04 Қазан 2018, 10:50
Бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Германиядан келген сарапшылармен кездесу өткізді, олардың қатарында: Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмыс тобының тең төрағасы, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикаларындағы КНАУФ компаниясының маркетинг және өткізу жөніндегі директоры Д. Пропп, Орталық Азиядағы Германия экономикасы төрағалығының басшысы, ҚР-дағы Германия экономикасы одағының төрағасы Р. Брайтнер бар.
Кездесу барысында кадрларды дайындау мен қайта даярлаудың тиімділігі жоғары бәсекеге қабілетті жүйесін одан әрі жетілдіру, қосарлы білім беруді іс жүзінде енгізу, өндірістегі жетекшілердің біліктілігін арттыру және жалпы Қазақстандағы кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту арқылы Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері талқыланды.
Шетелдік сарапшылар Германиядағы кәсіптік білім беру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Бонн қаласының Кәсіптік білім және оқыту федералдық институтының ғылыми қызметкері Х. Л. Кресс қосарлы білім берудің артықтылықтары, оны еліміздің ұлттық экономикасына енгізу мен оның үлесінің тетіктері туралы айтып берді.
Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р. Дәленов пен «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары О. Ордабаев атынан қазақстандық қатысушылар Қазақстанда қосарлы білім беруді енгізудің қазіргі жағдайы туралы айтып, кәсіптік білім беруді жаңғырту және жоғары білікті мамандарды даярлаудың жаңа деңгейіне көшудің маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталып өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу