Мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру жергілікті қамтуды тиімді реттеуге жол ашады — Қаржы министрлігі

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында мемлекеттік сатып алуларда жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесі қаралды. Мемлекеттік сатып алулардағы отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндады. 

Ә. Смайыловтың айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 14-бабымен Қазақстан Үкіметіне ұлттық режимнен, оның ішінде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында алып қою құқығы белгіленген.

«Осы мақсатта ұлттық режимнен 2 жыл мерзімге 3 тауар позициясы бойынша: автокөлік, трансформаторлар, кабельдік өнім бойынша алып қою белгіленді», — деді вице-премьер.

Ағымдағы жылдың шілдесінде веб-порталда тапсырыс берушілер мен өнім берушілерге тауарлардың шығуы туралы сертификаттарды, оның ішінде СТ-KZ сертификаттарын енгізбей актіге қол қоюға мүмкіндік бермейтін форматтық-логистикалық бақылау орнатылған. Ә. Смайылов атап өткендей, бұл мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту бойынша объективті көріністі айқындауға мүмкіндік береді және мониторингті жеңілдетеді.

Бұдан өзге, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап жиһаз өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп тауарларын мемлекеттік сатып алу тек алдын ала біліктілік іріктеу арқылы отандық тауар өндірушілер арасында ғана жүргізіледі, мұнда жеткізушінің негізгі критерийі Индустриялық сертификат болып табылады.

«Портал тапсырыс берушілерге бұл тауарларды басқа тәсілмен сатып алуға жол бермейді, сонымен қатар, жеткізушіден автоматты режимде индустриялық сертификатты және СТ-KZ сертификатын талап етеді», — деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар, құрылыстағы жұмыстарды сатып алу туралы үлгілік шарттар әзірленді, оның шеңберінде 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап құрылыс бойынша жұмыстарды сатып алуда тек отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген құрылыс материалдары пайдаланылады. 

Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап құрылыс жұмыстарын сатып алу да тек алдын ала біліктілік іріктеу арқылы жүргізіледі, бұл жағдайда қаржылық тұрақтылық критерий болып табылады.

«Бұл көрсеткіш мемлекеттік кірістер органдарының мәліметттері бойынша және тек Қазақстандық салық төлеушілер бойынша қалыптастырылатынын ескерсек, аталған норма отандық бизнесті де қолдайды», — деді вице-премьер.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алуларда ақпараттандыру объектілерін, сондай-ақ бағдарламалық қамтылым мен электрондық өнеркәсіп өнімдерін құру және дамыту қызметтері бойынша осыған ұқсас қолдау шаралары көзделген. Тек отандық әзірлеушілер енетін сенім білдірілген өнім Тізілімінде болуы алдын ала біліктілік іріктеуге кірудің негізгі критерийі болып табылады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2020 жылдан бастап Пилоттық режимде барлық мемлекеттік сатып алуларды бірыңғай ұйымдастырушыларға тиісті деңгейде беруді көздейтін Мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру енгізіледі. Мақұлданғаннан және нақтылықсыздары редакцияланғаннан кейін бұл модель бүкіл республикада қолданылатын болады. Ұйымдастырушылар саны едәуір төмендейді. Әкімшілендіру жеңілдетіледі, бұл мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамтуды тиімді реттеуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу