«Бір терезе» қағидаты бойынша инвестжобаларды іске асыру үшін Қазақстанның барлық өңірлерінде фронт-офистер құрылады — ҚР СІМ

Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Е. Көшербаев инвестициялар тарту жөніндегі үш деңгейлі жүйе туралы, сондай-ақ инвесторларға қызмет көрсететін өңірлік фронт-офистер жұмысы жайында айтып берді.

Е. Көшербаев атап өткендей, экожүйенің жоғарғы деңгейінде Қазақстанның шетелдік елшіліктері мен консулдықтары, орталық деңгейде — Сыртқы істер министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар, ішкі деңгейде — әкімдіктер, өңірлік мекемелер орын алады.

 

«Мысалы, орталық деңгейде біз “Астана” халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Үлкен хаб құрдық. Осыған байланысты өңірлік деңгейде осындай фронт-офистерді құру қажеттілігі бар», — деді министрдің орынбасары.

Бұл орайда ол бұрын әкімдіктер жанынан инвесторларға қызмет көрсету орталықтары жұмыс істегенін айтты, бұл орталықтар негізінен консультативтік орган функцияларын атқарған.

«Инвесторлар бізге келгенде, туындаған рұқсатнама алу, жер алу, инфрақұрылымға қосылу мәселелері бойынша жүгінеді. Енді мұндай мәселелерді жергілікті деңгейде, жергілікті мекемелерде шешу мүмкіндігі бар. Оларға кезекпен баратын болса, бұл біраз уақыт алады. Сондықтан біз облыс әкімдіктерімен, инвесторлармен кеңесіп, бізге фронт-офистер қажет деген шешімге келдік», — деді Е. Көшербаев.

Бүгінгі таңда елімізде мұндай фронт-офистерді құрудың оң тәжірибесі бар. Ақтөбе облысында «open space» ашық кеңістік қағидаты бойынша офис құрылған. Мұнда рұқсатнама беретін мамандар бір жерге жиналып, инвесторлардың туындаған мәселелерін шешеді.

Сонымен қатар, ішкі істер министрінің орынбасары биыл сәуір айында Шымкент қаласында еліміздегі алғашқы бизнес-супермаркет ашылғанын еске салды. Ол тек шетелдік инвесторларға емес, сонымен қатар жергілікті инвесторларға да көмек көрсетеді. «Бизнес-супермаркет» жобасының республика бойынша аналогы жоқ.

Бизнес-супермаркет — бұл кәсіпкерлер мен инвесторларға қызмет түрлерін электронды форматқа көшіретін белсенді құрал, әрі «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ол бірнеше даму институтының күш-жігерін біріктіреді: «Даму» КДҚ» АҚ, «Атамекен» кәсіпкерлердің өңірлік палатасы, «Shymkent» ӘКК» АҚ және әкімдік басқармалары.

Қорытындылай келе, Е. Көшербаев аталған тәжірибені республикамыздың барлық облыстарына тарату көзделгенін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу