Б. Сағынтаев Шанхай қор биржасының атқарушы вице-президентімен және NASDAQ вице-президентімен кездесті

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумы аясында Шанхай қор биржасының атқарушы вице-президенті Лию Шатонгпен және NASDAQ вице-президенті Мейер Фручермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) қор биржасын жетілдіру арқылы Қазақстанның және аймақтың капитал нарығын дамыту аясында Шанхай қор биржасымен және NASDAQ компаниясымен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Орталықтың негізгі қаржы инфрақұрылымдарының бірі болуға тиісті АХҚО биржасының қызметі арқылы Қазақстанның бағалы қағаздар нарығы едәуір дамып, оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз етеді.

Кездесу қатысушыларының пікірінше, АХҚО әлемдегі ең маңызды әрі ықпалды көпжақты қарым-қатынастардың біріне айналатын «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын іске асыру аясында үлкен маңызға ие.

Бұдан өзге, инвесторлардың тартымды қаржы құралдарына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қаржы нарығын дамытуға озық технологияларды енгізу туралы NASDAQ компаниясының ұсыныстары қаралды.

Анықтама: Шанхай қор биржасы (SSE) — жетекші Азия биржаларының бірі, құрлықтық Қытайдың ең ірі сауда алаңы. 1990 жылы құрылған. Бұл — Қытай Халық Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясының басшылығындағы коммерциялық емес ұйым.

WFE (Дүниежүзілік биржалар федерациясы) статистикасына сәйкес, SSE соңғы бірнеше жылда бүкіл әлем бойынша үздік биржалар арасында көшбасшы атанып жүр. 2016 жылы SSE нарықтық капиталдандыру бойынша 4-орынға, акциялардың құны бойынша 4-орынға, акциялар арқылы тартылған капитал бойынша 3-орынға ие болды.

SSE дамуының 27 жылында акциялар, облигациялар, қорлар және туынды қаржы құралдары секілді төрт негізгі құнды қағаздар санаты мен берік нарық құрылымы бар биржаға айналды. Биржа әлемнің жетекші биржалық жүйесін енгізді. Сонымен қатар, листингілік компанияларды, SSE және бағалы қағаздар нарығының мүшелерін реттеу арқылы өзін-өзі реттеу жүйесі құрылды. 2016 жылдың соңына қарай SSE-де жалпы нарықтық капитализациясы $3,5 трлн болатын, биржада тіркелген 1 182 компания болды.

NASDAQ — АҚШ-тағы үш ірі қор биржаларының бірі (NYSE және AMEX-пен бірге). Сауда, клиринг, биржалық технологиялар, листинг, ақпарат және қоғамдық компаниялармен қамтамасыз ету саласындағы жетекші әлемдік жеткізуші. NASDAQ әлемдегі алғашқы электронды қор нарығының негізін құрушы бола отырып, әлемнің 50 елінде 89-тан астам нарықты өз технологияларымен қамтамасыз етеді. NASDAQ — жалпы нарықтық капитализациясы $11 трлн болатын 3 800 компанияның листинг алаңы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу