Итбалықтар популяциясын сақтау үшін Каспий теңізінде мемлекеттік табиғи резерват құрылады

Балық саласы экономиканың өсуді және халықты жұмыспен қамтудың маңызды салаларының бірі болып табылады. Балық шаруашылығында негізгі қызмет – балық аулау және балық өсіру. Бұл туралы Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.

Оның хабарлауынша, 2022 жылғы 10 айда балық шаруашылығының құрылымы мынадай: ауланғаны – 42,6 мың тонна, өсірілгені – 14,1 мың тонна, экспорт – 16 мың тонна, импорт – 32 мың тонна.

«Балық шаруашылығы саласының даму нүктесі – балық өсіру. 2021 жылы сәуірде Үкімет Балық саласын дамыту бағдарламасын қабылдады. Нәтижесінде 2030 жылға дейін балық өсіру – 270 мың тонаға, балық өнімдерін ішкі тұтынуды – 134 мың тонаға ұлғайту, импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарланып отыр», — деді С. Брекешев.

Көрсетілген индикаторларға қол жеткізу үшін бизнесқа келесідей қолайлы жағдай жасалып отыр:

Бірінші – өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді.

Екінші – су айдындарын балық аулау шаруашылығынан балық өсіруге ауыстыру жеңілдетілді.

Үшінші – балық өсіру шаруашылығы үшін су қорғау белдеуінде жер берудің шектеулері алынып тасталды.

Төртінші – жобалық-сметалық құжат, мемлекеттік сараптама сияқты тосқауылдар алынып тасталып, тек эскиздік жоба негізінде балық өсіру тоғандарын салуға мүмкіндік берілді.

Осындай шаралардың арқасында бизнесте іскерлік белсенділік арта бастады. Мысалы, 2020 жылмен салыстырғанда балық өсіру субъектілерінің саны 2 есеге өсіп, 380-ге жетті. Өсірілген балық көлемі 5 жыл ішінде 3 мың тоннадан 5 есе артып, 15 мың тоннаға дейін өсті. Қазір мыңнан астам жаңа шаруашылық құру жоспарлануда. Оның 47-сі ірі бизнес түрі, ал инвестицияның жалпы көлемі – 150 млрд теңгені құрады

«Мемлекеттік қолдау шараларын күшейту Қасым-Жомарт Кемелұлының Алматы және Атырау облыстары тұрғындарымен кездесу барысында берген тапсырмасына сәйкес пысықталуда», — деді министр.

Бизнес үшін қолайлы жағдай жасаудың заңнамалық негізі «Акваөсіру туралы» заң жобасында қарастырылады. Заң тұжырымдамасы қыркүйекте ведомство аралық комиссияда бекітілді. Заң жобасын Парламентке 2023 жылдың қараша айында енгізу жоспарлануда.

Сонымен қатар серікқали Брекешев бағдарламаны іске асырудың биылғы алдын ала қорытындылары туралы баяндады.

2022 жылдың 10 айында балық өсірушілер 14 мың тоннадан астам балық өсірді, жоспар бойынша – 22,6 мың тонна. Бұл ретте Алматы, Қарағанды және Атырау облыстары бойынша индикаторлардан ауытқулар бар.

Жалпы бағдарлама индикаторларына қол жеткізу үшін әкімдіктер бизнес субъектілерінің бастамаларын қолдауды күшейтуі қажет. Бұл тұрғыда жергілікті бюджеттен мемлекеттік қолдау көрсету маңызды болып табылады. Бұл ретте 2022 жылы әкімдіктер субсидиялауға 401 млн теңге немесе бағдарламаның белгіленген көрсеткіштерінің 17%-ын көздеді.

Мемлекет тарапынан бизнесті қолдау жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін әкімдіктер жыл сайын тиісті көлемде қаражат қарастыруы қажет.

Сондай-ақ экология, геология және табиғи ресурстар министрі балық аулауды дамыту мәселелеріне тоқталды. Бүгінгі таңда 1600 су айдыны 1200 шаруашылық субъектісіне бекітіліп, онда 12 мыңнан астам адам балық аулауды кәсіп етіп отыр.

Сонымен қатар 72 кәсіпорын балық өңдеумен айналысады. Оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды, қалғандары ішкі нарық пен таяу және қиыр шет елдерге бағдарланған.

«Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында «Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде кәсіптік балық аулаумен айналысатын субъектілер үшін қосымша құн салығын 70%-ға төмендету көзделуде. Заң жобасы Парламентте қабылданды және Мемлекет басшысына қол қоюға жолданды», — деді С. Брекешев.

Сондай-ақ терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды енгізу жоспарлануда. Тиісті түзету бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасында көзделген.

Жаңа жұмыс орындарын құруға және салық салынатын базаны кеңейтуге мүмкіндік беретін терең өңдеу көлемін ұлғайту мақсатында Мемлекет басшысы өңделмеген балық экспортына шектеу қою жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Осыған байланысты, бизнеспен бірлесіп, оңтайлы шешім қабылдау үшін талдау жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар табиғи балық ресурстарын сақтау бойынша шаралар қабылдануда. Ең алдымен, бұл браконьерлікпен күрес, оны Мемлекет басшысы, әсіресе Жайық-Каспий бассейнінде күшейтуді тапсырды.

«Осы тапсырманы орындау үшін қосымша шаралар белгіленді. Бұл балық инспекцияларын заманауи материалдық-техникалық құралдармен толық жарақтандыру, табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру және заңсыз балық аулау үшін жауапкершілікті қатаңдату. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасы шеңберінде браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейтуді пысықтаудамыз (ҚР Парламенті Мәжілісіне 2023 жылдың 1-ші жартыжылдығына енгізу)», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Бұдан басқа, көлеңкелі айналымды төмендету мақсатында балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Балық өнімдерінің шығу тегінің заңдылығын растайтын құжаттарды беруге қатысатын ветеринариялық, кедендік және өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың жүйелерін интеграциялау көзделген.

Балық қорғау іс-шараларымен қатар жыл сайын табиғи су айдындарының балық ресурстарын молайту бойынша шаралар қабылданады.

Атырау облысында екі мемлекеттік бекіре зауыты жұмыс істейді. Алайда, олардың өндірістік базасы тозған, бұл оларды қайта құру мен жаңғыртуды қажет етеді. Президент бұл мәселеге назар аударып, қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Қазіргі уақытта инвестициялық ұсыныс әзірленуде. Оны келесі жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық экономика министрлігінің қарауына енгізу жоспарлануда. Процесті жеделдету үшін зауытты реконструкциялауды технико-экономикалық негіздемелерді (ТЭН) әзірлеуді талап етпейтін бюджеттік инвестициялық жобалар тізбесіне енгізуді ұсынамыз. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге және жобаны іске асыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл мәселені Үкімет қаулысын әзірлеуге жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолдап отыр.

Сондай-ақ балықтардың табиғи уылдырық шашуына жағдай жасау бойынша шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Жайық және Қиғаш өзендерінің сағаларын тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсаттарға биыл 3 млрд теңге бөлінді және қыркүйектен бастап балық өтетін арналарда ұзындығы 32 км су түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Келесі жылға 3 млрд теңге көзделген.

Бұдан басқа, кеме қатынасы су жолдарында түп тереңдету жұмыстарын жүргізу мәселесі өзекті болып қала береді. Бұған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2023 жылға арналған республикалық бюджетті алғашқы нақтылау шеңберінде қаражат көздеуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мәселелері маңызды болып табылады. Президенттің тапсырмасына сәйкес Каспий теңізінде мемлекеттік табиғи резерват құру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда табиғи-ғылыми негіздеме (ТҒН) әзірленуде. Оны келесі жылдың қаңтарында алуды және одан әрі технико-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірлеуге кірісуді жоспарлап отырмыз.

Мемлекет басшысының балық шаруашылығы мәселелері жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін және жаңа облыстардың құрылуына байланысты балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу керек. Сонымен қатар су тапшылығы мен әлемдік нарықтардағы ахуал бойынша ағымдағы жағдайды ескере отырып, индикаторларды өзектендіру қажет. 

«Бұл жұмысты біз бизнес және ғылым өкілдерімен бірлесіп жүргіземіз. Мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін Үкімет қаулысының тиісті жобасы келесі жылдың екінші тоқсанында енгізілетін болады», — деді С. Брекешев.

Оның айтуынша, жалпы қабылданған шаралар кешені инвестицияларды тартуға, балық өнімдерін өндіру мен экспорт көлемінің өсуін қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың балықты тұтыну деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты келесі жұмыстарды жүргізу қажет:

Бірінші. Қаржы, Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері балық және балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесін ветеринариялық, кедендік және өзге де мүдделі мемлекеттік органдар жүйелерімен интеграциялауды тездетсін.

Екінші. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі балық аулау кемелерінің өтуін қамтамасыз ету мақсатында Жайық-Каспий бассейнінің кеме қатынасы арналарында су түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу мәселесін пысықтасын.

Үшінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі балық өсіру кезінде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын.

Төртінші. Облыс әкімдіктері жыл сайын жергілікті бюджетте акваөсіру субъектілерін Бағдарламада көрсетілген көлемнен төмен емес субсидиялауға қаражат көздесін. Сонымен қатар балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейтсін. Сондай-ақ балық өсіру шаруашылықтарын құру үшін, оның ішінде балық өнімдерін өткізу жөніндегі мамандандырылған сауда объектілерін құру үшін жер учаскелерін беруді қамтамасыз етсін.

«Өз кезегінде, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру мәселелерін үйлестіруді жалғастырады және Мемлекет басшысының балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша Алматы, Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындарымен кездесу барысында берген тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындау жөнінде шаралар қабылдайды», — деді Серікқали Брекешев.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз баяндамасында Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, Алматы облысы бойынша негізгі нысаналы индикаторлар 2021 жылы акваөсіру өндірісін 2030 жылға қарай 3,7 мың тоннадан (2021ж.) 25 мың тоннаға дейін жеткізу болып табылатынын атап өтті. 

«Балық саласында инвестиция тарту жұмыстары жалғастырылуда және бүгінгі күнге Алматы облысында 2026 жылға дейін 397 жаңа жұмыс орнын ашылуымен жалпы құны 80,5 млрд теңгені құрайтын, жалпы қуаттылығы 15,5 мың тонна тауарлық балықты өсіретін 12 жобаны іске асыру жоспарлануда», — деді өңір басшысы.

Осы жылдың 11 айында 10 балық шаруашылығы субъектісі 3382 тонна тауарлық балық өсірді.

Әкімнің айтуынша, биылғы жоспардан артта қалудың бір себебі, балықтың осы түріне сұраныстың төмендеуіне байланысты облыстағы ірі балық шаруашылығының бірі «Kaz Organic Product» ЖШС-нің 4000 тонна африкалық сом өндіру қуаты бар, өндірісті клариевый сомнан форель шаруашылығына қайта жабдықтау туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар Ресей нарығындағы тұрақсыз жағдай да әсер етті, өйткені балық шаруашылығына қажетті негізгі бөлшектер мен жабдықтар Ресейден әкелінеді осыған байланысты бірқатар шаруа қожалықтарын іске қосу кешіктірілді немесе келесі жылға қалдырылды.

2022 жылдың 11 айында экпортқа 3712 тонна балық өнімдері шығарылды.

Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында ағымдағы жылға жергілікті бюджеттен балық шаруашылығын субсидиялауға 70,0 млн теңге бөлініп «Qoldau» порталы арқылы берілген 17 өтінім бойынша бұл сома толығымен игерілді.

2023 жылға жергiлiктi бюджеттен балық шаруашылығын мемлекеттiк қолдау мақсатында субсидиялар көлемi екi есеге 150,0 млн теңгеге дейiн ұлғайтылады, сондай-ақ инвестициялық шығындарды өтеуге республикалық бюджеттен 500,0 млн теңге бөлу жоспарлануда.

Атырау облысында 21 балық шаруашылығы субъектісі бар, оның ішінде 19-ы кәсіптік балық аулаумен және екеуі тауарлы балық өсірумен айналысады. Осы кәсіпорындарда 614 адам тұрақты және 3217 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Бұл туралы жақында тағайындалған өңір басшысы Серік Шәпкенов мәлімдеді.

Биыл 11 айдың ішінде 14 мың тоннаға жуық балық ауланды, оның ішінде Каспий теңізінен – 7645 тонна, Жайық өзенінен – 3350 тонна, Қиғаш өзенінен – 3005 тонна. Ауланған балықтың 13,2 тоннасы өңделіп, ал 12,7 тонна өнім Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Израиль т.б. елдерге экспортталды.

Серік Шәпкеновтың айтуынша, өңірде балық қорын сақтау және оны молайту бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 1998 жылдан бастап бекіре балықтарының қорын сақтау және өсімін молайту мақсатында жыл сайын Жайық өзеніне 8 млн данаға жуық шабақ суға жіберіледі. Сондай-ақ Жайық және Қиғаш өзендеріне 169 шақырым түп тереңдету жұмыстары жүргізілді, ал 2022-2026 жылдары 295 шақырымға қазу жұмыстары қолға алынады.

Сонымен қатар өңірде браконьерлікке қарсы күрес шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл 2620 әкімшілік және 62 қылмыстық іс тіркелді. Құқық қорғау органдарының біріккен шаралары нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда браконьерлік фактілері төмендеді. 

Жайық-Каспий облысаралық Балық шаруашылығы инспекциясының материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында 2019-2021 жж. жылдам жүретін «Corvet 600»-10 дана катері, «Mercury 200» маркалы 10 дана аспалы моторы, 1-бранвахта (өздігінен жүрмейтін), 9-автокөлік алынды (барлығы 347 млн.тн.).

Атырау облысында балық аулаумен қатар, тауарлы балық өсіруді дамыту қолға алынды.

«2025 жылға дейін 16,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, оның ішінде 8-і балық өсіру шаруашылығымен айналысады, тағы 1-і балық өңдеу цехы ретінде салынады», — деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, осы жобалардың нәтижесінде, тауарлы балық өсіру көлемі 78 тоннадан 15 мың тоннаға, балық өнімін экспорттау көлемі 12,7 мың тоннадан 25 мың тоннаға артады, 511 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу