министрі.

Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру үшін газды шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушыларға сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығын беру және тауарлық газға баға белгілеу тетігін анықтау бөлігінде «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер қабылданды. Бұл тетік мұнай-газ химиясы жобаларын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы қантар айында өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында іске асырылып жатқан мұнай-газ химиясы өндірістерін жеделдету жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау міндетін қойды.

Осы мәселені шешудің мынадай жолдары ұсынылады:

1. Мұнай-газ химиясын дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жобаны әзірлеу, бұл проблемалық мәселелерді шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға, атап айтқанда:

- Мұнай-газ химиясы жобаларын шикізатпен қамтамасыз етуге;

- Мұнай-газ химиясы кластерін құруға;

- қайта өңдеуді одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

2. Үкімет пен Инвестор арасында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бір құжатта біріктіруге мүмкіндік беретін инвестициялық келісім әзірлеу.

Аталған келісім мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді: 

Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай 5,5 есеге артып, 2 млн тоннадан астам өнімді құрайды.

Мәлімделген жобаларды іске асыру үшін тартылған қаражаттың жалпы көлемі шамамен $3,9 млрд құрайтын болады. Құрылыс кезеңінде 6 мыңнан астам жұмыс орны, пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың жұмыс орны құрылатын болады, бұл ретте сарапшылардың бағалауы бойынша мұнай-газ химиясы саласында 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында қосымша 3 жұмыс орнын құрайды. 

Қуаты жылына 1 250 мың тонна полиэтилен өндіру жобасы бойынша бүгінгі таңда стратегиялық серіктесті іздестіру жұмысы жүргізілуде. Ол үшін негізгі өлшемшарттар анықталды (лицензиялық технологияның болуы, өткізу нарықтарына кепілдік беру және қаржыландыруды ұйымдастыру мүмкіндігі), солардың негізінде мұнай-газ химиясы компанияларының топтары қалыптастырылды. 

Қазіргі уақытта Chevron Phillips Chemical компаниясымен келіссөздер басталды, ол өзінің «MarTECH» лицензиялық технологиясын және off-take келісімшартын сүйемелдеуге қатысты көмегін ұсынды. Ынтымақтастық, оның ішінде Жобаға қатысу туралы егжей-тегжейлі мәселелер жақын арада талқыланатын болады.

«Стратегиялық серіктесті тартудың негізгі шарты – Жобаны шикізатпен қамтамасыз ету болып табылатындықтан, бүгінгі таңда «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп, қуаты 9,7 млрд м3 газ айырғыш қондырғыны – құрғақ газдан этан алуға арналған қажетті инфрақұрылымды салу мәселесі пысықталуда», — деді энергетика министрі.

Қазіргі уақытта жапондық Japan Gasoline Co. Holdings Corporation компаниясы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізуде, оны аяқтау осы жылдың соңына жоспарланып отыр. 

Осылайша, мұнай-газ-химиясын дамыту Қазақстан экономикасын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары өнім шығаруға қайта бағдарлау бойынша қозғаушы факторлардың бірі болып табылады.

Президент тапсырмасы бойынша биыл Қашаған кен орнының шикізаты базасында қуаты 1,150 млрд м3 шикі газ, құны $860 млн құрайтын газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Болашақта оны жылына 4-5 млрд м3 дейін одан әрі кеңейту қарастырылуда. 

Н. Ноғаевтың айтуынша, осы жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже – қосымша 800 млн м3 тауарлық газ өндіру және жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ мұнай өндіруді 8-ден 10 млн тоннаға дейін ұлғайту.

Осы зауыт шеңберінде мұнай-газ химиясы үшін бағалы шикізат болып табылатын тауарлық және сұйытылған газдың қосымша көлемі алынатын болады.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда уран өндіру көлемі 1997 жылғы 796 тоннадан 2020 жылғы 19,5 мың тоннаға дейін 24 есеге артты. 2009 жылдан бастап өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша Қазақстан әлемде бірінші орында.

Қазіргі кезде Қазақстан табиғи уранды өндірумен және жеткізумен қатар, сапалы өңделген, қосылған құны жоғары уран өнімін шығаруға және өткізуге де мүдделі. 

Осы мақсатта ядролық-отын циклінің тігінен интеграцияланған кешенін құру көзделеді, ол үшін ядролық-отын циклінің барлық жетіспейтін буындарын құру және оларға Қазақстан Республикасының қатысуы бойынша жұмыс жүргізілуде. 

Бүгінгі таңда «Үлбі металлургия зауыты» АҚ атом энергетикасы, электрондық, аэроғарыш, металлургия өнеркәсібі және басқа да қызмет салаларының қажеттіліктері үшін жоғары технологиялық уран, бериллий, тантал өнімін өндіреді.

Үлбі металлургия зауыты уран диоксидінің ұнтақтарын, отын таблеткаларын шығарады және құрамында аршып алуы қиын уран бар материалдарды өңдейді.

Осы зауыттың уран өндірісінде қолданылатын технология құрамында уран бар көптеген материалдарды өңдеу арқылы 235-уран изотопы бойынша 5%-ға дейін байытылған керамикалық сұрыпты – уран диоксидінің ұнтағын өндіруге мүмкіндік береді. Өндірістің қазіргі қуаты жылына 1328 тоннаны құрайды.

Үлбі металлургия зауыты шығаратын уран диоксидінің ұнтақтары АҚШ, Жапония, Швеция сияқты компанияларда сертификатталған. Уран диоксидінің ұнтағы бүкіл әлем бойынша: АҚШ, Еуропа, Жапония және Ресейге жеткізілуде. 

«Бүгінгі таңда отын таблеткаларын өндіру қуаты жылына 107 тоннаны құрайды. 2020 жылы 60 тонна өткізілді. Биыл өндіріс қуатын жылына 400 тоннаға дейін ұлғайту күтілуде. “Үлбі металлургия зауыты” АҚ реакторларға арналған отын таблеткаларының сертификатталған өндірушісі болып табылады», — деді Н. Ноғаев.

Сондай-ақ, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ құрамында аршып алуы қиын уран бар материалдарды (күл мен жиындылар) өңдеуге мүмкіндік беретін технологиясы бар әлемдегі аздаған кәсіпорындардың бірі екенін атап өткен жөн. Оның қазіргі өңдеу қуаты жылына 180 тоннаны құрайды. 2020 жылы уран диоксидіне дейін 12,8 тонна күл және уранның тотығы-шала тотығына дейін 43,6 тонна қайта өңделді.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов холдинг экономиканың шикізаттық емес салаларын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша Үкіметтің негізгі қаржы операторы екенін хабарлады. Бәйтерек осы уақытқа дейінгі өз қызметі аясында қолдау құралдары арқылы экономиканың өңдеуші секторларына жалпы көлемі 3 трлн теңгеден астам инвестициялардың келуін қамтамасыз етті. Таяу жылдары экономиканың өңдеуші секторларына қолдау көрсету көлемі тек өсе беретін болады.

Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы-3 шеңберінде үшінші бесжылдық жобаларын іске асыруға 2021 жылы инвестициялар мен экспортты қолдауға 130 млрд теңге көзделген. Қазақстанның даму банкін қаржыландырудың жалпы көлемі 2021 жылы 342 млрд теңгені құрайды. Бизнес жол картасы 2025-ті іске асыру жалғастырылады, атап айтқанда, биыл ставканы субсидиялау құралы есебінен 53 млрд теңге көлемінде несие сомасына 850 жобаға қолдау көрсетілетін болады. Өңдеу секторындағы 68 млрд теңге несие сомасына 955 жоба кепілдікпен қамтылатын болады, кепілдік сомасы 27 млрд теңгені құрайды.

«Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы шеңберінде субсидия есебінен 254 млрд теңге сомасына өңдеу өнеркәсібінің 335 жобасы қаржыландырылады, субсидия сомасы 7,6 млрд теңгені құрайды. Қаржыны екінші деңгейлі банктерге орналастыру арқылы қаржыландыруды көздейтін “Өндіріс” бағдарламасы жалғасатын болады. Осы жылғы қаржыландыру көлемі шамамен 123 млрд теңгені құрайды, өңдеу өнеркәсібіндегі 580 жоба несие алады. Қаражат 20 жылға берілді және 2034-35 жылдарға дейін пайдаланылатын болады», — деді А. Әріпханов.

Сонымен қатар лизингтік қаржыландыру өндірістік сектордағы жабдықтарды жаңартуға қолдау көрсетеді. Бүгінгі таңда 2021 жылға арналған республикалық бюджетте автобустар мен жолаушылар вагондарын жаңартуға 36,7 млрд теңге қарастырылған.

Экспорттаушыларды «KazakhExport» АҚ арқылы сақтандырудың көлемі айтарлықтай қарқынмен өсуде. Соңғы үш жылда сақтандыру міндеттемелерінің көлемі 3 есе өсті, ал 2021 жылы сақтандырудың көлемі 200 миллиард теңгеге жететін болады.

Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек облыстың ЖӨӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30%-дан астамды құрайтынын хабарлады.

Осы жылдың 2 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің көлемі 505 млрд теңгені құрады. Өсім қара және түсті металлургияда, фармацевтикада, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде, өзге де металл емес өнімдер өндірісінде, химиялық, жеңіл өнеркәсіпте байқалды.

Биыл өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 103,7% жоспарлануда.

Өнеркәсіпте бұрынғыдай металлургия саласында басым кәсіпорындар – АрселорМиттал Теміртау және Қазақмыс Корпорациясы бар, олардың саладағы үлесі 76%-ды құрайды.

«АМТ-да осы жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша болаттың 9,8%-ға немесе 552,9 мың тоннаға, тегіс илемнің 24,1%-ға немесе 406,3 мың тоннаға өсуі байқалады. 2021 жылы шамамен 3,8 млн тонна болат және 3,6 млн тонна тегіс илем өндіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл компания өндіріске шамамен 140 млрд теңге инвестициялауды жоспарлануда. Қазақмыста осы жылдың қаңтар-ақпан айларында мыс өндірісі 4% өсіммен 65 мың тоннаны құрады. 2021 жылы мыс өндірісі 344,6 мың тонна деңгейінде жоспарлануда. Биыл компания 96 млрд теңге инвестициялауды жоспарлап отыр», — деді Ж. Қасымбек.

Қара металлургияда жүйе құраушы кәсіпорындардың тұрақты жұмысы, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен нақты көлем индексі 103% немесе 704 млрд теңгені құрайтын өндіріс көлемінің 3%-ға өсуін күтіледі. Сондай-ақ келесі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады: 

  • 2022 жылға қарай өндірісті жылына 5 млн тонна болатқа дейін ұлғайта отырып және болат департаментін жаңғыртуға биыл 76,8 млрд теңге бөле отырып, АрселорМиттал Теміртау табақ илем цехының желісін жаңғырту; 
  • жалпы инвестиция сомасы 35 млрд теңгені құрайтын және 400 жаңа жұмыс орнын ашатын «Qaz Carbon» агломерациялық фабрикасы бар Сарыарқа ферроқорытпа зауытын іске қосу ферросилиций көлемін жылына 57 мың тоннаға және 240 мың тонна агломератқа арттыруға мүмкіндік береді;
  • «INDJAZ» (Инджаз) компаниясының темір және марганец кенін қайта өңдеу зауытын іске қосу, инвестиция 4 млрд теңгені құрайды, 50 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, темір концентратының көлемін жыл сайын 125 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді;
  • YDD Corporation ферроқорытпа зауытында төртінші пешті іске қосу. Нәтижесінде кәсіпорынның өндірістік қуаты 33%-ға артып, жылына 240 мың тонна өнімді құрайды, инвестиция сомасы 9 млрд теңгені құрайды, 150 жұмыс орны құрылады.

Түсті металлургияда өнімнің нақты көлемінің индексі 101% немесе 1 трлн теңге деңгейінде жоспарлануда:

- Жәйремде жаңа байыту фабрикасын іске қосу, бұл қосымша 100 мың тонна қорғасын концентратын және 550 мың мырыш концентратын береді;

- Қазақмыс корпорациясының қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеу зауытын іске қосуы. Зауытта 4-ші өнеркәсіптік революция элементтеріне баса назар аудара отырып, цифрлық технологиялар енгізілетін болады, бұл қосымша 2 200 тонна катодты мыс береді.

Машина жасау саласында өнімнің нақты көлемінің индексі 102,5% немесе 150 млрд теңгені құрайды. «Yutong» автобустар мен арнайы техника шығаратын зауытты іске қосуы өсу нүктесі болды. Осы жылдың сәуір айынан бастап зауыт жобалық қуатына шығады. Жыл сайын 1 200 автобус пен 400 бірлік арнайы техника мен арнайы көлік шығару жоспарланып отыр.

Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 101% немесе 52 млрд теңгені құрайды. 

Фармацевтикадағы өндіріс көлемінің өсуі бірегей дәрілік препараттардың дайын дәрілік түрлерін өндіруді кеңейту жөніндегі жобаны іске асыру есебінен 5% немесе 17 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 50%-ға артып, жылына 250 мың дәрілік препаратты құрайды. Жобаның құны 750 млн теңге, 30 жаңа жұмыс орны құрылады.

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс өсімі 1,2% немесе 5,6 млрд теңгені құрайды.

Құрылыс индустриясы саласында өндіріс өсімі 1,5% немесе 67 млрд теңгені құрайды. 

Жалпы, өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған негізгі бағыттары:

  • индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 3 бесжылдығы шеңберінде нысаналы индикаторларға қол жеткізу;
  • инвесторларды тарту, өндірістің жаңа түрлерін және жаңа жұмыс орындарын құру;
  • облыс әкімдігі мен жүйе құраушы кәсіпорындар арасында жергілікті өндірушілерді қолдау бойынша меморандумдарды іске асыру.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов соңғы 5 жылда өңірдің өңдеу өнеркәсібі саласының көрсеткішінде оң динамика байқалағанын айтты.

Өңірдің өңдеу өнеркәсібінің негізін машина жасау, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру, өзге де металл емес минералдық өнімдерді өндіру, дайын металл бұйымдарын өндіру құрайды.

Өнеркәсіптің жалпы құрылымындағы саланың үлесі 2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда 8,3% құрады.

Есепті кезеңде саланың нақты көлемі индексінің өсуі 2020 жылғы қаңтар-ақпанға қарағанда 103,3% құрады. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің 6 кіші саласы бойынша өндіріс көлемінің өсуі байқалады.

Биыл өңірдің өңдеу өнеркәсібі саласында 183 млрд теңге көлемінде өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 103,5% деңгейінде жоспарланды. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін 2021 жылға арналған облыс экономикасының негізгі секторларын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленді. 

«Аталған жоспар аясында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын дамытуға жәрдемдесу және тұрақты мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, өндірістік қуаттылықтарды жүктеу және осы саладағы жобаларды іске асыру бағытында тиісті шаралар қабылдануда», — деді С. Трұмов.

Маңғыстау облысында өңдеу өнеркәсібінде 2025 жылға дейін 1400-ден астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 282,4 млрд теңгеге 19 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде биыл 240-тан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен жалпы сомасы 21,1 млрд теңгеге 7 жобаны іске асыру жоспарланған.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ИИДМБ шеңберінде өңдеу саласын дамыту мақсатында өңдеу өнеркәсібінің индикаторларына қол жеткізу бойынша келесі жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еңбек өнімділігінің өсімі125,4% құрады;
  •  2020 жылдың 11 айында өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 68,7%-ға артты;
  •  өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың НКИ 105,4% құрады.

«Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы ең үлкен үлес машина жасауға (45,1%) , тамақ өнімдері мен сусындар өндірісіне (31,6%), металлургияға (17,2%) тиесілі, жеңіл өнеркәсіп (0,4%) және басқа салалар (5,7%) айтарлықтай үлеске ие емес», — деді А. Мұхамбетов.

Сонымен қатар, автомобиль жасау саласында өндіріс көлемі белсенді түрде артып, жаңа брендтер мен модельдер игерілуде. Оқшауландырудың ең көп үлесі «JAC» автомобильдеріне тиесілі, ол 42%-ға жетті. 2020 жылы осы автомобильдердің 4 176 бірлігі өндірілді.

Өткен жылы «Шевроле» автомобильдерінің өндірісі іске қосылды, олардың 15 мыңнан астам бірлігі жиналды. Жалпы 2020 жылы өндірістің жалпы көлемі өткен жылғы деңгейден 1,5 есе асып, 40 050 автомобильді құрады, оның 8 122 бірлігі экспортталды.

Биыл «КИА» және «Рено» брендтерінің автомобильдерін өндіруді бастау жоспарлануда. 2021 жылы барлығы 60 мың бірлік өндіру жоспарланып отыр, оның 17 мыңнан астамы экспортқа жіберіледі.

Автомобиль жасау өндірісімен қатар ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жүзеге асырылады. 2020 жылы 2 074 бірлік өндірілді, оның 455 бірлігі экспортқа сатылды. Бұдан басқа тамақ өнімдері мен сусындар өндірісі бойынша оң динамика байқалады. Осылайша, сусындар (22,4%), ұн (14,4%) және кондитерлік өнімдер (0,7%) өндірісі ұлғайды.

Өңдеу өнеркәсібін дамытуда, оның ішінде Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде іске асырылатын инвестициялық жобалар маңызды рөл атқарады.

Осылайша, үшінші бесжылдықта 3,2 мың жұмыс орнын құра отырып, шамамен 500 млрд теңге сомасына 20 жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде 2020 жылы 400-ден астам жаңа жұмыс орындарын құра отырып, 11,5 млрд теңгеге 5 жоба іске асырылды. Биыл 750 жұмыс орнын құрумен 45,6 млрд теңге сомасына Кәсіпкерлікті қолдау картасының 6 жобасын іске асыру жоспарлануда.

Мәселен, машина жасауды оқшауландыруды дамыту мақсатында «Агромашхолдинг KZ» жақын арада құны 12,6 млрд теңге болатын және 450 жұмыс орнын ашатын бизнес-инкубатор базасында оқшауландыру орталығын іске қосады.

Өңдеу өнеркәсібін дамытуда мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқарады. 2020 жылы облыс экспорттаушыларына «Qazindustry» АҚ желісі бойынша 24 кәсіпорынға 922,9 млн теңге сомасына мемлекеттік қолдау көрсетілді, «KazakhExport» АҚ желісі бойынша 6 кәсіпорынға 16,8 млрд теңге сомасына экспорттық кредиттер сақтандырылды.

Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев өңдеу өнеркәсібінде 614 кәсіпорын өз қызметін жүзеге асыратынын айтты. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде саланың үлесі 81,7% құрайды. 2015-2020 жылдар аралығында өңірдің жалпы есептік көрсеткішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 15%-дан 22,5%-ға дейін артты.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 853,1 млрд теңге құрады. Биылғы 2 айда аталған көрсеткіш 132,1 млрд теңгені құрады. 2020 жылы өңдеу өнеркәсібінің саласында 45,3 млрд теңге инвестициялаудың жалпы көлемінде 23 инвестициялық жоба іске асырылды, 1,3 мың жұмыс орны ашылды. Өңірдің өңдеу өнеркәсібін арттыру бойынша 2021 жылға арналған жоспары 104,5% құрайды», — деді Е. Маржықпаев.

Машина жасау саласында егін жинау комбайндары, жүк тасушы және мамандандырылған автомобильдер, подшипниктер өндірісінің көлемін арттыру қамтамасыз етіледі. Тамақ өнеркәсібі саласында құс еті, ұн, өсімдік майы өндірісі көлемін арттыру күтіліп отыр.

Құрылыс материалдары өндірісі саласында цемент, керамикалық кірпіш, темірбетон бұйымдары өндірісі көлемін арттыру күтіліп отыр.

Жалпы, 2021 жылы өңдеу өнеркәсібінде 149,6 млрд теңгеге инвестициялаудың жалпы сомасына 22 жобаны іске қосу жоспарлануда, ол шамамен 1,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу