Ә. Смайылов «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жаңа басшысын таныстырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ұжымына Директорлар кеңесінің шешімімен сайланған басқарманың жаңа төрағасы Қанат Шарлапаевты таныстырды.

Үкімет басшысы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Айдар Әріпхановқа Холдинг басшысы ретінде атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.

Премьер-Министр Холдингтің жаңа басшысы Қанат Шарлапаевты таныстыра отырып, оның әлемдегі ірі инвестициялық банктердің бірі – «Сити» құрылымдарындағы үлкен басқарушылық жұмыс тәжірибесін атап өтті.

«Бәйтеректің» алдына маңызды міндеттер қойылды. Бірінші кезекте, бұл – қаржыландырудың қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру, экономиканың шикізаттық емес секторларын, АӨК және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Мемлекет басшысы аталған бағыттарға баса көңіл бөледі және Холдинг жұмысынан тиімді нәтиже күтеді», — деді Ә. Смайылов.

Қанат Шарлапаев 1981 жылы Саратов облысында дүниеге келген.

Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін (РФ), Cranfield School of Management (Ұлыбритания) бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы банк секторында бастады. 

2006-2008 жылдары «Сити» инвестбанкінің (Ұлыбритания, Чехия) өңірлік кеңсесінің қаржы департаментінде, жобаларды басқару департаментінде, операциялық-технологиялық департаментінде, сату басқармасында жұмыс істеді.

2008-2014 жылдары — «Сити» инвестбанкінде (Лондон, Ұлыбритания) аға талдаушы, вице-президент көмекшісі, акциялар нарығындағы жұмыс жөніндегі өңірлік дивизионның вице-президенті.

2014-2015 жылдары — «Сити» инвестбанкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті (Лондон, Ұлыбритания).

2015-2017 жылдары — «Ситибанк Қазақстанның» бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті.

2017-2020 жылдары — Ресей Ситибанкінде Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті.

2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Сити» инвестбанкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры қызметін атқарды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу