Алтай Көлгінов Абай облысының медициналық және әлеуметтік нысандарын аралады

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Абай облысына сапары барысында өңірдегі медициналық-әлеуметтік нысандарды аралап, «Ауыл аманаты» жобасының әлеуетті қатысушыларымен кездесті.

 

Аймақ бойынша сапар Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығына барудан басталды. Орталық радиофармацевтикалық препараттарды өндіруден бастап радионуклидті диагностика мен терапияға дейінгі толық циклды қамтиды. Бұл Қазақстандағы алғашқы Радионуклидтік терапия бөлімшесі. Радиофармацевтикалық препараттарды қолдану емделушілерге шетелге шықпай-ақ ішкі ем алуға мүмкіндік берді.

Бұл ретте орталыққа заманауи мамандандырылған технологиялық жабдықтарды орналастыру, материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін жаңа хирургиялық корпус қажет. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс жоспарына енгізілген. 

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығымен танысты. Мекеме Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған. Орталықта оңалтуды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған. 

Облысты дамытудың кешенді жоспарына сәйкес Семей және Аягөз қалаларында тағы екі оңалту орталығы,  екі емхана, көпсалалы балалар ауруханасы, сондай-ақ «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 10 мыңнан астам оқушыға арналған 11 мектеп салынады деп күтілуде.  

Сонымен қатар 2023-2024 жылдарға арналған Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың Ұлттық пилоттық жобасы аясында Абай облысында 65 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда. 

Жұмыс сапары барысында А. Көлгінов «Ауыл аманаты» жобасының әлеуетті қатысушыларымен кездесті. Жоба ел Президенті бекіткен Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.  

  

«Ауыл аманаты» ауқымды бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін игі бастама. Өңірдің аграрлық әлеуетін ескерсек, ауыл тұрғындарының сұранысқа ие өнімдерді өндіріп, өз ісін дамытуға зор мүмкіндігі бар», – деді А. Көлгінов.  

Вице-премьердің облысқа сапары күрделі жөндеу мен жаңғыртуды қажет ететін сол жағалаудағы жедел жәрдем қосалқы стансасына барумен, сонымен қатар М. Әуезов атындағы педагогикалық колледждегі оқытушыларды даярлау барысымен танысумен аяқталды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу