Қытай тауарларын адал ниетті импорттаушыларға «жасыл дәліз» құрылады - ҚР ҰКП

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан-Қытай бағытындағы автотасымалдауларға адал ниетті отандық компаниялардың жеңілдетілген қолжетімділігін құру бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлады палатада.

ҰКП-да мәлімдегендей, қытай тарапымен көлеңкелі тауар айналымын төмендету мақсатында сыртқы экономикалық қызметтің адал қатысушыларына арнап кедендік ресмилікті айтарлықтай жеңілдету жоспарланған. 

Ұлттық палата Кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры Әлихан Мәмбеталин хабарлағандай, бұдан былай Қытайдан жүкті автотасымалдаумен айналысатын компанияларға қойылатын талаптар күшейтілмек. Дей тұрғанмен, бизнесі жаңа талаптарға сәйкес келетіндер «жасыл дәлізбен» өтетін болады.

Оның айтуынша, аталмыш бастама автомобильдік өткізу бекеттерінде кедендік формальдылықтарды жеделдету, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік бағытын транзиттік ағыммен толтыру, Қытаймен шекаралас өңірлерде қылмыс жасау деңгейін төмендету қажеттігінен туындап отыр.

«Ұлттық палата және мемлекеттік органдар осы саладағы орын алып жатқан процестерді тәртіпке келтіру, алыпсатарлық сауда үлесін төмендету, көлеңкелі тауар айналымын азайту және өркениетті бизнес үшін жағымды жағдай жасау қажеттігі жайлы көптен бері сөз етіп келеді», - деді ҚР ҰКП кедендік департаментінің басшысы.

Өкінішке орай, қытайлық-қазақстандық бағыттағы автотасымалдау саласының қазіргі жағдайы салмақты наразылықтар тудырады.

«Бүгінгі таңда қандай әрекет иек алуда? Қытай аумағында көлікке жүкті тиейді, сонымен бірге тасымалдаушылар қызметі тауарлардың көлеміне қарай есептеледі. Кедендік төлемдер шынайы тауар жайғасымдары бойынша емес, бір автокөлік құралынан алынатын баждар мен салықтардың болжалды «орташа өлшенген» сомасына қарай, белгіленген, «индикаторлық» деп аталатын мөлшерлеме бойынша іске асырылады. Оның үстіне көлік көбінесе көлемдік және салмақтық көрсеткіштерге сәйкес келе бермейді. Иә, бюджетке түсімдер жүріп жатыр. Алайда осындай ресімдеу әдісінің нәтижесінде Қытаймен арадағы сыртқы сауданың дәйексіз, бұрмаланған статистикасын алдық, көлеңкелі айналым мен жемқорлық схемалар өсімі жалғасын табуда», - деп түсінік беріп кетті Әлихан Мәмбеталин.

Сарапшының сөзіне сүйенсек, Қазақстан Рреспубликасы Қаржы министрлігі мемлекеттік табыс комитеті эксперимент ретінде жаңа жүйеге көшуге дайын.

«Биылғы жылдың 27 наурызында Пекинде ҚХР Бас кеден басқармасы мен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитетінің арасында өзара сауданы ынталандыру және дамыту жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, оның аясында ақпарат алмасу туралы келісімге қол жеткізілді. Ендігі жерде шекара арқылы өтетін жүктер туралы ақпаратты кеден органдары онлайн-тәртіпте алып отыратын болады. Мемлекеттік табыс комитеті мәлімделген мәліметтердің дәйектілігін жедел тексеру мүмкіндігіне ие», - деп хабарлады Әлихан Мәмбеталин.

Ұлттық палата өкілі баса көрсеткендей, аталмыш Меморандумға қол қою сыртқы экономикалық қызметтің адал ниетті қатысушыларына деген кедендік ресми рәсімдерді айтарлықтай жеңілдету мүмкіндігін береді, бірақ ол үшін осындай компанияларды іріктеуге керек өлшемдерді белгілеп алу қажет. Аталмыш жоба «Жасыл дәліз» атауын алды.

«Атап айтқанда, компания сенімділігі жеке меншігінде кем дегенде 10 автомобиль, ғимараттар мен қоймалар түріндегі жылжымайтын мүлкі болуымен (бұрынғыдай жалданған емес) расталуға тиіс. Оның үстіне автокөлік құралдары еуропалық стандарттарға сәйкестендіріліп, GPS-бақылау жүйесімен жабдықталуға тиіс. Алайда ең басты өлшемдер – бұл кедендік төлемдерді төлеуге банктік кепілдік, шекараға келіп жеткенге дейін жүк туралы барлық мәліметтердің толығымен ұсынылуы (қытайлық кеденшілердің деректер базасымен салыстыру үшін), өз жұмысында электронды шот-фактураларды қолдану. Аталмыш өлшемдерді ұстану олардың кедендік бақылаусыз, сонымен бірге тауарлар құнын бақылау және бұдан арғы түзетусіз, былайша айтқанда, толық сеніммен, қазақстандық-қытайлық шекарадан өтуіне мүмкіндік береді», - деді Әлихан Мәмбеталин.

Қазірде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті «Атамекен» ҚР ҰКП-мен «Жасыл дәліз» жобасына қосылу өлшемдерін талқылауда.

«Біз барлық адал ниетті және салмақты, нарықта жақсы беделге ие компанияларға аталмыш жобаға қатысуды ұсынамыз», - деп атады ҰКП өкілі.

Өлшемдер біржолата бекітілгеннен кейін компаниялар іріктеледі. Іріктеу бизнес, мемлекеттік органдар және БАҚ қатысуымен жүреді. Бір айта кететіні, қытайлық тарап та мемлекет тарапынан сенім білдірілген автотасымалдаушылар тізбесін ұсынуға міндеттеніп отыр.

«Біздің міндет – осы нарыққа салмақты ойыншыларды тарту үшін жағдай жасау және аталмыш салада бизнестің өркениетті жолмен, ашық жүргізілуі мүмкін екенін көрсету», - деп атады Әлихан Мәмбеталин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу