Бақытжан Сағынтаев Индустрияландыру күні аясында ҚР Президенті сыйлығының иегерлерін марапаттады

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Индустрияландыру күні аясында өткізіліп жатқан іс-шараларға қатысты.

«Экспо Конгресс-орталығында» ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын, «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының, «Іскер» арнайы сыйлығының және «Ұлы дала елі» «қолшатыр» брендін пайдалануға құқық беру байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Жеңімпаздар барлық ынта танытушылар қатыса алған ашық онлайн-дауыс беру нәтижелері бойынша анықталды.

Бақытжан Сағынтаев өнімдер мен қызметтердің сапасы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары тиімді басқару әдістерін енгізу бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізгені үшін «РауанНалко», «Қасқор-Машзауыт», «AVAGRO» компанияларына «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстады.

Сондай-ақ, «Алтын сапа» сыйлығының иегерлері «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша марапатталды, қосымша «Үздік индустриялық жоба», «Үздік инновациялық жоба», «Сапа көшбасшысы» және «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша марапаттар табысталды.

Биыл «Алтын сапа» байқауына еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам өтінім ұсынылды.

Бақытжан Сағынтаев «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сыйлығының алтын мүсіншелерін бірінші орын иегерлеріне табыстады, олар:

— «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша «KMK Мұнай» АҚ;

— «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында «СКЗ-U» ЖШС;

— «Үздік ұжымдық келісім» номинациясы бойынша «Победа» ЖШС;

— «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында «Kagazy Recycling» ЖШС.

Марапаттау рәсімінде, сондай-ақ, «Ұлы дала елі», «Қазақстанның үздік тауары» және «Кемел Іскерлік» жаңа халықаралық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.

Сонымен қатар марапаттау рәсіміне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасарлары, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары, депутаттар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары, байқау лауреаттары қатысты.

Салтанатты рәсім соңында Мемлекет басшысының қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты жалпыұлттық телекөпір өтті, онда 25 индустриялық жоба таныстырылды.

Анықтама: Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттау 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқауға 1 800-ден астам кәсіпкерлік субъектілері қатысты. Байқау өткізіле бастаған жылдардан бері Мемлекет басшысының сыйлығы 86-дан астам кәсіпорынға берілген.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу