Қазақстанда ғылыми жобаларды іске асыру барысында 140 ғылымды қажет ететін өндіріс құрылды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысы барысында еліміздегі ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелері қаралды. ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Саданов осы бағыттағы ахуалды дамыту туралы өз көзқарастарымен бөлісті.

«Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелері экономиканың нақты секторында отандық әзірлемелерді қолдану және нақты нәтижелерге бағдарланған ұлттық ғылым жүйесін кезең-кезеңімен трансформациялау түріндегі қоғам күтетін нәтижелер тұрғысынан ерекше өзекті болып отыр», — деп бастады сөзін Саясат Нұрбек. 

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өзінің Сайлауалды бағдарламасында ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін өндірістің жаңа технологияларына бағытталатынын атап өтті.

«Табысты коммерцияландыру қосылған құнды арттыруға, бизнестің және жалпы елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді», — деді С. Нұрбек.

Министр бірқатар негізгі міндеттің бар екенін атап өтті, олардың бірі – ғылымды елдің индустриялық қажеттіліктеріне қолдану. Инновациялық өнімді нарыққа шығару идеялардан іргелі зерттеулер жүргізуге, инновациялық бизнесті құруға және дайын өнімді соңғы тұтынушыға дейін жеткізудің күрделі жолын көздейді.

Халықаралық тәжірибе АҚШ, Германия және Финляндия сияқты үш елдің мысалында қарастырылды. Америкалық Ұлттық ғылым қоры (National Science Foundation, NSF) – ғылым мен технологияны дамытуға жауапты АҚШ Үкіметі жанындағы тәуелсіз агенттік. NSF өз миссиясын негізінен уақытша гранттар беру арқылы жүзеге асырады. Гранттардың көбі жеке зерттеушілерге немесе шағын зерттеушілер тобына беріледі. Қалған гранттар ғылыми орталықтарды қаржыландыруды қамтамасыз етеді, соның ішінде ғалымдар мен инженерлерге қажет, бірақ кез келген жергілікті топ немесе жеке зерттеушілер үшін өте қымбат «Ұжымдық пайдалану орталықтарындағы» үлкен және қымбат ғылыми жабдықтар мен қызмет көрсету құралдарын ұстауға жұмсалады.

Deutsche Forschungsgemeinschaft (DGF) – неміс ғылыми-зерттеу орталығы Германияның университеттері мен мемлекеттік ғылыми-зерттеу институттарының жанындағы ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды іске асыратын өзін-өзі басқару қағидаттарына сүйене отырып, әрекет ететін ұйым. Үздік жобаларды іріктеуді конкурстық негізде жүзеге асырады.

2018 жылдан бастап Finpro және Tekes зерттеулерден экспортқа дейінгі тізбек үздіксіз болуы үшін біріктірілді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2016, 2017, 2018 жылдары ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру туралы заң қабылданып, Ғылым қоры 3 конкурс өткізді. Оған 1 270 өтінім келіп түсті, 1 000-нан астамы сараптамадан өтті, ҰҒМ шешімімен 193 жобаны қаржыландыру мақұлданды, 171 шарт жасалды, 150-ден астам жоба қолдау алды. Жобаларды іске асыру барысында 140 ғылымды қажет ететін өндіріс құрылды, оның ішінде 15 жоба экспортқа шықты және 5 жоба 1 млрд теңгеден астам сатылым деңгейіне жетті.

Өткен жылы жаңа конкурс өткізілді, оның аясында 152 өтінім ұсынылды, оның 134-і сараптамадан өтті. 72 жоба ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жөніндегі мамандандырылған Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімі бойынша қаржыландыруға мақұлданды және грант алушылармен 68 келісім-шарт жасалды.

«Экономика салалары бойынша жобалар портфелін негізінен агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау және химия өнеркәсібі жобалары құрайды. Нақты салалардағы бизнестің сұраныстарына қарамастан, машина жасау, туризм және өңдеу өнеркәсібі секторында төмен деңгей байқалады», — деді Саясат Нұрбек. 

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, өңірлер бойынша ғылыми жобаларды коммерцияландыруда Алматы, Астана және Қарағанды қалаларының ғалымдары белсенділік танытуда. Керісінше Ақтөбе және Атырау облыстарында коммерцияландыру жоқ. Бұл өңірлердегі жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді. Бизнесті акселерациялауды жүргізу өңірлердің өндірістік секторының қажеттіліктеріне бағытталған коммерцияланатын жаңа жобалардың өсуі мен дамуының катализаторы болмақ.

Бүгінгі таңда сатудан түскен табыс 26,5 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 465,5 млн теңгеге экспортталды. Бюджетке салық төлемдері түрінде 6 млрд теңгеден астам ақша түсті. Бірлесіп қаржыландыру шамамен 6,8 млрд теңгені құрайды. 1 400-ден астам адам жұмыс орнымен қамтылды. 

Елдің ғылыми-техникалық дамуына жалпы үлес шамамен 55,1 млрд теңгені құрайды. Іске асырылған 152 жобаның портфелін талдай отырып, көп жағдайда грант алушылар бизнес өкілдері екенін және жоғары оқу орындарының нәтижесі төмен екенін атап өтуге болады. Мұндай жағдай дайын инновациялық өнімдер мен қызметтерді сату көрсеткіштерімен айқындалады. Мұнда бизнес өкілдері ең жоғары 79% нәтижені көрсетеді, жоғары оқу орындары тек 4,5%, ҒЗИ 5% және ғылыми-өндірістік орталықтар 11%-дан сәл асады.

«Бұл жағдай ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша жұмыстарды күшейту қажеттілігін тағы бір рет растайды. Мұнда бизнес өкілдері ғалымдарға жаңа өндірістер құра отырып, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жобаларын іске асыруда барынша нәтижелерге қол жеткізуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын, бюджетке салық түсімдерін және т.б. ұйымдастыруды қамтамасыз етеді», — деді Саясат Нұрбек. 

«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының практикалық тәжірибесі мен көрсеткіштерін, сондай-ақ іске асыру барысында туындайтын барлық проблемалар мен ұсыныстарды ескере отырып, конкурстық құжаттама жыл сайын жаңа талаптармен толықтырылады.

Мысалы, 2022 жылдан бастап коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа қатысу сұратылып отырған гранттың жалпы сомасының кемінде 20% мөлшерінде міндетті жеке қаржыландырусыз мүмкін емес. Жобаны іске асыру соңында табыс грант сомасының кемінде 10%-ын құрауы тиіс. Жобаны іске асыру мерзімі 3 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Шартты түрде 20-3-10. Бұл ретте гранттың берілетін сомасы 300 млн теңгеге жетуі мүмкін. Жоба жеткшісі Қазақстан Республикасының азаматы болуы, жобаны іске асыру Қазақстан аумағында жүргізілуге тиіс. Жоба командасы 5 адамнан аспауы, олардың арасында коммерцияландыру жөніндегі маман болуы тиіс.

Коммерцияландыруға арналған грант конкурстық негізде беріледі. «Ғылым қоры» АҚ оператор болып табылады.

Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурс кезінде жобаларды іріктеу процесі ашық түрде іске асырылады. Ол гранттық қаржыландырудың басқа конкурстарымен іс жүзінде бірдей стандартты кезеңдерден тұрады. Олар өтінімдерді қабылдау, сәйкестікті тексеру, сараптама және т.б. 2022 жылы құрылған коммерцияландыру жөніндегі мамандандырылған Ұлттық ғылыми кеңес шешім шығарады.

Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға бөлінген бюджет қаражаты бойынша ақпарат диаграммаларда көрсетілген. Мұнда 2023-2025 жылдарға арналған қаржыландыру сомасы екі есе өскені, операторлық шығыстар 2020-2022 жж. көрсеткіштерінің бұрынғы деңгейінде қалғаны байқалады.

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру есебінен технологиялық серпіліске кедергі келтіретін бірқатар негізгі проблема анықталды. Олар ғалымдардың бизнес-құзыреттерінің болмауы, ғылым мен бизнестің әлсіз байланысуы, жеке қаржыландыруды іздеу проблемасы, өндіріске отандық инновацияларды енгізу деңгейінің төмендігі. Осының салдарынан өңірлерде өтінімдер санының төмендеу үрдісі байқалады.

2025 жылға дейінгі Халықтың табысын арттыру бағдарламасының 22-тармағының 5-тармақшасын орындау үшін ғылыми-технологиялық акселерация тұжырымдамасы әзірленді. 2023-2025 жылдарға арналған 1,5 млрд теңгеге бюджеттік өтінім пысықталды. Саясат Нұрбектің айтуынша, Ғылым қорын осы бизнес акселерация бағдарламасының операторы етіп тағайындау дұрыс шешім болмақ.

«Ведомствоаралық комиссия хаттамасының тапсырмаларын орындау шеңберінде 5 жол картасы әзірленді. Бүгінде ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, энергетика, экология және индустриялық даму министрліктерімен коммерцияландыру жобаларының нәтижелерін салалық өнеркәсіпке енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде», — деді министр. 

Ғылым мен бизнестің интеграциясын ілгерілету үшін Іскерлік серіктестер клубы өз жұмысын жалғастыруда. Қазіргі таңда серіктестікке 160 қатысушы кіреді. Оның ішінде 52 инвестор, 48 іскер серіктес, 30 тәлімгер, 30 лицензиат бар.

Ғылым мен жобаларды коммерциализациялау туралы ақпараттар жүйелі түрде бұқаралық ақпарат құралдары, телеарналар, әртүрлі ақпараттық порталдар, сондай-ақ Facebook, Instagram және Telegram әлеуметтік желілерінде талқыланады. 2022 жылы 500-ден астам жаңалық шығарылды.

Өткен жылы 12 сәуірде Ғылым күні форумы аясында, 17 маусымда Назарбаев университетінде, 22 қыркүйекте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры және 31 қазанда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы базасында 4 коммерцияландыру реакторы өтті. Аталған іс-шаралар нәтижесінде 31 жоба таныстырылды, байқауға 12 өтінім берілді, құны 2 млрд теңгеге жуық 7 жоба ұлттық ғылыми кеңеспен қаржыландыруға мақұлданды.

Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың табысты кейсі ретінде Мұзбаев Жамболат Макежанұлының жетекшілігімен «КБ Tree Energy» ЖШС іске асыратын қауіпсіз, тиімді жел энергиясы негізінде генераторларды әзірлеу, құру және сериялық өндіру жөніндегі жобаны атап өтуге болады. Жобаның нәтижелері (электрмен қоректендірудің күн-жел көздері) Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы шекара қызметтерінің дербес бейнебақылау жүйелерінде орнатылған. Бұл шекарадан рұқсатсыз өту кезінде объектілерді түсіруге, объектілерді бақылауға және мониторинг орталығына оқиға туралы сигнал беруге және т. б. мүмкіндік береді.

«Алматы облысының магистральдық республикалық трассаларының бойында жарықтандыру мен бейнебақылаудың толық дербес бағаналары орнатылды. Бұл жолдың аса қауіпті учаскесіндегі жол-көлік оқиғаларының санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді», — деді С. Нұрбек.

Қазіргі уақытта сатылым 134 млн теңгені құрайды. Бұдан басқа, Болгариядан «Торус БГ» компаниясымен келісім-шарт жасалды. Нәтижесінде 57 миллион еуро көлемінде инвестиция тартылатын болады, олар Алматы қаласының «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» еркін экономика аймағында, «жасыл энергетика» шеңберінде трансформаторлар мен электр станцияларын өндіру бойынша толық дербес зауыт салуға бағытталатын болады.

Сонымен қатар Ғылым қорының ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға арналған гранттар шеңберінде «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС және «Өнеркәсіптік микробиология» ЖШС ғалымдарының көп жылдық ғылыми зерттеулерінің нәтижесі болып табылатын 3 жоба іске асырылуда:

1. «Розеофунгин-АС» саңырауқұлаққа қарсы дәрілік препаратын өндіру;

2. Табиғи сүт сарысуы негізінде ашытылған сусын өндіру;

3. Отандық пробиотик өндірісі.

«Мен өзім осы кәсіпорында болып, өндірістік циклмен таныстым. Бұл жоба нарықта сұранысқа ие инновациялық отандық әзірлемелердің жарқын мысалы. Кәсіпорын басшысы Аманкелді Құрбанұлы Саданов өз баяндамасында атқарылып жатқан істерді жан-жақты көрсетеді», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ғылыми-зерттеу жобаларын қолдау гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды бөлу арқылы жүзеге асырылады. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттар, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары мен бағдарламаларынан кейін олардың логикалық жалғасы және әзірлемелерді өндіріс пен бизнеске жеткізу ретінде өз кезеңділігіне ие.

Өтінім берушіге мемлекеттік қолдаудың қандай түрін (гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, коммерцияландыруға арналған гранттар немесе т.б.) нақты айқындау үшін өтінім деңгейінде әзірлемелердің технологиялық әзірлігінің (TRL) деңгейін және ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларының түпкілікті нәтижесін айқындауды енгізу қажет.

Саясат Нұрбектің айтуынша, 2022 жылғы маусымда Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Президент жоғары оқу орындары жанындағы технопарктерді қолдау бағдарламасы іске қосылатынын атап өтті. ҚР Президентінің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Әділ Қазақстан – барлығына және әрқайсысына арналған. Қазір және мәңгі» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидалары бойынша конкурстық негізде университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді дамытуға тиісті қаржыландыру бөлінетін болады. Мұндай технопарктерді құрудың алғашқы тәжірибесі олардың қызметін бағалау кезінде, ең алдымен, олардың өзін-өзі қамтамасыз ету дәрежесін және тұтынушылардың кең ауқымына қызмет көрсетуге дайындығын ескеру қажет екенін көрсетті. Ал мемлекет ғылымды қажет ететін қызметтерді (инжинирингтік, консалтингтік, ақпараттық және т.б.) ұсыну үшін олардың инновациялық әлеуетін қолдайтын болады. Бірыңғай үйлестіру технопарктер қызметін сүйемелдеу және даму және акселерация бағдарламаларын іске асыру арқылы Ғылым қорына берілетін болады. Сонымен қатар технопарктер мен ғылыми ұйымдардың материалды-техникалық базасын одан әрі қолдау үшін Министрлік заңнамалық бастамалар шеңберінде ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды дамытуға гранттық қаржыландырудың жаңа нысанын енгізу мәселесін пысықтауда.

Қажетті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлегеннен кейін технологиялық парктерді қолдауды «Ғылым қоры» АҚ әкімшілендіру арқылы жүзеге асыру ұсынылады.

«Қорытындылай келе, белгілі бір кемшіліктерге қарамастан, орасан зор жұмыс атқарылғанын, айтарлықтай нәтижелер бар екенін атап өткім келеді. Осыған байланысты біз келесі сұрақтарды қарастыруды орынды деп санаймыз», — деді Саясат Нұрбек.

  1. Мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын (гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, коммерцияландыруға арналған гранттар немесе т.б.) қабылдау үшін университеттердің, ғылыми ұйымдардың және стартап-компаниялардың идеялары мен әзірлемелерінің технологиялық дайындығының деңгейін (TRL) анықтау тәжірибесін енгізу, яғни техникалық тапсырманың бөлігі ретінде конкурстық құжаттамаға енгізу.
  2. Коммерцияландыру жобаларына қатысушылардың өнімдерін ілгерілету жөніндегі салалық министрліктердің Жол карталарын тұрақты негізде толықтыру және іске асыруды қамтамасыз ету.
  3. Белгіленген тәртіппен республикалық бюджет есебінен ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға гранттар беру шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесі бекіту.
  4. Ғылым қорын 2025 жылға дейін халық кірісін арттыру бағдарламасы шеңберіндегі бизнес акселерация бағдарламасының операторы етіп белгілеу.

Микробиология және вирусологияның өндірістегі жетістіктері туралы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Саданов баяндама жасады.

 

«Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС мен «Өнеркәсіптік микробиология» ЖШС консорциумы (бұдан әрі – Консорциум) – ірі ғылыми және өндірістік бірлестік. Консорциумда медициналық және биологиялық препараттарды сатуға арналған барлық құқық құжаттары бар (ғылыми жұмыстарды жүргізуге арналған аккредиттация және фармацевтикалық жұмыстарға лицензиясы бар).

Аманкелді Садановтың айтуынша, Консорциумның «ғылыми зерттеу – технологияны әзірлеу – өндіріске енгізу және оларды коммерцияландыру» толық циклін іске асыру мақсатындағы жұмысы бір жолға қойылған. Бұны толықтай жүзеге асыру үшін Орталық жанынан ең жоғары заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған биологиялық және медициналық препараттар шығаратын «Өнеркәсіптік микробиология» зауыты жұмыс істеп тұр.

Коммерцияландыру мәселелері:

  • Коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру кезінде өтініш берушілердің ғылыми жұмыстарының маңыздылығы мен нәтижелеріне (іргелі және қолданбалы зерттеулер) аса назар аудара отырып, осы талаптарды конкурстық құжаттамаға енгізу қажет.
  • Ауыл шаруашылығының жол карталарына (өсімдік шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау, ветеринария, мал шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және экология) өзекті мәселер ретінде биопрепараттарды қосу мүмкіндігін қарастыру қажет;
  • Әзірленген дәрілік препараттарды Тегін медициналық кепілдік көмек берілу (ТМККБ) бағдарламасы аясындағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу тізіміне енгізуге мемлекет тарапынан қолдау қажет.

«Фармацевтика нарығы – кез келген мемлекеттің экономикасының ең маңызды секторы, сонымен қатар оның әлеуметтік және экономикалық даму деңгейінің бірден бір көрсеткіші. Бүгінгі таңда еліміздің нарығындағы отандық препараттардың нақты үлесі шамамен 11%-ды ғана құрайды. Бұл елдің стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ұсынып отырған көрсеткішінен екі есе төмен. Онымен қоса, отандық фармацевтикалық өндірушілердің басым бөлігі қарапайым дәрілік заттарды – антисептиктер және галенді препараттарды (өсімдіктердің спирттік экстрактары, қайнатпалар, тұнбалар) немесе импорттық субстанциялардың негізінде дженерик-препараттарды шығарып, импорттық субстанциялардан таблетка түрінде дәрілерді жасаумен ғана айналысады», — деді Аманкелді Саданов. 

Қазақстандағы фармацевтикалық препараттар нарығының 99%-ға жуығы шетелдік өніммен қамтылған, ол отандық фарминдустрия секторының өз дәрежесінде дамымағанын көрсетіп отыр. Ал елімізді отандық дәрі-дәрмектерімен қамтамасыз ету – денсаулық сақтау мен экономика салаларының мәселелері ғана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Консорциум, жалғыз отандық бірегей медициналық «Розеофунгин-АС» препаратын әзірлеп, оны өндіріске енгізді. Бұл терінің қабатындағы беткі микоз ауруын емдеуге арналған кең ауқымды препарат. Бұл препараттың шетелден келетін дәрілерден басты артықшылықтары – оның зең инфекцияларының қоздырғыштарына антибиотиктік-төзімдік қасиеті, қысқа мерзім ішінде емделіп шығуы және оның тиімділігінің жоғары болуында. 2017 жылы «Розеофунгин-АС» препараты Қазақстан Республикасы Дәрілік заттардың мемлекеттік тізіліміне кірді. Ал 2018 жылы ҚР ДСМ Дерматофитияларды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасының дәрілік заттар тізбесіне, 2019 жылы Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярына (ҰДФ) енгізілді. Қазіргі уақытта республикамыздың дәріхана желілері арқылы белсенді түрде сатылымға түсуде.

Барлық мемлекеттердің, сонымен қатар Қазақстанның Денсаулық сақтау саласында кездесетін өзекті мәселелердің бірі – ішек инфекциялары (ІИ). Бұл инфекциялардың кең көлемде таралуы, аурудың орташа және ауыр формалары, оның асқынуларын емдеу тактикасын оңтайландыру жолдарын іздеу қажеттілігін талап етеді. Қазіргі уақытта Қазақстан нарығында тірі микроорганизмдер негізінде көптеген пробиотикалық препараттар пайда болды, бірақ олардың барлығы шетелдік өнімдер. 

«Импортты алмастыру мәселесін шешу үшін біз асқазан-ішек жолдарының қабыну және жұқпалы ауруларына қарсы кең ауқымды отандық «АС-Пробионорм» дәрілік препаратын әзірледік», — деді микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры.

«АС-Пробионорм» препаратының құрамына кіретін пробиотикалық бактериялардың ішек ауруларының қоздырғыштарына қатысты белсенділігі жоғары, В тобындағы дәрумендерді, маңызды аминқышқылдары мен гидролитикалық ферменттерді синтездейтіні, адамның иммундық жүйесін ынталандыратыны және қажет болған жағдайда оны антибиотиктермен кешенді терапияда қолдануға болатыны дәлелденді.

«АС-Пробионорм» препаратын клиникаға дейінгі зерттеу нәтижесінде оны қолдану тиімділігі жоғары, әрі қауіпсіз екені және ішек инфекцияларының эшерихия, сальмонелла және стафилококктар негізгі қоздырғыштарына қарсы белсенділігі анықталды. Сондай-ақ жануарлардың ішек микробиотасының құрамында оң динамикасы да байқалды. «АС-Пробионорм» препараты клиникалық сынақтардың бірінші кезеңін жүргізуге жіберілді.

Республикамызда сүт қалдығы – сарысуды кәдеге жаратудың жолға қойылған схемасы жоқ екені белгілі. Кәсіпорындардың басым көпшілігі биологиялық тұрғыдан құнды өнім – сарысуды арықтарға, ағынды суларға ағызып, қоршаған ортаны ластап отыр. Экологиялық проблеманы шешу және қалдық өнімді қайтадан өңдеп, одан түсетін пайданы ұлғайту үшін Қазақстанның барлық облыстарында «Lacto-AC» сусын шығаратын өндірістерін іске қосу жоспарлануда.

«Lacto-AC» сусыны «Амиран» ҚТАЗ» ЖШС фирмалық дүкендерінің сауда нүктелерінде және АДК, Галмарт Колибри, Юбилейный, Митрополит, Карфуд, Беккер сауда желілерінде, «Магнум» және «Small» супермаркеттерінің қаладағы филиалдарында сатылады.

Сүт сарысуы негізінде жасалған «Lacto-AC» отандық сүт сусынын алу технологиясын енгізу сүт өңдеу кәсіпорындарының рентабельділігін арттырады, сүт өнімдерін өндіру циклінің біртұтастығын, яғни қалдықсыз технологиясымен қамтамасыз ете отырып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға ықпал етеді.

Республикада алғаш рет ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және ветеринария салаларына арналған 11-ден астам жаңа отандық биопрепараттарды өндіру технологиялары әзірленіп, ұйымдастырылды. Жыл сайын шамамен 60-70 тонна өнім шығарылады:

– өсімдік шаруашылығына арналған – ауы лшаруашылығы дақылдарының өніп-өсуін арттыратын, өсіп-жетілуін ынталандыратын азот және фосфор минералды тыңайтқыштарын алмастыратын биологиялық препараттар;

– мал шаруашылығына арналған – мал азығын сүрлеуге, ауыл шаруашылығы малдарының төл басын сақтап қалуға және бордақылау барысында ет өнімдерінің өнімділігін артыруға қолданылатын биопрепараттар;

– қоршаған ортаны мұнай ластануынан тазартуға арналған биологиялық препараттар.

Алайда қазіргі уақытта өндірістің дамуы зауыттың өндірістік қуаттылығымен шектеледі.

Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Садановтың айтуынша, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап тек қана GMP стандарттары мен нормалары бойынша дәрілік заттарды өндіруге рұқсат етіледі (GMP стандарттары мен нормалары бойынша тиісті фармацевтикалық практикаларды бекіту туралы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 4 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығы). Сондықтан осы зауыттың қуатын одан әрі дамыту және ұлғайту, оны жоғарыда көрсетілген халықаралық нормаларға сәйкес 2023 жылғы наурыз айында жаңа отандық фармацевтикалық кешеннің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Кешеннің құрылысы Алматы қаласындағы қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған зауыт жанындағы жер учаскесінде орталық қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. 2022 жылғы 30 желтоқсанда құрылысқа №KZ78VUA00814251 сәулет-жоспарлау тапсырмасы алынды, оны Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы берді.

«Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы импортты алмастыру мәселесін шеше отырып, дәрілік заттардың ассортиментін кеңейтіп, өндіріс көлемін едәуір арттырып, GMP талаптары бойынша отандық бірегей дәрі-дәрмектерді шығару алаңын құру қажет екенін айтып отыр. Сонымен қатар осы зауыттың базасында қазақстандық басқа да ғалымдардың ғылыми-зерттеулері нәтижесінде алынған дәрілердің технологиялық әзірлемелерін шығарып өндіріске енгізуге де мүмкіндік береді», — деді Аманкелді Саданов. 

Оның айтуынша, барлық өндірілетін препараттарға, штаммдарға, өндіріс технологияларына ҚР патенттері, тауар белгілері, өнімнің шығу тегі туралы (СТ-KZ) және өнімнің сәйкестік сертификаттары, ашытқы мен сусынға арналған декларациялары бар. 2020 жылдан бастап «Өнеркәсіптік микробиология» зауыты «Атамекен» ҚР ҰКП отандық тауар өндірушілер тізілімінде тіркелді (Индустриялық сертификат № 102 0 00101).

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу