Әлеуметтік маңызы бар өнімдерді импорттау үшін «жасыл дәліз» ашылды

ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қаржы және сауда министрліктеріне ішкі нарықты молықтыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына импорттық салықты алып тастау мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұл ретте әкелінетін тауарларға фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау жүргізуді сақтау қамтамасыз етілуі тиіс. 

Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бажсыз қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстарын бастады.

Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктері үшінші елдерден бажсыз қол жеткізуді қамтамасыз етуге қажетті тауарлардың тізімін пысықтауда. Алдын ала осы тізімге ет, көкөніс, жарма, сүт өнімдері және басқа да азық-түлік тауарлары енгізілуі тиіс.

Бұдан әрі, аса қажет болғанда және таңдалған тауарлар бағасының деңгейіне нақты оң әсер еткен жағдайда, аталған тізім қазіргі импорттық кеден баждарын жою туралы бірлескен шешімді қабылдау үшін ЕАЭО елдеріне жіберілетін болады.

Қазіргі таңда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті халықты бірінші қажеттіліктегі тауарлармен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар өнімдерді импорттау үшін «жасыл дәлізді» ашты.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың басты импорттаушылары ресімдеу кезіндегі кедендік бақылау формаларын (кедендік тексеру, тауардың кедендік құнын сараптау және бақылау) қолданудан босатылды.

Бұдан өзге, бүгінде «қызыл және сары дәліздерді» тарылту жолымен бизнестің басқа да санаттары бойынша шекарада әкімшілік жүктеме қысқартылды. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі Республика шекарасында ветеринарлық бақылауды күшейтті.

Жалпы шекара периметрі бойынша 228 мемлекеттік ветеринарлық-санитариялық инспекторлары бар 63 ветеринариялық-бақылау бекеттері бар.

Бақылау-өткізу бекеттерінде ветеринариялық бақылау үшін «ҚР АШМ АӨК ББАЖ» веб-порталында пайдалануға арналған жабдықтар орнатылды. Ветеринариялық инспекторлар жүктерді тексеру актілерін автоматты режимде толтырады және оларды Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесіне береді.

Сонымен бірге, Қазақстан азық-түлік тауарларының негізгі позициялары бойынша ішкі нарықты жеке өндіріспен қамтамасыз етеді.

Облыстар мен республикалық маңыздағы қалалар әкімдіктерінің шұғыл мәліметтері бойынша бүгінгі таңда өңірлік тұрақтандыру қорларында, тауар өндірушілер мен сауда ұйымдарының қоймаларында, сондай-ақ басқа да қоймалық орындарда 1,2 млн тоннадан астам көлемде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры бар.

Аталған көлемді әдеттегідей тұтынған жағдайда ол 5-6 айға дейін жетеді (өнім түріне байланысты). Оған қоса, бұл — тұтынуға дайын өнім қоры. Сонымен қатар азық-түлік тауарларын өндіру үшін жарма, ұн, консервілер, қант секілді жеткілікті шикізат қоры, сондай-ақ ет-сүт өнімдерін шығару үшін жеткілікті мал басы бар.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу