Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы қолжетімді болуы тиіс — Ә. Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы жылдың басынан бері берген тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және жастарды жұмыспен қамту мәселелері қаралды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының ең көп өсімі елордада – 1,5%-ға, Ақмола облысында – 1,4%-ға, Ақтөбе облысында – 1,1%-ға және Жамбыл облысында – 1%-ға тіркелді. Үкімет басшысы аталған өңірлер әкімдіктерінің, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің халықты қолжетімді бағада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын сынға алды.

«Әкімдер мен Ауыл шаруашылығы министрлігі тұрақтандыру қорларының минималды көлемін қалыптастырған жоқ, “айналым схемасы” бойынша жеткілікті қаражат бөлінбеген, сауда үстемелеріне бақылау нашар жүргізілген. Іс жүзінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу жұмысы бірізді атқарылып жатқан жоқ. Сіздердің міндеттеріңіз – халыққа бірінші кезекте қажетті тауарларды қолжетімді бағада қамтамасыз ету», — деп атап өтті Ә. Смайылов.

Премьер-Министр орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азық-түліктің әрбір атауы бойынша бағаны бақылауды күшейтуді, тұрақтандыру қорларында қажетті көлемді қамтамасыз етуді және «айналым схемасына» қосымша қаржы бөлуді тапсырды.

«Баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтіп, бөлшек сауда нысандарының сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшерін сақтауын қадағалаңыздар», — деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысы жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу ұзақтығы мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Аталған жобалар бойынша еңбекақы мөлшерін 20-25 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін арттыру көзделген. «Жастар практикасының» мерзімі 6 айдан 12 айға дейін, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы 12 айдан 18 айға дейін ұзартылады.

«Жастарды оқыту, кәсіптік бағдарлау және жұмысқа орналастыру мәселелеріне көбірек көңіл бөлу қажет. Тиісті тармақтар Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасына енгізіледі», — деп атап өтті Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу