«Ауыл – ел бесігі»: ауылдарда әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру көлемі ұлғайтылды

ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын орындау аясында АӨК дамытудың кешенді шараларын іске асыру туралы айтып берді.

Үкіметке әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп, келешегі бар ауылдарды іріктеп, сол жерлерде әлеуметтік саланы дамытып, интернаттар құру тапсырылды. Ауылдар өсу және орнықты даму нүктелері болуы тиіс. Сондықтан да ауылдарда халық тұтынатын тауарлар өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және т.б. бизнесін дамыту қажет.

«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында қандай да бір перспективасы бар 1500 елді мекен анықталады. Жыл сайын 30 млрд тг-ден бөлінеді және 3 жыл ішінде қаржыландыру сомасы 90 млрд тг құрайды. Қаражаттар ауылдарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды және т.б. дамытуға бағытталады.

Жалпы алғанда, жаңа жұмыс орындарын ашатын әлеуметтік маңызды сала ретінде ауыл шаруашылығын дамыту туралы айта отырып, С. Омаров Мемлекет басшысының тапсырмасымен АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жандандырылғанын атап өтті. Бағдарламаның негізгі құралы — зәкірлік кооперация және қосылған құн тізбегін құру.

«Енді мемлекет отбасылық ферма құруға, ет пен сүт конвейерінің мүшесі болуға және тұрақты табыс алуға әрбір ниет етушіге мүмкіндік береді. Фермер 500 га жайылымды жалға алады және 50 сиыр бағады. Шопанға мал, техника, тұруға арналған вагон несие есебінен 15 жылға 4% жылдық мөлшерлемемен қолжетімді болады. Осындай фермалар Бағдарламаның негізін құрайды», — деді С. Омаров.

С. Омаров сондай-ақ, ауыл тұрғындары өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы аясында агроөнеркәсіптік кешенде бизнес-жобаларды іске асыру үшін 7 жылға дейінгі мерзімде жылдық 6%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен шағын несиелер ала алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, несиенің максималды сомасы зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК-ке дейін немесе 20,2 млн теңгеге дейін және басқа бағыттар бойынша – 2,5 мың АЕК-ке жейін немесе 6,5 млн тг құрайды. 2018 жылы 44,7 млрд теңгеге 12 569 шағын несие берілді, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға 9 115 несие берілді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу