Б. Сұлтанов пен А. Кожошев Индустриялық сауда-логистикалық кешен жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты

2022 жылғы 23 сәуірде Қырғыз Республикасына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті Төрағасының бірінші орынбасары Арзыбек Кожошевпен кездесті. 

Тараптар «Қарасу» және «Ақ-тілек» автожол бекеттері ауданындағы Индустриялық сауда-логистикалық кешеннің іске асырылу барысымен танысты. Қазақстан тарапы әзірлеген ИСЛК қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісім жобасына сәйкес мемлекетішілік үйлестіру рәсімдері жүргізілуде және жақын арада қырғыз тарапының қарауына жіберіледі. Қазіргі уақытта ИСЛК қажетті инфрақұрылымын салу мәселелері пысықталып жатыр.

Тараптардың пікірінше ИСЛК құру екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға оң әсерін тигізеді, екі елдің өндірушілері мен кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды жандандырады және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бірлескен ИСЛК құру және оның жұмыс істеу тұжырымдамасы ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2019 жылғы 27 қарашадағы Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапарының және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің 5-отырысының қорытындылары бойынша екі ел басшыларының тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Сондай-ақ сапар барысында тараптар өзара сауданың ашық болу мәселесін көтерді. Айта кетсек, 19 сәуірде жүргізілген келіссөз қорытындысы бойынша тексерулер тасымалданатын тауарға ЭШФ болмаған кезде ғана жүргізіледі.

Анықтама:

Қырғыз Республикасы – Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Екі ел қарым-қатынасындағы негізгі бағыттардың бірі – сауда көлемін ұлғайту. Биыл алғашқы екі ай қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 6,8%-ға өсіп, $126,3 млн құрады (2021 жылғы қаңтар-ақпанда – $118,2 млн).

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу