Электронды үкімет инфрақұрылымы арқылы халыққа 450-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі — Қ. Балықбаев

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балықбаев ҚР Президенті Жолдауының «Тиімді мемлекеттік басқару» 8-бағыты аясында мемлекеттік электрондық қызметтерді дамыту барысы туралы баяндады.

Қайрат Балықбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Қазіргі таңда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі аталған бағытта мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жетілдіру бойынша бірқатар міндеттерді іске асырып жатыр. Мұнда әңгіме, ең алдымен, электрондық үкімет порталының дамуы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметіне қатысты болып отыр, бұл — мемлекеттік қызметтерге қолжетімділіктің ең ыңғайлы жолдары екені сөзсіз.

«Қазіргі таңда 746 мемлекеттік қызметтің 621 қызмет түрі немесе 83%-дан астамы «Азаматтарға арналған үкімет» жүйесіне өткізілген. Электрондық үкімет инфрақұрылымы арқылы 452 мемлекеттік қызмет көрсетіледі», — деді Қайрат Балықбаев.

Министрлік мемлекеттік қызметтер көрсету үдерістерін барынша оңтайландыру, соның ішінде оларды электронды форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, бүгінде баланың туылуына байланысты мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде ұсыну іске асырылды, электрондық үкімет порталында ЭЦҚ-сыз 30 электрондық қызмет түрін алуға болады.

«Өткен жылы мемлекеттік органдардың электронды анықтамаларға деген сұранысын алып тастауға бағытталған «Анықтамасыз қызметтер» жобасы, сонымен қатар азаматтың рұқсат беруімен осындай анықтамаларды үшінші тұлғаның алуына болатын сервис іске қосылды», — деп қорытындылады вице-министр Қайрат Балықбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу