Б. Сағынтаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Бүгін Сочиде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамда өткен XVI отырысына қатысты. Сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің және БҰҰ Азия-Тынық мұхит өңірі бойынша экономикалық-әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) ұйымының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Отырысқа Ресей Премьер-Министрі Д. Медведев, Өзбекстан Премьер-Министрі А. Арипов, Тәжікстан Премьер-Министрі К. Расулзода, Қырғызстан Премьер-Министрі С. Исаков, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Л. Кэцян қатысты. Үкімет басшыларының кездесуі ШЫҰ жаңа мүшелерінің қатысуымен алғаш рет өтті, олар: Пәкістан — Премьер-Министрі Ш. Аббаси және Үндістан — сыртқы істер министрі С. Сварадж.

Шағын құрамда өткен отырыста аймақтағы және бүкіл әлемдегі қазіргі экономикалық жағдай, экономикалық және гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдету, сондай-ақ транзиттік-көлік әлеуетіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, қазақстандық тарап азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шағын және орта бизнес өкілдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, білім беру мен мәдениет саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ қоршаған ортаға техногенді ықпал ету проблемасын жан-жақты шешу мәселелерін көтерді.

Кеңейтілген құрамдағы отырыс бақылаушы мемлекеттер: Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия өкілдерінің, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян мен бірқатар халықаралық және өңірлік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті.

Негізгі қозғалған тақырыптар сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық келешегі жайында болды. Бұдан өзге, байланыс және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды дамыту, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, зияткерлік меншікті қорғау, қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды. Қатысушылар, сондай-ақ, Көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, жобалық қызметті одан әрі дамыту бойынша іс-шаралар тізімі, ШЫҰ дамудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы секілді құжаттарды іске асыру шараларын, сонымен қатар қаржы тетіктерін қалыптастыру және ШЫҰ банкаралық бірлестігі мен Іскерлік кеңес жұмысын жандандыру шараларын қарады.  

Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ бюджетін қалыптастыру және орындау тәртібі туралы бірқатар құжаттарға қол қойылды, онымен қоса ұйым қызметіне қатысты басқа да шешімдер қабылданды. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2018 жылы төрағалықты қабылдайтын ел ретінде Тәжікстанда өтеді.

ШЫҰ ҮБК аясында Бақытжан Сағынтаев Ауғанстан және Қытай үкіметтерінің басшыларымен, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары — БҰҰ Азия-Тынық мұхит өңірі бойынша экономикалық-әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) атқарушы хатшысымен екіжақты кездесулер өткізді.

Ауғанстан Ислам Республикасының атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдулламен кездесу кезінде Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық, гуманитарлық, әскери-техникалық саладағы өзара қарым-қатынас пен Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті күшейту мәселелері талқыланды. Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарапынан азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек көрсетілетінін атап өтті. Азық-түлік жуық арада жеткізіледі.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, сонымен қатар, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесу өткізді. Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері бойынша кең ауқымдағы сұрақтар талқыланды. Әсіресе, өндірістік және индустриялық салада серіктестікті нығайту жұмысына баса маңыз берілді. Бұл бағытта тараптар бірлескен қазақстандық-қытайлық индустриалды-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Бүгінгі таңда жалпы құны 27 млрд $ тұратын 51 инвестициялық жобаның тізімі жасалып отыр.

Биыл екіжақты тауар айналымы өсімнің оң қарқынын көрсеткен. Ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестіктің даму келешегін қарастыра отырып, тараптар Қазақстанның органикалық өнімдерді өндіруде әлеуеті мол екенін, сонымен қатар қажеттіліктің артқанын ескере отырып, ҚХР нарығына ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдайтын негізгі елдердің біріне айналуы мүмкін екенін атап өтті.

Осыған байланысты ҚХР-дың карантин мен инспекция, сапаны қадағалау бас басқармасы тарапынан қазақстандық ауыл шаруашылық өнімдерін Қытай нарығына енгізу жұмысын жеделдету қажеттілігіне қатысты мәселе көтерілді. Еске сала кетейік, биыл мамыр айында Халықаралық эпизоотиялық бюро Қазақстанды аусылдан таза аумақ ретінде таныған болатын. Мұндай мәртебенің болуы мал мен өсірілетін өнімдерді ДСҰ мен ЕО елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары — Азия мен Тынық мұхитының Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының атқарушы хатшысы Шамшад Ахтармен кездесу барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Экспо» базасында «Болашақ энергиясы» жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту бойынша халықаралық орталық құру бастамасын іске асырудағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. ЭСКАТО-мен серіктестік Қазақстан бастаған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын сәтті жүзеге асыруда маңызды рөл ойнайды.

БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған Арнайы бағдарламасын (ОАЕАБ) орындау жұмысына да ерекше назар аударылды. Аталған жұмыс аясында Қазақстан арнайы бағдарламаға қосылатын елдердің төрағалық етушісі ретінде 2018 жылы ОАЕАБ экономикалық форумының кезекті отырысы мен Жетекшілік ететін кеңестің XIII сессиясын ұйымдастыруды көздеп отыр.

ШЫҰ ҮБК отырысы Қазақстан мерекесі — Тұңғыш Президент күнімен бір күні өткенін айта кеткен жөн. Осыған орай Ауғанстан мен Қытай Премьер-Министрлері екіжақты кездесу барысында өз құттықтауларын білдірді.

Ауғанстан атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдаллах Қазақстан Үкіметі мен халқын Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевқа ізгі тілектерін жолдады.

Қытай мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцян Қазақстан азаматтарын Тұңғыш Президент күнімен және алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтап, екіжақты қарым-қатынастың, әсіресе өндірістік саладағы серіктестіктің табыстылығын атап өтті.

Бұған дейін РФ Премьер-Министрі Дмитрий Медведев те қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу