Үкіметте оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру және мектептерді интерактивті жабдықтармен қамтамасыз ету талқыланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орта білім берудегі оқу процесін цифрландыру барысы қаралды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу және оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру көзделгенін атап өтті. Осыған байланысты таяу жылдары педагогтерді тиісті даярлауды жүргізу, цифрлық оқулықтар мен арнайы білім беру платформаларын қолдануды кеңейту, мектептерді техникамен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды жалғастыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда республика бойынша 7 мың мектепке электронды журналдар мен күнделіктер жүргізу, үй тапсырмаларын бағалау, беру, жоспарлар жасау және қашықтан оқыту үшін білім беру платформалары (Kundelik, білім, EDU және т.б.) енгізілді. Сонымен қатар мектептің мобильді қосымшалары, аналитикалық тақталар, асхана мәзірі және т.б. қосымша қызметтер бар.

Сонымен қатар министр қазіргі уақытта оқулықтардың 79%-ы цифрлық форматқа ауыстырылып, мемлекеттік сараптамадан өткенін айтты. 2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100% қамту жоспарланған.

Сонымен қатар мектептерде қосымша оқу материалдары ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді түрде пайдаланылады. Бүгінгі таңда білім берудің барлық деңгейлері бойынша пәндердің 100%-ы қамтылған 50 мыңнан астам ресурс құрылды. Осы жылдың басынан бастап цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды, оларға күн сайын үш млн оқушы мен мұғалім жүгінеді.

Өз сөзінде Премьер-Министр оқушыларды электрондық оқулықтармен қамтамасыз етудің маңызын айтты.

«Онда анимациялық, мультимедиалық компоненттер мен тапсырмалар көрініс табуы керек. Бұл оқулықтар кез келген компьютерде немесе мобильді гаджетте қолжетімді болуы тиіс», — деді Әлихан Смайылов. 

Жалпы, Үкімет басшысының айтуынша, оқу процесі интерактивті, заманауи білім беру технологияларын қолдана отырып құрылуы керек. 

Оған қоса Премьер-Министр қала мен ауыл оқушыларының арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында, ең алдымен, ауылдық мектептерді интерактивті және компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттігін айтып өтті.

«Бұл тіпті шалғайдағы шағын мектептерде де оқытудың инновациялық әдістерін енгізуге мүмкіндік береді», — деді Үкімет басшысы.

Сөз соңында Премьер-Министр 15 наурызға дейін Оқу процесін цифрландыру жөніндегі жол картасын қабылдау керектігін айтты. Онда оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру, мектептерді интерактивті жабдықтармен қамтамасыз ету, заманауи білім беру технологияларын енгізу жөніндегі шаралар көзделуі тиіс.

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мектептердегі интернет жылдамдығын арттыру, мектептерді талшықты-оптикалық, жергілікті және сымсыз желілермен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу