08 Сәуір 2025, 14:00
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы қойған міндеттер шеңберінде туристік саланы дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев цифрлық трансформация мақсатында 47 бизнес-үдеріске реинжиниринг жүргізілгенін айтты. Соның нәтижесінде саланың негізгі мәселелері анықталды. Бұл – цифрлық деректердің бірыңғай базасының болмауы, қолдаудың тиімсіз бөлінуі және туристік қызметтерді заңсыз көрсетушілердің болуы.
«Мәселелерді шешу үшін Туризм және спорт министрлігі цифрлық платформаны әзірлеуде. Ол процестерді автоматтандырады және шешім қабылдауда адам факторының әсерін азайтады.Сондай-ақ туроператорлардың бірыңғай цифрлық тізілімі құрылады. Бұл азаматтарға саяхатты сатып алудан бұрын қызметтердің заңдылығын тексеруге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Сондай-ақ туроператорларды екі кіші түр бойынша лицензиялау қызметі енгізілді және қызмет көрсетіледі. Бірінші – сыртқы туризм. Екіншісі – сырттан келушілер және ішкі туризм. Бұл ретте қызмет толық автоматтандырылған. 2024 жылға дейін 680 лицензия берілді. Барлығы электронды форматта.
Сонымен қатар, отандық туризм саласында стартаптар белсенді дамып келеді. Жаслан Мәдиев туризм саласында жұмыс істейтін стартаптар мен технологиялық компаниялар бүгін Astana Hub экожүйесінде шоғырланғанын хабарлады.
«Олар пайдаланушыларға турларды онлайн режимінде ыңғайлы таңдауға және сатып алуға, сондай-ақ туристік агенттіктер мен туроператорлар үшін үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді жасайды», — деді министр.
Министрліктің мәліметінше 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл компаниялардың жиынтық табысы 8 млрд теңгеден асты, ал құрылған жұмыс орындарының саны — 500-ден астам.
Цифрлық трансформациямен қатар тиісті инфрақұрылымдық базаны құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Министрдің айтуынша, Президенттің тапсырмасын орындау аясында еліміздің үш негізгі туристік өңірінде цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Ол тұрақты ұялы байланыс пен интернетті қамтамасыз етуді, жаңа Wi-Fi нүктелерін орнатуды, антенна-діңгек құрылыстарын салуды және талшықты-оптикалық желілерге қосылуды қамтиды.
Алматы өңірінде Шымбұлақ тау шаңғысы курорты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Шымбұлақ пен Медеуде қосымша Wi-Fi нүктелері орнатылды. 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде Қаскелең және Түрген учаскелерінде байланыс желілерін дамыту жоспарланған. Ақтау жағалауында мобильді байланысты қамту белсенді түрде кеңеюде. 2024 жылы 76 4G базалық станциясы орнатылып, 67-сі жаңғыртылды. 2025 жылдың соңына қарай қалада 5G қамтуды 60%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Осыған ұқсас шаралар Щучье-Бурабай курорттық аймағында жүзеге асырылуда. Негізгі туристік орындарда, Щучинск пен Бурабайдағы қонақүйлерді қоса алғанда, антенна-діңгек құрылыстары салынуда, сондай-ақ қоғамдық Wi-Fi нүктелері орналастырылды.
Инфрақұрылымды жақсарту және туризмді цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Осы тұрғыда Жаслан Мәдиев бірқатар ұсыныстар айтты.
Атап айтқанда, министрлік жергілікті атқарушы органдарға туристік нысандар орналасқан елді мекендердің бас жоспарлары мен құрылыс жоспарларын цифрландыруды жеделдетуді ұсынады. Бұл туризм саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін беру процесін онлайн форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Танымал туристік аймақтардағы ұялы байланыс сапасын одан әрі жақсарту үшін Цифрлық даму министрлігі мобильді операторлардың лицензиялық міндеттемелерін кеңейту мәселесін пысықтайтын болады.
#Туризм #Цифрландыру #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу