А. Мамин: Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпір болуға ұмтылады — біз жолдар салып, көлік дәліздерін ашамыз

Қазақстан экономикасына инвестиция салу мәселелеріне арналған «Kazakhstan Global Investment Roundtable» алғашқы халықаралық дөңгелек үстелінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің қатысуымен «Қазақстан инфрақұрылымына жекеменшік инвестициялар: өсуге ынталандыру» тақырыбында панелдік сессия өтті.

Модератор, «Капитал Ренессансы» акцияларымен жұмыс стратегиясының басқарма жетекшісі Дэниель Солтер атап өткендей, Еуропа мен Азия арасында салынып жатқан құрлықтық көпірдің ортасында орналасқанының арқасында, сондай-ақ, аймақтық интеграциялық үдерістерге қатысу арқылы Қазақстан өзінің экономикалық әлеуетін дамытады.

Елдің әлемдік экономикалық жүйедегі артып жатқан рөлі оның өнеркәсіптік және көлік инфрақұрылымын инвестициялық тартымды етеді.

«Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін жаңа бағыттарды ашуда және олардың тәжірибелері мен мүмкіндіктеріне сүйенеді», — деді Дэниэль Солтер.

Асқар Мамин өз сөзінде елімізде инвестицияларды тарту мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Ел тәуелсіздігінің жылдарында экономикаға 300 млрд-тан астам доллар жекеменшік инвестиция тартылған.

«Қазақстан құрлықтар арасында көпір болуға ұмтылады. Осы мақсатта әуежайлардың және Ақтау теңіз айлағының инфрақұрылымы жаңартылуда. Жолдарды саламыз және көлік дәліздерін ашамыз. 2020 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы жыл сайын 2 млн контейнер тасымалданатын болады», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Асқар Мамин сонымен бірге мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидасы бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру туралы әңгімеледі. МЖӘ-нің ең жарқын мысалдарының бірі — «Қорғас» құрғақ портының құрылысы, шетелдік жекеменшік инвесторлармен бірлескен жол құрылысы жобалары.

«Инфрақұрылымдық жобалар басымдыққа ие», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. — Біз халықаралық үздік тәжірибені кеңінен пайдалануымыз керек».

Талқылауды қорытындылай келе, А. Мамин панелдік сессияның қатысушыларын Қазақстан экономикасына инвестиция салуға шақырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу