Автодүкендер, контрмагнит базарлар және көкөністердің тауарлық интервенциялары — С. Жұманғарин ӘМАТ бағасын тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізді

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізді, онда өңірлердегі көкөністер бойынша тауар интервенцияларының нәтижелерін және сауда нарықтарын трансформациялауды қоса алғанда, көптеген мәселе қаралды.

МТИ Сауда комитетінің мониторингіне сәйкес, өңірлердің көбінде әлеуметтік маңызы бар көкөністер белгіленген индикативтік бағаларға сәйкес келеді. Алайда Астана, Шымкент, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында олар белгіленген индикативтерден асып сатылады.

«Көптеген аймақ бағаны тұрақтандыру тетіктерін қалай болса солай жүзеге асырып, осы жұмыстың оң нәтиже беруіне кедергі жасап отыр. Жекелеген өңірлерде шарттар бойынша бронь алып тастау 5 айға дейін белгісіз болады, бұл ретте көкөністердің барлық көлемі емес, қорлардың бір бөлігі ғана шығарылады. Атырау облысында көкөністерді сату 2022 жылғы қыркүйектен бастап бақылау-кассалық аппараты жоқ қала базарларындағы 6 сауда нүктесінде жүргізіледі. Алматыда қырыққабаттан бронь алып тастауды сәуір айында ғана бастау жоспарлануда. Тиісінше, біз мұнда маусымаралық тауар интервенциясының нәтижелерін ала алмаймыз», — деді Айдар Әбілдабеков. 

Көкөністердің тауарлық интервенцияларының көлемін ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты.

«Ақпан айының басынан бастап картопты сату көлемі 7,1 мың тоннаны құрады, бұл бұрын келісімшарт жасалған көлемнің 8,6%-ын ғана құрайды, сәбіз – 2,8 мың тонна (10,2%), қырыққабат – 2,4 мың тонна (11,8%), пияз – 3,9 мың тонна (16,5%)», — деді ол. 

Айдар Әбілдабековтің айтуныша, келесі аптада өңірлік ӘКК мен ТәжАгроПромЭкспорт арасында ерте егін жинауға тікелей келісімшарттар жасасу үшін Тәжікстанға сапар жоспарланған. Бұл ретте Абай, Жетісу, СҚО және Атырау облыстары Тәжікстаннан жеткізілетін ерте жиналған пиязды қажет етпейтінін, ал ШҚО мен БҚО үшін оны мамыр айында ғана алдырту керектігін айтты.

«Азық-түлік бағасы – әлеуметтік-экономикалық күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Бір апта ішінде өсім 0,3%-ды құрады. Біз бағаны тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорларын құрдық, қалыптасқан қорлар көкөністері бойынша бронь алып тастау қарқыны әлсіз. Қорлардың мәлімделген көлемдерге сәйкестігі бойынша сұрақтар туындайды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне барлық өңірлерде тұрақты қорларда көкөністер мен олардың көлеміне тексеру жүргізуді, ӘКК қызметінің тиімділігін тексеруді тапсырамын. Қаржы министрлігі, МКК және СИМ ФДО деректерін талдау арқылы қалыптастырылған қорлардан бронь алып тастауды тексеруі керек», — деді Серік Жұманғарин. 

МТИ бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев ірі сауда нарықтары жұмысының тиімділігін арттыру және жаңғырту жөніндегі жұмыстың іске асырылу барысы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, «Алтын орда» нарығы республиканың көтерме саудасының 40%-на дейін қалыптастырады. Күнделікті базарға 10 000-ға дейін тұтынушы барады, орташа жүктеме – 400 фура көкөніс және жеміс-жидек өнімдері, оның ішінде көрші елдерден әкелінетіндері де бар.

«Өткен жылдан бастап Бас прокуратура басқа органдармен бірлесіп, нарық қызметінің барлық салаларында көптеген бұзушылықтарды анықтады, 30 әкімшілік іс қозғалды. Алайда көлеңкелі сауда жалғасуда, өрт, ветеринарлық қауіпсіздік, заңсыз көші-қон бұзушылықтары бар. Осыған ұқсас проблемалар елдің басқа да ірі көтерме нарықтарында анықталуда. Өткен сенбіде біз елорданың ірі сауда базарларында кеңестер өткіздік, автодүкендерден бөлшек саудаға дейінгі барлық жолды жүріп өттік. Әңгіме барысында ғана базарлардың үш иесі ӘМАТ тауарларын сату үшін 15 сауда нүктесін тегін бөлуге міндеттенді. Басқа өңірлерде де жағдай осындай екеніне сенімдімін. Бұл әкімдіктердің нарықтарда бағаны тұрақтандыру бойынша жұмысты тиісті түрде жүргізбейтінін көрсетеді», — деді Арман Шаққалиев.

Базарлар жұмысын өркениетті форматқа көшіру шеңберінде Алматы мен Алматы облысында контрмагнит базарларын құру ұсынылады. Бұл нарықтардың қызметін ретке келтіруге, көлеңкелі айналымды қысқартуға, салық түсімдерін арттыруға, отандық өндірушілердің өткізу нарықтарына тікелей қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін А класындағы сауда орталықтары болмақ.

«Нарықтарды жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жоспарланған, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында аяқталуы тиіс жұмыс үйлестірілмегендіктен, іске асырылмаған. 2025 жылдың соңына дейін 68 базарды жаңғырту міндеті тұр, оның 18-іі республикалық маңызы бар қалаларда, ал қалған 50-і өңірлерде орналасқан. Бүгін біз ЖСҚ әзірлеуден бастап уәкілетті органдармен келісуге дейін кезең-кезеңмен мерзімдер мен орындаушылар көрсетілген Жол картасының жобасын дайындадық. Барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау қажет», — деді Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар кеңесте қазақстандық автоөндірушілер дайындаған әлеуметтік азық-түлік өнімдерін сатуға арналған автодүкендер, жылжымалы нүктелер құру жобасы ұсынылды. Олардың артықшылықтары – стационарлық сауда нүктелерінен тәуелсіздік, жылжу мүмкіндігі, бұл баға мен қолжетімділікке айтарлықтай әсер етеді. Қолжетімді бағамен автонесие беру, бөліп төлеу бағдарламасы бар, өндірушілер қажетті мөлшерде өндіруге дайын. Бұл ұсыныстар өңірлерге жолданды.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу