Елімізде 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында 8,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен қаңтар-шілде айларындағы республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин тақырыпқа қатысты баяндама жасады.

Ә. Қуантыров мәлімдегендей, биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,8%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектор – 4,6%-ға, ал қызмет көрсету саласы – 4,7%-ға өсті.

Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсімді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,4%-ды құрады.

«Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 58%-ға, білім беруде – 24,3%-ға, саудада – 22,6%-ға, ауыл шаруашылығында – 21,3%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 9%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 8,4%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында байқалды», — деп баяндады Ә. Қуантыров.

Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 4,3%-ға өсіп, $67,2 млрд-ты құрады. Экспорт $38 млрд-ты құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты $12,1 млрд-қа жетті. Тауарлар импорты $29,3 млрд-ты құрады. Жалпы, оң сауда балансы $8,7 млрд-қа тең.

Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр, өндіріс көлемі 3%-ға өсті. Көрсеткіштің өсімі 14 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсімді Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті. 

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 28,7%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 43%-ға және электр жабдығы өндірісінің – 34,4%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ келесі салаларда: азық-түлік өндірісінде – 4,5%, химия өнеркәсібінде – 4,1%, металл бұйымдары өндірісінде – 8,1%, сусындар өндірісінде – 6,4%, пластмасса бұйымдары өндірісінде – 8%, жеңіл өнеркәсіпте – 21% өсім байқалып отыр. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,8%-ға жоғарылады.

Бұл ретте мұнай өндіру – 5,6%-ға, газ өндіру – 2,5%-ға, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 14,2%-ға, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 2,4%-ға өсті. Металл кендерін өндіру – 0,5%-ға, көмір өндіру – 6%-ға төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,2%-ға артты.

Еліміздегі 17 өңірде оң өсім тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсімі Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында байқалды.

Биылғы қаңтар-шілде аралығында 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Ұлытау және Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында байқалды. Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 2,6%-ға ұлғайды.

Саладағы өндірістің өсімі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары көрсетті.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай:

Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 6 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды.

Экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылады:

  • Уақтылы егін жинауды және құрылыс жұмыстарының маусымын тиімді жүргізуді қамтамасыз ету;

  • Экспорттың өсуін қалпына келтіру үшін қосымша шаралар қабылдау және баламалы бағыттарды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету; 

  • Белсенді түрде инвестициялар тарту және бюджет қаражатын тиімді игеру;

  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуін болдырмау бойынша шаралар қабылдау және тұрақты мониторинг жүргізу;

  • Тұрақты және уақытша жұмыспен қамту шараларын қолдау арқылы еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Өз кезегінде, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин экономика мен іскерлік белсенділіктің жаһандық өсу көрсеткіштері оң аймақта сақталып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, халықаралық валюта қорының сәуір айындағы болжамымен салыстырғанда, тәуекелдердің қысқа мерзімде әлсіреуіне қарамастан, ұзақмерзімді перспективада әлемдік деңгейдегі жоғары инфляция мен тұрақсыз геосаяси ахуал әсерінен тәуекелдер балансы нашарлау жағына ығысқан.

PMI жаһандық композиттік индексі шілде айында 51,7 мәнін көрсетті. Өндіріс пен жаңа тапсырыстардың өсімі баяулаған кезде қызмет секторы есебінен оң іскерлік белсенділік сақталды.

Қазақстанда іскерлік белсенділік те оң аймақта қалып, қызметтер мен өндіріс секторлары есебінен индекс 50,7 деңгейінде қалыптасты. Бизнес-климат индексін білдіретін бизнестің қазіргі және келешек жағдайын бағалау 16,0 мәніне дейін өсті.

Биыл шілде айында Халықаралық валюта қоры жаһандық экономиканың өсу болжамын 3,0%-ға дейін арттырды, оған Қытай мен Үндістан айтарлықтай үлес қосатын болады.

Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсіміне қатысты Халықаралық валюта қорының болжамы 4,3%-дан 4,8%-ға дейін көтерілді. Әлемнің қор нарықтарында өсім жалғасуда. Мысалы,
2023 жылдың басынан бері дамыған елдерде акциялар нарығының MSCI World индексі 17,8%-ға, ал АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,96%-ға дейін 9 базистік тармаққа көтерілді. Доллар индексі 1,6%-ға әлсіреді.

АҚШ-тың орталық банктері мен Еуроаймақ ақша-кредит саясатын қатаңдатуда. Мысалы, АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі шілде айында негізгі мөлшерлемені
5,25-5,50%-ға дейін 25 базистік тармаққа көтерді. Федералдық резервтік жүйе экономиканың тұрақталуына байланысты енді рецессияға болжам жасамайды. Еуропаның Орталық банкі де макроэкономикалық деректердің нашарлауына қарамастан, мөлшерлемені 4,25%-ға дейін 25 базистік тармаққа көтерді.

Қазақстандағы инфляция шілде айында жылдық мәнде 14,0%-ға төмендеді. Азық-түлік инфляциясы ақпан айындағы ең жоғарғы 26,2%-дан 13,5%-ға дейін жылдық мәнде екі еседей баяулады. Азық-түлікке жатпайтын инфляция мен сервистік инфляция 15,0%-ға және 13,6%-ға бәсеңдеді. 

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі – жылдық 16,75%. Кезекті шешім осы жылдың 25 тамызында қабылданады. Биыл шілде айының соңында теңге бағамы 1 доллар үшін 445,89 теңгеге дейін немесе қаңтар-шілде айларында 3,6%-ға нығайды.

Шілде айында теңгенің 1,4%-ға нығаюына мұнай бағасының өсуі, бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестициялауы себеп болды. Шілде айының өзінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышына шамамен 100 млрд теңге қаражат салынды.

Республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан шілде айында $591 млн-ға валюта сату да теңгеге қолдау көрсетті. Валютаны міндетті сату үлесі 1 шілдеден бастап 50%-дан 30%-ға дейін төмендетілгеннен кейін квазимемлекеттік компаниялардың валюта сату үлесі шілде айында $195 млн болды.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының валюта сатып алуы шілде айында $240 млн-ды құрады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз активтерінің валюталық үлесін 15%-ға дейін біртіндеп көтеруді жоспарлап отырғанын атап өтейін. Ұлттық банк икемді бағам белгілеу режимін ұстанады және валюталық интервенциялар жүргізбейді», — деді В. Тутушкин. 

Жалпы халықаралық резервтер шілде айының соңында $94,4 млрд-ты құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері шілде айында 0,8%-ға, яғни, $34,2 млрд-қа дейін төмендеді. Ұлттық қордың активтері $60,2 млрд-қа дейін 0,7%-ға ұлғайды.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,4 трлн теңгеге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап Ұлттық қордың $4,1 млрд-қа валюталық активтері сатылды. Қорға жыл басынан бастап түскен жиынтық қаражат 2,7 трлн теңгені құрады. 

Ұлттық банк сыртқы және ішкі нарықтардағы жағдайдың даму барысын қадағалап, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және инфляцияны одан әрі төмендетуге бағытталған тиісті шараларды қабылдауды жалғастырады.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік бюджетке трансферттерді есепке алмағанда 10,4 трлн теңгеден аса кірістер түсті немесе жоспар 98,2%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге түсті. Жоспар 90,3%-ға орындалды. Атқарылмаған бөлігі 732 млрд теңгені құрады.

Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, қосылған құн салығы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 285 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 24%-ға азаюымен байланысты.

Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауы негізінен экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ға төмендеуімен байланысты болды.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері:

  • тау-кен өндіру өнеркәсібінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың 15%-ға төмендеуі;

  • Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 4,2%-ға азаюы.

Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 15%-ға төмендеуі әсер етті.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 118%-ға атқарылды және 3,5 трлн теңгені құрады. Жоспар 542 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 497 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,3%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8%-ға орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 12,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмағаны 95 млрд теңгені, оның ішінде үнемдеу - 17 млрд теңгені құрады. Игерілмегені - 78 млрд теңге», — деп мәлімдеді Е. Жамаубаев.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Экология және табиғи ресурстар, Ммәдениет және спорт, Төтенше жағдайлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму және оқу-ағарту министрліктерінде қалыптасты.

Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін дер кезінде өткізбеу; орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы және басқалары.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,7 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 83 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 тамызға 891 млрд теңге бөлінген. Оның 97,4%-і игерілген. Игерілмегені – 23 млрд теңге. Ең көп игерілмеу: Астана қаласы, Атырау, Жетісу, Қарағанды және Алматы облыстарында қалыптасты.

«Биылғы 7 айда камералдық бақылаумен 8,4 трлн теңгеге 274 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 40 мыңға жуық рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит нысандары бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ын орындады. 1 300-ден аса аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 771 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Шамамен 137 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталды», — деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке төлеу, есепке алу бойынша 104 млрд теңге көлеміндегі бұзушылықтар жойылды. Аудит нысандары қызметін жетілдіру әрі тиімділігін арттыру үшін 1,3 мыңнан астам ұсыным берілді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 658 нысанды сату көзделген. Есепті кезеңде 306 млрд теңге сомасына 368 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 36 нысан сатуға қойылды. 64 нысан қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 190 нысан сату алдындағы дайындықта тұр.

#Экономика #ҚР Ұлттық экономика министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу