Әлихан Смайылов Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсіміне қатысты

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың қайтыс болуына байланысты Алматыда өтіп жатқан аза тұту шараларына қатысты.

Қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген Әлихан Смайылов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқыды.

«Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың дүниеден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтамын. Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын үлкен біліктілікпен жүргізе біліп, Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», — делінген Мемлекет басшысының көңіл айту хатында.

Өз кезегінде Премьер-Министр Үкімет мүшелері және өзінің атынан көңіл айтты.

«Бердібек Машбекұлы өзінің еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Қай қызметте болсын, халық мүддесіне бар күш-жігерін жұмсап еңбек етті. Бердібек Машбекұлының ерен еңбегі мен жарқын бейнесі  халық есінде мәңгі сақталады», — деді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетейік, Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімі Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтіп жатыр. Бүгінде белгілі отандасымен қоштасуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Үкімет мүшелері, бірқатар облыс әкімдері, Парламент депутаттары, мәдениет, спорт және басқа да салалардың өкілдері келіп отыр.

Саяси қызметтерде жүрген кезінде Бердібек Сапарбаев республиканың бірқатар өңірін басқарды – Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімі болды. Сонымен қатар ол екі рет еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалған.

Бердібек Машбекұлы мемлекеттік деңгейдегі проблемалық мәселелерді өз қолына алып, шешіп отырған. Ел азаматтарын алаңдатқан сұрақтарға ден қойып, әрқашан назарына алатын. Жұмысына деген адалдығымен және Отанына деген сүйіспеншілігімен тек ұжымдастарының ғана емес, сондай-ақ оны сырттай танитын көптеген қазақстандықтың құрметіне ие болды.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу