Алматыда экологиялық мониторинг жүргізу үшін 2023 жылы қосымша 500 датчик орнатылмақ

12 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев баяндама жасады.

Бірінші кезекте қала әкімі Алматы қаласының тіршілігін қалпына келтіру туралы айтып берді. 

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының биыл қаңтар айының соңында берген басты тапсырмасына сәйкес, бүгінде «қаңтар оқиғасы» кезінде бүлінген инфрақұрылым толығымен қалпына келтірілді, қала экономикасы тұрақты өсу траекториясына шықты, қоғамдық қауіпсіздіктің деңгейі біршама артты.

Зардап шеккен 1 640 кәсіпорынға 16,2 млрд теңге сомасындағы залал өтелді, оның 95%-ы осы жылдың 1 маусымына дейін төлемдерін алды. Барлық жеке тұлғаларға 613,5 млн теңге сомасында мүліктік залал төленді. 

Президенттің тапсырмасына сәйкес, Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы жылдың соңына дейін адамдар көп жиналатын орындарға 3 050 бейнекамера орнатылады. Жалпы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге биыл қосымша 16,8 млрд теңге бөлінді.

«Қала әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, оның аяқталу мерзімі – 2023 жылдың 2-тоқсаны. Qazaqstan телеарнасының бұзылған ғимаратының орнында заманауи медиа орталықтың құрылысы басталды, оны 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған», — деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев. 

Экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету 

Алматы тұрғындарының өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту және әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымына қатысты жүйелі мәселелерді шешу үшін осы жылдың қыркүйек айында «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» бекітілді. 

Мемлекет басшысының белсенді қолдау көрсетуінің және қала әкімдігі қабылдаған шаралардың арқасында осы жылдың 11 айында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 6,2%-ға дейін жеделдеп, өңірлер арасында алдыңғы позицияны қамтамасыз етті.

Өңдеу өнеркәсібі өсу драйверіне айналып, өсу қарқыны бойынша елде 1-ші орынға шықты (+14,8%). 

Жеке инвестициялардың 16%-ға өсуімен инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейі қамтамасыз етілді. Осы жылдың 11 айында барлығы 1,2 трлн теңгеден астам инвестиция (1 248 млрд) тартылды. 

Осы жылдың басынан бастап белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 38,5%-ға (285,6 мыңға дейін) өсті. Шағын және орта бизнестің 2,1 мың жобасына (94 млрд теңге) қолдау көрсетудің арқасында 55,7 мың жұмыс орны құрылды, оның 70%-ы – тұрақты жұмыс орындары. Бұл жұмыссыздық деңгейін 5,0%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

«Біздің болжамымыз бойынша жоғарыда аталған шаралар Алматы экономикасының 2022 жылы 5,0%-ға дейін өсуін қамтамасыз етеді. 2023 жылы әкімдіктің негізгі міндеті Алматы қаласының даму бағдарламасына сәйкес, экономиканың тұрақты нағаюын қамтамасыз ету болмақ», — деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев. 

Оның айтуынша, бұл орайда жоғары технологиялық және «таза» өндірістерді, туризмді, IT-секторды және креативті индустрияларды дамытуға баса назар аударылатын болады. 

Қала экономикасын одан әрі әртараптандыру үшін Мемлекет басшысы Алматы индустриялық аймағының аумағын 189 гектарға кеңейту мәселесін қолдады.

7 шағын өнеркәсіп паркін іске қосу, креативті индустриялардың венчурлық қорын құру, 40 млрд теңге сомасына басым бағыттардағы 2,6 мыңға жуық жобаны қаржыландыру жоспарланған. Жалпы 1,5 трлн теңге инвестиция тартылады. 

Қала әкімінің айтуныша, осының арқасында 2023 жылы Алматы қаласының экономикасы 4,4%-ға өседі. 

Адами капиталды сапалы дамыту

Әрі қарай Ерболат Досаев адами капиталды сапалы дамыту қала әкімдігінің жұмысындағы басым міндет екенін айтты.

«Біз білім беру саласына ерекше көңіл бөлеміз. Осы жылдың 1 желтоқсанында Алматыда 13,5 мың оқушыға арналған 16 мектеп пен қосымша құрылыс пайдалануға берілді, жыл соңына дейін 4 570 балаға арналған тағы 5 объект пайдалануға беріледі», — деді ол. 

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында оқушы орындарының «созылмалы» тапшылығын жою үшін Алматыда 37 100 оқушыға орнына арналған 22 мектептің құрылысы басталады (53 млрд теңге).

Жер учаскелерін сатып алу және инфрақұрылымға қосу үшін 11 млрд теңге қажетті қаражат қаланың 2023-2025 жылдарға бекітілген бюджетінде көзделген.

«1 000 мектеп» жобасы бойынша 2023-2025 жылдары жергілікті бюджет есебінен 27 150 оқушыға арналған 36 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл 2025 жылдың соңына дейін оқушы орындарының тапшылығын «басқарылатын» деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді (3000-4000 орын).

2023 жылы 29 мектептен 7 700-ден астам (7 722) баланы қамтитын «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы іске қосылады.

Қала әкімінің мәлімдеуінше, жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушыларын, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы балаларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жобасын басталды. Жалпы оқушы санының 45%-ын, яғни 133 мың бала қамтылды (2022 ж. – 7,1 млрд теңге, 2023 ж. – 800 теңгеге дейін бағаның өсуін ескере отырып, 20,4 млрд теңге).

Презиенттің тапсырмасын орындау үшін 2023 жылы мегаполистің барлық 212 мектебінде «дабыл түймелері», өткізу жүйесімен және бейнекамералармен жабдықталған кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілетін болады (3 жылға 5 млрд теңге).

Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету

Денсаулық сақтау жүйесін жақсарту аясында 2022 жылы медициналық ұйымдар 16,4 млрд теңгеге жабдықпен қамтамасыз етілді, 4 бастапқы медициналық-санитариялық көмек объектісі аяқталып келеді, сондай-ақ 7 объектінің жобалау құжаттамасы әзірленді.

Мемлекет басшысының Алматы қаласының халқымен кездесу барысында берген тапсырмасы бойынша 2023 жылы 10 көп салалы аурухананы жаңғырту жобаларын дайындау, 4 отбасылық-дәрігерлік амбулатория салу, сондай-ақ 6 жаңа емхана мен 3 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны жобалау жоспарланып отыр.

Бұл объектілер Алматы қаласында бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің әзірленіп жатқан бірыңғай стандартын ескере отырып, іске асырылатын болады.

Жалпы медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға 2023 жылы 31,5 млрд теңге қарастырылған.

Көлік инфрақұрылымын дамыту

Алматы қаласын дамыту бағдарламасы автобус паркін жаңарту мен оны экологиялық таза етуді ескере отырып, қоғамдық көлікті дамытуға басымдық береді.

Биыл 2 метро станциясы іске қосылды, 550 жаңа автобус пен троллейбус сатып алынды (парк 22,5%-ға жаңартылды). 2 магистралды көше ұзартылды, 25 км жаңа жол салынды, 200 км жолға орташа жөндеу жүргізілді.

2023 жылы көлік инфрақұрылымын дамыту аясында газбен жүретін 300 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып алынады, 80 аялдама орнатылады.

200 км жолға орташа жөндеу жүргізіліп, 30 км тротуар салынады, 2 көлік жолайрығы (Бұқтырма – Құлжа күре жолы, Саин-Мөңке Би көшесі) аяқталады. 

Нәтижесінде жылдың соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 89%-ға жетеді.

Қала аудандары арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін Алматы агломерациясын дамытуды ескере отырып, 2040 жылға дейін Алматы қаласының көлік каркасын дамытудың шеберлік-жоспары әзірленетін болады.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтерінің сапасын арттыру

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда қаланың бірқатар аудандарында орталық сумен жабдықтау жүйесі жоқ.

Биылғы 11 айда 203,9 км сумен жабдықтау және канализация желілері салынды.

2023 жылы Қарғалы өзенінде су тартқыштың құрылысы аяқталып (50 мың адамды қамту), «Ерменсай» су тартқышының жобалау-сметалық құжаттамасы түзетіледі (20 мың адам), Ақсай өзеніндегі су тартқыштың құрылысы жалғасады (100 мың адам). Бұл обектілер пайдалануға берілген кезде қаланың 170 мың тұрғыны сапалы сумен қамтамасыз етіледі.

Бұдан басқа, шамамен 170 мың тұрғынды қамти отырып, 217 км жаңа сумен жабдықтау және су бұру желісі салынады.

Сондай-ақ 540 мың тұтынушыны қамтитын 2 қосалқы станция – «Алмагүл», «Тұздыбастау» станциялары мен электр желілерінің құрылысы аяқталады.

450 мың тұтынушыны жылумен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 2 қазандықты – «Оңтүстік аудандық қазандығы» мен «Премьера» қазандығын реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Бұл ретте тозу деңгейін төмендету үшін жылу желілерін реконструкциялау көлемі алдағы жылы 5 км-ге дейін 3 есе ұлғаяды.

Инженерлік желілердің тозуын едәуір төмендету үшін коммуналдық қызметтерді көрсету сапасын жақсарту мақсатында 2023 жылдан бастап үш жылдың ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі. 

«Барлық өңірлер үшін маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Бүгінде Алматыда жобалау және құрылыс кезінде жиі болатын қателіктерден инженерлік желілерде жүктеме артады», — деді Ерболат Досаев. 

Қазақстанның Doing business-тегі рейтингін жақсарту аясында 2016 жылдан бастап жобаларды келісу кезеңі алынып тасталды, нәтижесінде инженерлік желілер жүйесінде теңгерімсіздік пайда болды. Қазір бұл тек Алматы қаласының ғана емес, басқа өңірлердің де басты проблемасына айналып отыр.

Осы жағдайдан шығу үшін инженерлік желілерге қосылу бойынша жобалық шешімдерді келісу кезеңін қайта бастау ұсынылады.

Жасыл Алматы 

Алматыға «Бақша (саябақ) қала» мәртебесін қайтару туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында соңғы 11 айда 335 мың ағаш отырғызылып, 5 жаңа парк аймағы жасалды. 2023 жылға 320 мың ағаш отырғызу, 8 паркті реконструкциялау және салу, 13 қоғамдық кеңістікті жобалау көзделген.

Осы ретте Алматыда жасыл аймақтардың 30%-ы суару жүйесімен қамтылған, бұл жаңа егілген көшеттердің тамыр алып өсуіне ықпал етеді. Ол үшін келесі жылдан бастап суару желілері жүргізілгеннен кейін ағаш отырғызатын жаңа тәсіл қолданылды. 

Сондай-ақ 2023 жылдың 1-тоқсанында алғаш рет Жасыл желектерді отырғызу және күту ережелері қабылданады.

Сондай-ақ алматылықтарды алаңдататын мәселе – ауаның сапасы. Экологиялық мониторинг жүргізу және ауаны ластаушы көздерді анықтау үшін 2023 жылы қосымша 500 датчик (1 млрд теңге) орнатылады.

«Биыл 25 қарашада 2-ші жылу электр орталығын жаңарту үшін Еуропа қайта құру және даму банкімен кредиттік келісімге қол қойылды. Осы жылу электр орталығын газға ауыстыру ауаға шығатын зиянды заттарды барынша азайтады деп үміттенеміз», — деді Ерболат Досаев. 

Бағаның тұрақтануын қамтамасыз ету 

Е. Досаевтың айтуныша, халық табысын одан әрі арттыру – қала әкімдігінің басты назарда. Дегенмен бағаның жоғары өсу қарқынының сақталуы негізгі мәселе болып отыр.

11 айда инфляция 18,9%-ды құрады (жылдық инфляция - 19,5%). Жыл басынан бастап қант (89%), кеңсе тауарлары (82,6%), тұрғын үйді жалға алу (75,7%) бағалары қатты өсті.

Қазір тұрғын үйді жалдау құны мен қант бағасы тұрақтанды. Келесі жылы қантты орталықтан сатып алуға жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бағытталды.

16 қарашадан бастап жыл соңына дейін Magnum және Small сауда желілерінде сатылатын барлық азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағасын көтеруге мораторий енгізілді (олардың ұйымдасқан саудадағы үлесі – 70%).

«Тұрақсыз сыртқы факторлар мен азық-түлік бағасының өсуіне байланысты әлемде жоғары инфляция күтілуде. Біздің бағалауымыз бойынша, келесі жылы Алматыда инфляция 10-12% шамасында болады», — деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сонымен қатар ол Алматы қаласының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу