Биылғы 5 айда 10,2 мыңнан астам ШОБ жобасы субсидияланды – Ә. Қуантыров

Қазақстан экономикасындағы ШОБ үлесі 2030 жылға қарай 40%-ды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Сондай-ақ Ә. Қуантыров ұлттық экономиканың орнықты дамуының негізгі факторы нарықтың өзгермелі конъюнктурасына бейімделе алатын және дербес дами алатын кәсіпкерлік саласы екенін атап өтті.

«Макроэкономикалық тұрақтылықтың негізі ретінде қолайлы бизнес-ахуалды құру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Күрделі сыртқы жағдайларға қарамастан, 2022 жылы экономиканың нақты өсуі 3,3%-ды құрады», — деді ұлттық экономика министрі.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 23,4%-ға өсті және шамамен 2 млн кәсіпорынды құрады. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 18%-дан артып, 4,1 млн адамға жетті. Бүгінгі таңда экономикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 40%-ы шағын және орта кәсіпорындарында жұмыс істейді. Нәтижесінде экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 33,3%-дан 36,5%-ға дейін өсті. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының өнім шығару көлемі 28%-ға ұлғайып, 59 трлн теңгеден асты.

«Әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Үкімет кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Осы жұмыс аясында базалық шарттарға сәйкес келмейтін 10,1 мың талап анықталды. Бүгінгі таңда заңға тәуелді деңгейдегі талаптардың шамамен 90%-ы жойылды. Қалған 10%-ы бойынша заңнамалық актілерге түзетулердің Бірыңғай пулы құрылды және Парламентте орналасқан бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілді», — деді ұлттық экономика министрі.

Оның айтуынша, архаикалық, өзекті емес талаптарды жою жолымен жүргізіліп жатқан жұмыс кәсіпкерлер үшін көптеген рәсімнің ашықтығы мен жеңілдетуін қамтамасыз етуге, сол арқылы бизнес-ахуал мен инвестициялық тартымдылықты жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа реттеушілік саясатты енгізу өңірлік деңгейде жалғастырылатын болады.

Сондай-ақ адамның қатысуынсыз жасанды интеллектті пайдалана отырып, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың барлық саласында тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Өткен жылдың өзінде бақылаудың 35 саласы автоматтандырылды, осы жылдың соңына дейін бақылаудың қалған 35 саласы автоматтандырылатын болады.

Мемлекеттік бақылауды автоматтандыру 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, яғни шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін адамның қатысуынсыз тексерулерді қамтамасыз етеді. Бұл заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды төмендете отырып, бақылау және қадағалау органдарын проблемалы бизнес субъектілеріне ретке келтіруге және шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Министрдің айтуынша, осы жұмыстың нәтижесінде жоспарланған бизнесті тексерулер 2 есеге қысқаруы, ал әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар санының айтарлықтай азаюы күтілуде.

2022 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау аясында 1,3 трлн теңгеден астам несие сомасына 46 мың жоба субсидияланды және кепілдендірілді. 136 мың консультациялық және 26 мыңнан астам сервистік қызметтер ұсынылды. 2023 жылдың 5 айында 586 млрд теңгеден астам несие сомасына 10,2 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік жобасы субсидияланды және кепілдендірілді, сондай-ақ 65 мыңнан астам консультациялық және 12 мың сервистік қызмет ұсынылды. Осы жылға субсидиялауға және кепілдік беруге 266 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 96 млрд теңгеге артық.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары арқылы әйелдер кәсіпкерлігіне қаржылық емес қолдау көрсетеді. Орталықтың қызметтері қажеттіліктерді анықтау, бейіндік оқыту, бизнес-шолу, тәлімгерлік, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті шикізаттан өнім өндіру және жылжыту жөніндегі қызметтер спектрін қамтиды.

2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша осындай орталықтарда проблемалар мен қажеттіліктерді анықтау бойынша 4,1 мың кеңес берілді; 256 кәсіпкерге арналған халықаралық жобаларға қатысуға сүйемелдеу көрсетілді; орталықтарда 169 жергілікті өндірушінің қатысуымен 7 көрме өткізілді; орталықтарда 342 тәлімгер тәлімгерлікпен қамтамасыз етілген.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бөлшек салық режимі мерзімсіз негізде енгізілді. Қызмет түрлерінің тізімі 116-дан 190-ға дейін кеңейтілді. Бұл бөлшек сауда және халыққа қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерге қатысты. Режим үшін жоғары шектер орнатылған. Режимді қолдануға 2 млрд теңгеге дейінгі кіріс кезінде рұқсат етіледі. Салық төлеушілер қосымша құн салығы мен әлеуметтік салықтан босатылады. Салық ставкасы икемді және айналымнан 4%-ды құрайды. Бұл ретте мөлшерлемені мәслихаттардың шешімдері негізінде 2%-ға дейін төмендетуге болады. Кейбір өңірлер бұған дейін бөлшек салығын төмендетті.

«Бұдан басқа осы жылдан бастап микро- және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілді. Жалпы мөлшерлеме 34,5%-дан 20%-ға дейін төмендеді. 6 төлемнің орнына 1 төлем болады. Бірыңғай төлем жалақыдан төлемдерді есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін де азайтты», — деді Әлібек Қуантыорв.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға және цифрландыруға ерекше назар аударылатын болады. 

Бүгінгі таңда кейбір декларацияларды ұсынудың күшін жою бойынша ұсыныстар әзірленді. Бұл салық міндеттемелері 1 млн теңгеден аз болған кезде мүлік салығы мен жер салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеудің күшін жоюға, сондай-ақ бизнес субъектілері үшін көлік салығы бойынша есептің және декларацияның күшін жоюға қатысты.

Сонымен қатар берешек өтелмеген жағдайда банк шоттарын жаппау, тек берешек сомасы мөлшерінде инкассалық өкімдер қою ұсынылады. Сондай-ақ тәуекелдерді басқарудың жаңа жүйесі негізінде тексерулерді тағайындау және жоспарлы тексерулерді алып тастау ұсынылады.

Бақылау барысында салық төлеушімен өзара іс-қимыл тек салық төлеушінің кабинеті арқылы жасау ұсынылады. Оған қоса платформалық жұмыспен қамтуды әкімшілендіруде жаңа тәсіл көзделуде.

Сонымен бірге контрольдық-кассалы аппарат деректері, POS-терминалдары және банк шоттары арқылы айналымдар негізінде декларацияларды алдын ала толтыру тетігін енгізу ұсынылады.

«Электрондық коммерция платформа ұстаушысының салықты ұстап қалуын ұсынылады. Бұл тәсілдер – талқылау сатысында. Жұмыс жалғасуда. Жалпы бизнес ахуалды жақсарту бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде», — деді министр.

Осылайша, орта мерзімді перспективада 2030 жылға қарай Қазақстан экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің нысаналы индикаторына 40%-ға қол жеткізу міндеті қойылды.

#Салық саясаты #Цифрландыру #ШОБ #Экономика #ҚР Ұлттық экономика министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу