Қазақстан тауларында туристік маршруттарға цифрлық бақылау енгізу жоспарлануда

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамыту мәселелері қаралды. Жиында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев және Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Жетісу облыстарының әкімдері баяндама жасады.

«Еліміздегі туристік аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді арттыру шараларының кешенін іске асырудамыз. Негізінен адамдар жаппай демалатын орындарда бақылау және профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Демалыс объектілері мен аймақтарының, туристік базалардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жағажайларда және суға шомылу орындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады. Жазғы маусымға дайындық аясында 500-ге жуық объекті мен жағажай тексеріліп, нәтижесінде 800-ге жуық қауіпсіздік талаптарының бұзушылығы анықталды. Аталғандардың әрқайсысы бойынша ден қою шаралары қабылданып, демалыс орындарының иелеріне әдістемелік көмек көрсетілді, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ете білу нұсқаулықтары мен практикалық жаттығулары өткізілді», — деді төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жақын арада министрлікке шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын бақылау-қадағалау функциясы берілмек екен. Тексеру шаралары 1 шілдеден басталмақ. Оның аясында еліміздің су айдындарындағы шағын көлемді кемелер мен тұрақ-базаларына тексеріс жүргізіліп, өрескел бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қабылданатын болады.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жағалауды жасанды интеллект арқылы бейнебақылау жүйелері кезең-кезеңмен енгізілуде. Жаппай демалу орындарында, рекреациялық аймақтарда су айдындарын патрульдеу жұмыстары, рейдтік іс-шаралар өткізіліп, қауіпсіздік шаралары жөніндегі ақпараттық стендтер мен белгілер орнатылды.

«Біздің құтқарушыларымыз соңғы 2 жылда туристік аймақтарда 2 мыңнан астам адамды аман алып қалды, оның ішінде тауларда мыңға жуық адамды құтқарды. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында министрліктің аумақтық бөлімшелерін туристердің өз жүру бағыттары туралы хабардар ету міндеті заңнамалық деңгейде бекітілді. Келешекте саяхат бағыттарына цифрлық бақылау енгізіледі және туристердің жүріп-тұру маршруттары туралы құтқару қызметтерін хабардар ету процессі автоматтандырылады. Туристік инфрақұрылымды қорғау деңгейін арттыру мақсатында министрліктің құтқару бөлімшелері кезең кезеңмен дамуда», — деді ол.

Оның айтуынша, туристер көп жүретін орындардағы өрттерге, су айдындарындағы және таулы жерлердегі оқиғаларға, басқа да төтенше жағдайларға кешенді ден қоюды қамтамасыз ететін өрт сөндіру бекеттері, құтқару, әмбебап бөлімшелер ашылуда. Қазір туристік аймақтарда 42 өрт сөндіру бөлімі және 9 құтқару стансасы жұмыс істейді.

Алдағы уақытта 9 әмбебап бөлімше ашылып,  Балқаш көлінің, Қапшағай, Бұқтырма су қоймаларының жағасында, Баянауыл курорттық аймағында 6 құтқару стансасы іске қосылмақ.

Құтқару қызметтерінің әуе мобильдігін қамтамасыз ету мақсатында авиация инфраструктурасы дамуда. Атап айтқанда ангарлар мен тікұшақ алаңдары салынуда. Олар жағдайды бақылау, іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу және зардап шеккендерді эвакуациялау үшін авиацияны шұғыл қолдану мүмкіндігін береді.

«Мамыр айында алғаш рет «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында өз күшімізбен салынған тікұшақ алаңын аштық. Бұл жоба зардап шеккендерді эвакуациялау уақытын жеделдетуге және құтқару операцияларын жүргізудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Осындай объектілерді еліміздің басқа да туристік орындарында саламыз. Осыған ұқсас алаң Алматыдағы 4 қалалық аурухананың аумағында іске қосылды, ол пациенттерді тасымалдау уақытын айтарлықтай қысқартып, шұғыл медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттырады.

Құтқару бөлімшелерінің дайындығын арттыруға арналған материалдық-техникалық базаны нығайту жалғасуда. Соңғы екі жылдың ішінде 1,5 мың техника, жаңа үлгідегі 36 жүзу құралы, 13 әуе борты сатып алынды. Биылғы жылы техникамыздың паркі Каспий теңізіндегі төтенше жағдайларды жоюға және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған заманауи 4 теңіз кемесімен толықтырылатын болады. Жоғарыдай аталған жұмыстарды одан әрі жалғастыратын боламыз», — деді министр.

#Туризм #ҚР ТЖМ #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу