Егін орағына әзірлік кезінде техникалардың дайындығы 100%-ға қамтамасыз етілді — Ауыл шаруашылығы министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Жиында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрі А. Сапаровтың айтуынша, биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарының егін алқабы 17,3 млн гектарды құрап отыр.

«Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 6,9 млн гектар немесе 40,0% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. 6,6 млн тонна астық бастырылды, орташа өнімділік гектарынан 9,5 центнерді құрады. Салыстыру үшін айта кетсем, өткен жылдың осыған ұқсас кезеңінде 11,6 млн. гектар немесе 72,8% жиналған болатын. Бұл ретте егіс науқаны оңтайлы аграрлық мерзімдерде жүргізілді, жаздың ауа-райы жағдайлары елдің көп бөлігінде қалыпты жағдайда болды, егін жинау науқанына әзірлік кезеңінде техниканың дайындығы мен жеңілдетілген жанар-жағармаймен 100% қамтамасыз етілді», — мәлімдеді ауыл шаруашылығы министрі.

Негізгі астықты аймақтарда 3 аптадан астам уақытқа созылған жауын-шашын салдарынан жаңа түсім сапасы нашарлап, астықтың өніп кетуіне, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға және дәнді дақылдардың өнімділігінің төмендеуіне әкелді.

Ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен өңірлерде барлық мүдделі органдар мен ұйымдарды қоса отырып, келтірілген зиянның ауқымын айқындау үшін жұмыс комиссиялары құрылды.

Жұмыс комиссиялары еліміздің зардап шеккен аймақтарына барып, егін жинау жұмыстарының барысына талдау жүргізді. Әкімдіктердің деректері бойынша 2,7 млн гектарда немесе 15% алаңда дәннің өніп жатқаны белгілі болды. Орташа өнімділік өткен жылғы деңгейден гектарына 2,7 центнерге төмен.

А. Сапаровтың айтуынша, қазіргі уақытта облыстарда барлық егін жинау техникалары егістікке жаппай шықты, егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр.

Энергетика министрлігімен бірлесіп астықты кептіру үшін дизель отынын бөлу мәселесі пысықталды. 18 қыркүйектен бастап ақпараттық жүйеде өтінімдер қабылдау басталды.

Әкімдіктердің деректері бойынша дизель отынына жалпы қажеттілік 73 мың тоннаны құрайды, оның бағасы литріне 250 теңгеден аспауы қажет.

«Барлық астық қабылдау кәсіпорындарының астықты қабылдауға дайындығы қайта тексерілді, элеваторлардың тәулік бойын жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ астық кептіру тарифтерінің өсуіне жол бермеу өте маңызды», — деп атап өтті министр.

«Бәйтерек» холдингі ҚазАгроҚаржы филиалдарына шаруалардың стационарлық және жылжымалы астық кептіргіштерін лизингке алуға қатысты өтінімдерін жылдамдатып қарауды тапсырды.

«Жиналған өнімнің сапасының төмендігіне байланысты тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі өткір болып тұр. Осыған байланысты Азық-түлік корпорациясы тұқым қорын қалыптастыру мақсатында қолда бар астық қорларының тұқым ретінде пайдалануға жарамдылығына сараптама жүргізуді бастады», — деді А. Сапаров.

Азық-түлік корпорациясының желісі бойынша астықты жеткізу мерзімі биыл 1 қазаннан 1 қарашаға дейін ұзартылды.

Сондай-ақ қосымша мынадай шаралар қабылдануы қажет:

  • «Бәйтерек» холдингі мен Азық-түлік корпорациясының қаржы институттары кредиттерді ұзарту мәселелерін пысықтауы қажет. Осыған байланысты Министрлік «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп бюджеттік кредитті қайта құрылымдау мәселесін көтеру үшін қажетті жұмыстарды жүргізе бастады.
  • Қазіргі уақытта әкімдіктердің деректері бойынша фермерлердің алдындағы субсидиялау бойынша қарыздарды өтеуге деген қажеттілік 155,5 млрд. теңгені құрайды. Фермерлер осы субсидиялар сомасын жылдың соңына дейін төлеуді сұрап отыр.
  • Қазақстан темір жолы астықты тасымалдау үшін астық таситын вагондардың уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет.
  • Ұлттық газ операторы тарапынан астықты кептіруді жүзеге асыратын кәсіпорындарға газ толық көлемде берілуі тиіс.
  • Фермерлердің негізгі өтініштерінің бірі Азық-түлік корпорациясының азық-түліктік және жемдік астықты тікелей сатып алуы болып табылады.

Нарықтық бағамен сатып алу үшін 20 млрд теңге қажет.

Өз кезегінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов биылғы егін алқабының көлемі 5,3 млн гектарды құрайтынын баяндады. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 4,9 млн гектар.

Өкінішке қарай, табиғи-климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығы өнімдерінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті.

Қалыпсыз жоғары температура бүкіл вегетациялық кезең бойы сақталды. Осы уақытқа дейін толассыз жалғасып келе жатқан нөсер жауын, астықтың сапасын айтарлықтай нашарлатты.

«Бүгінгі таңда, 1,4 млн гектар немесе жазғы егістіктің 28,3%-ы бастырылды, 782 мың тонна астық жиналды. Өнім түсімділігі гектарына 5,6 центнерді құрайды», — деді М. Ахметжанов. 

Егін жинау науқанының түйткілді мәселелерін жедел шешу мақсатында құрамында жауапты қызметтерді қамтитын жұмыс тобы құрылды.

Жалпы, облыс арзандатылған дизель отынымен толық көлемде қамтамасыз етілді, 7 млн тонна көлеміндегі астықты сақтау үшін жағдай жасалды. Астық қабылдайтын барлық кәсіпорындар биылғы астықты тәулік бойғы режимде қабылдауды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі таңда, элеваторларға 500 мың тоннадан астам астық жеткізілді.

Жалпы, өңірде егін жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде өткізу бойынша барлық қажетті шаралар қолданылып келеді.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов келтірген ақпаратқа сүйенсек, биыл облыс бойынша астық алқабы 4,4 млн гектарды, майлы дақылдар – 661 мың гектарды құрайды. Сондай-ақ 1,2 млн гектар алқапта дәнді дақылдар жиналса, 1,1 млн тонна астық бастырылды, орташа өнімділігі гектарына 9,2 центнер. Алқаптағы егіннің 28,4%-ы жиналды.

«Егін жинау жұмыстарының кешіктірілуіне байланысты бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдары жоғары ылғалдылыққа қарамастан дақылдарды бастыруға мәжбүр. Жоғары ылғалдылыққа байланысты дәнді дақылдар қайта көктеп жатыр. Дәл қазіргі уақытта қайта көктеген алқап аумағы 35%-дан асты», — деп мәлімдеді облыс әкімі.

Оның айтуынша, 2024 жылғы көктемгі егіске 36 мың тонна тұқым дайындалған, бұл қажетті мөлшердің 7%-ы. 

Облыста өнімді сақтау сыйымдылығы жеткілікті, 8,3 млн тонна өнімге орын бар. Орақ жұмыстарына 85 мың тонна дизель отыны бөлінді, жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

Малдың қыстауына қажетті мөлшерде – 1 млн-нан астам тонна көлемінде шөп дайындалды. Қолайсыз ауа-райының салдарын азайту мақсатында облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары жәрдемдесу үшін бірқатар мәселелер көтеріп келеді.

Олардың негізгілері — ылғалданған астықты кептіруге дизель отынын бөлу, қаржы институттары алдындағы төлем міндеттемелерін ұзарту, келесі жылы «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік Қогамы астығын тұқымға пайдалану.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов биыл 3,4 млн гектар алқапта дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның айтунша, бүгінгі таңда 1,8 млн гектар немесе астықтың 53%-ы жиналып, 1,9 млн тонна бастырылды, өнімділік гектарына 10,5 центнерді құрайды.

Айдың басынан бері 45 миллиметр жауын-шашын немесе айлық норманың 158%-ы жауды. Оған қарамастан, техникалық дайындықтың арқасында алқаптағы астық қысқа мерзімде жиналды.

«Облыста 317 астық кептіргіш іске қосылды, бұл бір күнде 240 мың тонна астықты кептіруге мүмкіндік береді. Астықты кептіру жұмыстарына қосымша 10 мың тонна дизель отынын бөлуге өтінім жолданды. Өңірде астықты сақтау орындары жеткілікті. Олардың сыйымдылығы 6,9 млн тонна, бұл астықтың сақталуын толық қамтамасыз етеді. Облыс элеваторларына 500 мың тоннадан астам астық түсті, оның 325 мың тоннасы үшінші кластағы бидай», — деп мәлімдеді өңір басшысы.

Келесі жылғы егіске шамамен 250 мың тонна немесе 50%-дан астам тұқым жиналды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақыттта жалғасын табады. Өңірде егін жинау барысына жедел бақылау жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды. Егінді уақытылы жинап алу жұмыстары әкімдіктің тікелей бақылауында.

#ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу