Цифрландыру шекарада жүк күту уақытын 10 есеге қысқартты

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев  Digital Qazaqstan стратегиясы шеңберінде цифрлық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады. 

Министрдің сөзінше басты міндет – жүктерді тиімді тасымалдау, жолдарды сақтау және азаматтар мен бизнеске қызмет көрсету уақытын қысқарту. Ол «7-ші бағыт» бойынша негізгі индикаторлар белгіленгенін атап өтті. 

«Өткізу пункттерінен жүк көлігінің өту уақыты 30 минуттан аспауы керек. Цифрлық паспорты бар және жүктерді маршрут бойы бақылау көлемі артады. Бұл көрсеткіш биыл – 20%-ды, 2027 жылы – 60 %-ды, 2028 жылы – 80%-ды құрайды. Жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Бағдарлама ішінде екі жоба бақылауда тұр, ол Smart Cargo және е-KOLIK. Smart Cargo платформасы 58 дереккөзді біріктіреді.  Ол, халықаралық жүктер жолға шыққан сәттен бастап жеткенше қадағалайды», — деді министр. 

 

Сонымен қатар ведомство басшысы «Нұр Жолы» өткізу пунктінде тасымалдың цифрлық паспорты іске қосылғанын айтты. Қағаз талонның орнына бірыңғай QR-код қолданылады. Бүгінгі күні 11 мыңнан астам паспорт рәсімделді. Жүк өткізу жылдамдығы 30%-ға артты. «Нұр Жолы – Қорғас» бағытында кезекті күту уақыты 10 есеге қысқарды. 

«Келесі қадам, басқа мемлекет платформаларымен интеграция жасау. е-KOLIK жүйесі саладағы барлық цифрлық шешімдерді біріктіретін орта. Жүйе жасанды интеллектпен жұмыс істейді. Жүйені сенімді деректермен қамтамасыз ету үшін Smart Data Transport деректер базасы құрылды. Бүгінгі күні оған 9 дереккөзі қосылды. Олардың санын 40-қа дейін кеңейту жоспарлануда. Жасанды интеллект деректер негізінде 100% көлік желісін талдауды және бақылауды қамтамасыз етеді. Министрлікте цифрлық форматқа көшіп жатыр. Бүгінгі күні, серверлер, сымсыз желі және жұмыс орындары жаңартылды. Көліктің барлық түрі бойынша бірыңғай ахуалдық талдау орталығы құрылды», — деді ведомство басшысы. 

Министр азаматтардың өтініштері жасанды интеллект көмегімен әзірленетінін атап өтті. Жауаптар автоматты түрде дайындалады және бірыңғай жүйеде келісіледі. Шағымдарды қоспағанда, өтініштерді қарау мерзімі 15 күннен 3 жұмыс күнге қысқарды. Мақсат – 1 күнге дейін жеткізу. Министрлік Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмысты жалғастырады. 

#Көлік #Логистика #Цифрландыру #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу