Бақытжан Сағынтаев «Экспо-2017» көрмесіндегі Польша Республикасының ұлттық күнінің ашылуына қатысты

Бүгін Халықаралық «Экспо-2017» көрмесі аумағында Польша Республикасының ұлттық күнінің ашылу салтанаты өтті. Шараға ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Польша Президенті Анджей Дуда қатысты. 

Шараның ресми бөлімі поляк әскери оркестрінің орындауындағы Қазақстан мен Польшаның мемлекеттік әнұрандарының шырқалуынан басталды. Осы уақытта екі республиканың мемлекеттік тулары көтерілді.

Одан кейін Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі. Премьер-Министр Польша павильоны өзін жоғары деңгейде танытып, көрмедегі ең танымал әрі көрікті орындардың біріне айналғанын атап өтті.

«Қазақстан Польша елін Орталық және Шығыс Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі ретінде бағалайды. Біз поляк үкіметі мен іскер топтарын бұл байланыстарды Біріккен Ұлттар Ұйымының аясындағы «Жасыл экономика» халықаралық орталығы шеңберінде дамыта түсуге шақырамыз. Аталған орталық «Экспо-2017» мұрасы негізінде жұмыс істейтін болады. Бізде жаңартылатын энергетика, ғылым мен технологиялар, инновациялар және коммуникациялар, орман шаруашылығы, туризм салалары бойынша ынтымақтастықты кеңейту үшін жақсы мүмкіндіктер бар. Біз сіздерді экономиканы индустрияландыру және цифрлық трансформациялау жұмыстарына қатысуға шақырамыз», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Сондай-ақ, Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда шара қатысушыларына арнап сөз сөйледі. 

«Біз шамамен бір жыл бұрын, Варшавада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен «Экспо-2017» көрмесіне дайындық мәселесін талқылаған едік, ал бүгінде мен шараның ауқымдылығына таңдана қараймын», — деді Польша Президенті.

Ол Польшаның Еуропалық одақтың аса белсенді дамып жатқан елдерінің бірі екенін атап өтті. Мысалға, 2016 жылы мемлекеттің ЖІӨ өсімі 3,1% құрады. Президенттің айтуынша, 2017 жылдың болжамы бұдан да жақсырақ, сондай-ақ, жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеп келеді. Польша басшысы қазақстандықтарды түрлі салаларда, соның ішінде, алдымен экономика саласында ынтымақтастық орнатуға шақырды.

«Экспо-2017» көрмесіне қатысқан поляк билігінің өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар болашақта қолдануға болатын үлкен тәжірибе жинақтады деген сенімдемін», — деді А. Дуда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу