Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет мал шаруашылығын дамыту жөніндегі Кешенді жоспардың жобасын әзірлеуде

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.

Жиында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев, қаржы министрі Мәди Такиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндама жасады. Сондай-ақ Абай, Ұлытау және Атырау облыстарының әкімдері тыңдалды.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Ол биылғы 9 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің өсуі 4,4%-ды құрағанын, ал жоспар бойынша бұл көрсеткіш 2,3% болғанын атап өтті. Мұндай өсім егін шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 5,2%-ға, мал шаруашылығында 3,4%-ға ұлғаюы есебінен болып отыр.

«Биыл аграршыларға мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп, агротехнологиялармен толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды, бұл өз кезегінде өткен жылмен салыстырғанда саладағы өндірістің өсуін қамтамасыз етті», — деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ол егін шаруашылығы саласында астық жинау жұмыстары аяқталып келе жатқанын хабарлады. Барлығы 15,1 млн га астық жиналды, осылайша орташа өнімділігі 16,3 ц/га болатын 24,6 млн тонна астық бастырылды. Сонымен бірге шамамен 2,2 млн тонна майлы дақылдар, 2,7 млн тонна картоп, 3,2 млн тонна көкөніс өнімдері және 2,3 млн тонна бақша өнімдері жиналды.

«Жеңілдетілген бағамен бөлінген 422 мың тонна дизель отынынан бүгінгі таңда 315 мың тонна дизель отыны немесе жоспардың 75% берілді. Дәнді дақылдардың жиналған өнімі, сондай-ақ майлы дақылдардың егіс алқаптарының едәуір ұлғаюы өсімдік шаруашылығында жоспарланған көрсеткіштерді орындауға мүмкіндік береді», — деді Азат Сұлтанов.

Саладағы оң динамика мал шаруашылығындағы өсім есебінен де қамтамасыз етілді. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша сойыс салмағындағы ет өндірісі 2,6%-ға, сиыр сүтінің өндірісі 5,7%-ға дейінгі өсім көрсетті. Сонымен қатар ірі қара мал басы 1,1%-ға, жылқы саны 6,4%-ға, түйе саны 4,5%-ға, құс саны 6,5%-ға артты.

«Жыл қорытындысы бойынша жоспарланған көрсеткіштерге Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Министрлік әзірлеп жатқан Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру есебінен қол жеткізіледі. Қазіргі уақытта салада бордақылау алаңдары үшін айналым қаражатын толықтыруға кредит беру бағдарламасы қолданылуда, ол тауарлық шаруашылықтарға, құс фабрикаларына және басқа да бағыттарға «Даму» қоры арқылы 80%-ға дейін кепілдік беру жолымен таратылатын болады. Сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін инвестициялық мақсаттарға қаржыландыруды қоса алғанда, кредит өнімдерінің желісін кеңейтуді жоспарлап отырмыз», — деді вице-министр.

Оның айтуынша, есепті кезеңде азық-түлік өнімдері өндірісінің көлемі 9,8%-ға, ал сусындар өндірісі 8,1%-ға артты. Бұл салада өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген кредит беру жалғастырылады. Осы мақсаттарға ағымдағы жылы шамамен 44 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні 29,8 млрд теңге сомасына 75 жоба қаржыландырылды. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Министрлік барлық қажетті шараларды қабылдауда.

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу