Әлихан Смайылов: Тұрақты экономикалық өсуді кемінде 6% деңгейінде қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндеті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қараша айларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жеткенін баяндады. Нақты сектордағы оң динамика 3,5%-ды, қызмет көрсету саласында – 5,6%-ды құрады. Салалар арасында құрылыс (12,6%), сауда (11,3%), ақпарат және байланыс (7,6%), көлік және қоймалау (7,1%) ең жоғары өсімді көрсетті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 14,6%-ды құрады. Инвестициялар ағыны ақпарат және байланыста – 2,8 есеге, көлік және қоймалауда – 58%-ға, саудада – 34%-ға, білім беруде – 17%-ға, ауыл шаруашылығында – 11%-ға, өнеркәсіпте – 8,5%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 4,6%-ға өсті.

Алдын ала жасалған қорытындыларға сәйкес қаңтар-қазан айларында сыртқы сауда айналымы 2,6%-ға өсіп, $114 млрд-тан асты. Экспорт шамамен $65 млрд деңгейінде тұр, бұл ретте өңделген тауарлар экспорты шамамен $21 млрд-қа жуықтады, тауарлар импорты $49 млрд-тан асты. Жалпы республиканың оң сауда балансы $15 млрд-тан асады.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке шамамен 18,2 трлн теңге кіріс түскен – жоспар 98,6%-ға орындалған. Мәселен, республикалық бюджетке 12,6 трлн теңгеге жуық, жергілікті бюджеттер кірістері – 5,7 трлн теңгеге толықты. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстары 96,5%-ға орындалды.

Премьер-Министр 11 айдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық секторлары оң өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, машина жасау саласы шамамен 27%-ға өсті.

Жеңіл өнеркәсіпте – 12%-ға жуық жоғары өсім тіркелді. Бұл көрсеткіш тоқыма бұйымдарын шығаруды – 20%-ға және ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.

Минералды өнімдер өндірісі – 4%-дан астам өсті. Пластмасса бұйымдарын өндіруде – 5%-ға, тамақ өнімдерін шығаруда – 2%-ға жуық өсім қалыптасты. Тау-кен өнеркәсібі мұнай мен табиғи газды өндіру есебінен 5%-дан астам өсті. Сонымен қатар құрылыс секторында – 12% жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. 15 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша Қызылорда, Жетісу және Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында оң серпін байқалады.

Әлихан Смайылов атап өткендей, инвестицияларды белсенді тарту – экономика өсімінің негізгі факторы.

«Шикізаттық емес салаларда, ең алдымен, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, көлікте, логистикада, IT және туризмде инвестициялық жобаларды іске асыруға баса назар аудару қажет. Жалпы, инвестициялық саясат шетелдік және ішкі инвестициялар сапасын арттыруға, инвесторларға арналған инфрақұрылымды жақсартуға бағытталуы тиіс», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы аталған жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Мемлекет басшысы Инвестициялық штабқа ерекше өкілеттіктер беру туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды.

«Бұған қоса, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелері үшін жауапкершілігі артты», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары жүйесін бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялық компанияларға қарай қайта бағдарлау керек.

 «”Таза парақтан реттеу” қағидатын толық енгізу және мемлекеттік бақылау мен қадағалау саласындағы Тәуекелдерді басқару жүйесін нақты іске қосу бизнесті дамытуға қосымша серпін беруі тиіс», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Премьер-Министр сондай-ақ биылғы қараша айында инфляция 10,3%-ға дейін төмендегенін және мемлекеттік органдар инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындауды қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.

«Келесі жылы экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру керек. Тұрақты экономикалық өсуді кемінде 6% деңгейінде қамтамасыз ету – Үкіметтің орта мерзімді кезеңге арналған басты міндеті. Әрине, біз биік мақсат қойып отырмыз және ол бәрімізден нәтижелі жұмыс пен бірлескен күш-жігерді талап етеді. Бұл мақсатқа жету үшін бізде қажетті мүмкіндіктер бар», — деп қорытындылады Әлихан Смайылов.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Бюджет #Экономика #Қаржы #Құрылыс #Үкімет отырысы #ӘЭД #Өңдеу өнеркәсібі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу