Әлихан Смайылов: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына беріледі

2022 жылғы 31 наурызда Нұр-Сұлтанда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті.

Комиссия отырысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына беру және негізсіз жекешелендірілген объектілерді мемлекет меншігіне беру тетіктері мәселелері қаралды.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев жерді ұтымды әрі тиімді пайдалану жөнінде баяндама жасады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартқан заңға қол қойды. Космомониторинг арқылы мемлекеттік бақылаудың жаңа тетіктері енгізілді. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөлшерлемесі екі есе өсті.

Министрдің айтуынша, барлық өңірлерде дерлік жайылым жерлер өте өзекті мәселе болып отыр, алайда 2019-2021 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 8,1 млн га пайдаланылмайтын немесе мақсатты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталды.

Тиісті шаралардан кейін осы көлемнен 3,4 млн га жер телімін бұрынғы меншік иелері игере бастады. 2,1 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінде 2,6 млн га жергілікті атқарушы органдардың қарауында.

Сонымен қатар 2021 жылы ауыл халқына мал жаю үшін жайылым жердің қажеттілігі 21 млн га-дан 14 млн га-ға дейін, оның ішінде ұйымдастырылған шаруашылықтармен меморандумдар жасасу және елді мекендердің шекарасын кеңейту есебінен қысқартылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы әрі уақытылы орындау қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне жұмысты жандандыруды тапсырамын. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер нақты жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Комиссия отырысында қаржы вице-министрі Д. Жаналинов және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы С. Жұманғарин экономиканы монополиясыздандыру мәселесі туралы баяндады.

ҚР Премьер-Министрі Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кейін кезекті отырыстарда қарау үшін негізсіз жекешелендірілген объектілерді қайтару тетіктері бойынша талдау жүргізіп, келісілген ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу