Б. Сағынтаев Genertec холдингі өкілдерімен көлік жасау саласындағы инвестициялық ынтымақтастық келешегін талқылады

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев басқарма төрағасы Лу Йимин бастап келген Genertec (China General Technology Group) холдингінің өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында автокөлік құрастыру мен инновациялық технологиялар саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 11 желтоқсанында Астана қаласында Genertec (China General Technology Group) құрамына кіретін СМС (China National Machinery IMP. & EXP. CORP) автомобильдерін импорттау және экспорттау жөніндегі қытайлық трансұлттық мемлекеттік компаниясының ірі қазақстандық автоөндіруші «Сарыарқа АвтоПром» ЖШС капиталына (акцияның 51%) кіруі туралы инвестициялық келісімге қол қойылды. Ынтымақтастық қазақстандық автокөлік өнеркәсібін дамытып, Еуразиялық нарықтағы өзара әрекеттестікті жақсартады.

Genertec (China General Technology (Group) Holding, Ltd.) – 1998 жылдың наурызында құрылған ең заманауи жабдықтар мен технологияларды енгізетін ірі қызмет көрсетуші, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің, медициналық өнімдердің ірі импорттаушысы және экспорттаушысы, мобильді байланыстың ақырғы өнімдері қызметінің жеткізушісі әрі ірі дистрибьюторы, сондай-ақ маңызды жабдықтарды өндіруші, халықаралық инженерлік мердігер, дәрілік заттарды өндіруші және жеткізуші, техникалық және консалтингтік қызметтерді жеткізуші, сондай-ақ құрылыс және жер агенті. СМС (China National Machinery IMP. & EXP. CORP.) — ірі халықаралық жобалаушы, Genertec құрамына кіретін жобаны басқару бойынша қызмет көрсету мердігері және автомобиль саласындағы қызмет жеткізушісі.  

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің деректері бойынша, 2017 жылы автокөлік секторындағы өндіріс көлемі 149,7 млрд теңгеге 19 547 бірлікті құрады. Саладағы нақты көлем индексі – 139%. 2016 жылмен салыстырғанда, өндірістің өсуіне биылғы жылдың басынан бастап жеңіл автокөлік өндірісінің 3,2 есеге, автобус өндірісінің 81%-ға және арнайы техниканың 52,6%-ға артуы себеп болды. 2017 жылы көлік құралдарын экспорттау көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 6 есе ұлғайып (1,4 млрд теңгеге 258 бірлік), 5 млрд теңгеден астам сомаға 1 548 бірлікті құрағанын атап өткен жөн.  

2018 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша автомобиль құрастыру секторындағы өндіріс көлемі 162,9 млрд теңге сомасына 25 897 көлік құралын құраған. Жеңіл автокөліктер өндірісінде 86%-ға (24 155 бірлік), тіркемелер мен ашық тіркемелер өндірісінде 2 есе (448 бірлік) өсім байқалады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу