19 Қараша 2024, 12:42
Қазақстанның қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау жөніндегі тапсырмасының іске асырылуы туралы баяндады.
Қазақстанда жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау жүйесін енгізу 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен іске асырылуда. Ыңғайлы болу үшін салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz) «Электрондық үкімет» веб-порталы (egov.kz), «e-Salyq Azamat» (салық әмияны), «eGov mobile» және банк қосымшалары арқылы декларацияларды тапсыру бойынша электрондық сервистер іске асырылды.
Бүгінгі таңда алғашқы үш кезең аясында жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары кірді. Бұл шамамен 8 млн адам.
Жалпыға бірдей декларациялау тұжырымдамасы қабылданғаннан бері 14 жыл өтті. Осы уақыт ішінде мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың деректер базасы цифрландырылды, қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға жетті, қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді, халықаралық келісімдер шеңберінде қаржылық шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды, цифрлық қызметтер кеңінен таратылды.
«Автоматтандырылған салықтық бақылау мүмкіндіктерін ескере отырып және Мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасын іске асыру үшін азаматтардың осы санатын активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды ұсынудан босату ұсынылады. Босату осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді. Бұл ретте декларациялауды келесі санаттағы адамдарға: Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері бар, бір жыл ішінде құны 20 000 АЕК астам сатып алулар жасаған, өз бетінше салық салынатын табыс тапқандар үшін сақтау ұсынылады. Бұдан басқа, азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы беріледі», — деп мәлімдеді министр.
Жеке тұлғалардың қолда бар активтерін тіркеу үшін барлық цифрлық дерекқорлардан, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алу тетігі қамтамасыз етілетін болады. Тиісті заңнамалық түзетулер дайындалды.
#Қаржы #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу