Үкіметте өңірлердің маусымаралық көкөністермен қамтамасыз етілу балансы мен тауарлық интервенциялар талқыланды 

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен апта сайын өтетін кеңесте өңірлердің негізгі азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмысы қорытындыланды.

СИМ Сауда комитетінің мәліметінше, өткен аптада қант (0,6%), қарақұмық (0,4%), тауық (0,3%), сүт (0,2%), пияз (0,1%) бағасы төмендеген. Сәбіз бен күнбағыс майының бағасы тұрақты. Қырыққабат 1,1%-ға, күріш 0,9%-ға, айран 0,6%-ға қымбаттаған.

Айта кету керек, Маңғыстау облысында бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 0,1%-ға төмендеген. ӘМАТ-тің барлық түрінің бағасы апта бойы өспеген. Күнбағыс майының бағасы 0,5%-ға, қырыққабат 2,8%-ға, қант 1,5%-ға, жұмыртқа 0,4%-ға арзандаған.

Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековтың айтуынша, көкөністердің, атап айтқанда, қырыққабат бағасының көтерілу себебі – нарыққа өнімнің жеткіліксіз мөлшерде шығарылуы. Мысалы, Жамбыл облысында 1 ақпанда қорлардан броньды алып тастау басталғаннан бері қырыққабат бағасы сату көлемі маусымаралық қажеттіліктің тек 7%-ын құраған кезде 5,7%-ға өсті. Түркістан өңірінде қырыққабат құны 3,8%-ға өсті, сату көлемі – қажеттіліктің 3%-ы. Бұл ретте қырыққабаттың ең көп көлемі Батыс Қазақстан (100%), Атырау (34%), Қарағанды (26%) облыстарында сатылды. Мұнда бір апта ішінде баға өспеген.

«Түгендеу қорытындысы бойынша көптеген өңірде көкөністердің расталған қорларының жетіспеушілігін көріп отырмыз. Қазір нарықты біркелкі толтыру үшін өңірлер арасында қорларды бөлуді пысықтап жатырмыз», — деді Айдар Әбілдабеков.

Сонымен қатар әкімдіктерге күн жылынғаннан кейін жәрмеңке маусымын бастау ұсынылды.

«Жәрмеңкелер – еліміздің ішкі нарығын отандық өндірушілердің өнімдерімен, делдалдарсыз, өндірушілердің бағасымен толтырудың маңызды құралдарының бірі. Сонымен қатар біз жылжымалы жәрмеңкелерді ұйымдастыру мәселесін бірнеше рет көтердік. Әкімдіктер арнайы бөлінген орындар мен маршруттарды белгілеуі керек, сол кезде кәсіпкерлер бекітілген маршрут бойынша оның кез келген нүктесінде сауда жасай алады. ӘКК балансына автодүкендерді сатып алуды, көшпелі сауда орындары мен бағыттарын бекітуді ұсынамыз», — деді ол.

Серік Жұманғариннің айтуынша, тұрақтандыру қорларының негізгі міндеті – нарыққа реттеуші ретінде әсер ету. 

«Өткен аптада мен қалыптасқан қорлардан көкөністердің максималды көлемін сауда орындарына жіберуді тапсырдым. Мұны жасаған өңірлерде баға мүлде көтерілмеген. Түркістан облысында картоп, қырыққабат, пияздың жеткілікті қоры бола тұрып, интервенциялардың көлемі аз кезде картоптың бағасы бір аптада 1%-дан астамға, қырыққабат бағасы бірден 3,8%-ға өсті. ШҚО-да пияздың ауқымды қоры бола тұрып, баға бір аптада 4,1%-ға өскен. Күтудің қажеті жоқ, сәуір айында егін жиналады. Жақында біз сауда желілерімен кеңес өткіздік, сату бойынша олар қолдау көрсетеді. Келесі аптада оң нәтиже көру үшін тауар интервенцияларын барынша күшейтуді тапсырамын», — деп қорытындылады Серік Жұманғарин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу