Елімізде қант саласын табысты дамытудың негізгі факторлары бар – Ауыл шаруашылығы министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында қант саласын дамыту мәселесі талқыланды. Елімізде қантпен қамтамасыз ету ісінің қалай жүріп жатқаны және болашақта оны жеткізуге байланысты проблемаларды шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Әбілхайыр Тамабек баяндады.

«Импортқа тәуелділіктің жоғары болуына байланысты қант саласын дамыту мәселесі өзекті болып табылады», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің шағын болуы, импорттық тұқым құнының жоғарлылығы, фермерлердің техникалық жарақтандырылуының төмен деңгейі және сумен қамтамасыз ету жөніндегі проблемаларға байланысты 90-жылдардан бастап қант қызылшасының егіс алқабы 85 мың гектардан 11,6 мың гектарға дейін төмендеді.

Талдау көрсеткендей, басқа дақылдарды (мысалға, картоп, жүгері) өсірудің пайдалылығы қант қызылшасына қарағанда бірнеше есе жоғары болып табылады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, республика бойынша қантты тұтыну жылына 532 мың тоннаны, оның ішінде отандық шикізат, яғни қант қызылшасы есебінен қамтамасыз ету деңгейі 7%-ды, отандық зауыттардың құрақ қантын өңдеу есебінен 35%-ды, қант импорты есебінен 58%-ды құрайды.

Алайда елімізде қант саласының табысты дамуы үшін негізгі алғышарттар бар: суармалы жерлердің болуы, ішкі нарықтың үлкен сыйымдылығы, қажеттілікті қамтамасыз етуге қабілетті жұмыс істеп тұрған 4 зауыттың жүктеу қуатының толық пайдаланылмауы және жұмыс күшінің болуы. Технологиялық жабдықтардың тозуына, зауыттардың несиелерінің көптігіне және айналым қаражатының тапшылығына, көрші елдер қолданатын баға демпингіне байланысты отандық зауыттардың жүктеме қуаттылығының төмендігі сақталуда.

Негізгі экспорттаушы елдердің қант экспортына қабылдаған шектеу шаралары ішкі нарықта дүрбелең тудырды. Бүгін егіс алқаптарына, өнімділікке, шикізаттың қажетті көлеміне жүргізілген талдау негізінде қолданыстағы қант зауыттары мен оларды кеңейту жөніндегі жоспарларға байланысты, қант өндірісін ұлғайтуға бағытталған 2026 жылға дейінгі саланың индикаторлары айқындалды. 

Вице-министрдің айтуынша, 250 мың тонна көлемінде қант өндіру үшін қант қызылшасының қажетті алқабы, сондай-ақ егіс алқаптарын кеңейту жөніндегі жоспарланған іс-шаралар облыстардың әкімдіктерімен келісілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 4 негізгі бөлімнен және 33 іс-шарадан тұратын Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Кешенді жоспар қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды, жаңа суармалы жерлерді іске қосуды, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, тұқым шаруашылығын дамытуды, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейді», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

ҚР Салық кодексінің 411-бабына сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қызылша қантын өндіру кезінде ҚҚС-н 70%-ға дейін төмендету бойынша салық жеңілдіктері көзделген. Кешенді жоспарда аталған преференцияның қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі іс-шара, сондай-ақ тізбені құрақ қантпен толықтыру да көзделген. Бұдан басқа, қантқа бағалардың ең төменгі деңгейін (БТД) енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігін жетілдіру, оның ішінде, қант қызылшасын қайта өңдеуге тапсыру кезінде субсидиялау нормативтерін және тұқымдар мен будандар бағасының өсуін ескере отырып, тұқым шаруашылығын субсидиялау нормативтерін ұлғайту мәселелері пысықталатын болады.

Жалпы шикізат базасын дамытуға арналған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 495 млрд. теңгені құрайды. Материалдық-техникалық құндылықтарды субсидиялаудың қажетті көлемі 168 млрд теңгені, оның ішінде қант зауыттарының негізгі және айналым қаражатын толықтыруға қажетті субсидиялар көлемі 39,3 млрд теңгені құрайды.

Кешенді жоспарды іске асыру алдағы 5 жылда отандық шикізаттан өндірілетін қант көлемін 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте 2026 жылға қарай 2021 жылмен салыстырғанда импорт үлесі 58%-дан 17%-ға дейін төмендейді, отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қамтамасыз етілу 7%-дан 43%-ға дейін ұлғаяды.

Жаңадан құрылған Жетісу облысындағы ахуал туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев баяндап берді. Биыл облыс бойынша қант қызылшасы 6,0 мың гектарға себілді, 210 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.

Жұмыс жасап тұрған екі қант зауыттарының өндірген қанты өткен жылғы 57 мың тоннадан биыл 85 мың тоннаға ұлғаяды, оның 25 мың тоннасы қант қызылшасынан және 60 мың тоннасы қамыс құрағынан.

Облыс әкімінің айтуынша, келешекте 2026 жылға дейін егіс алқабын 15 мың гектарға және жалпы түсімді 525 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. 

«Қант зауыттарын жаңғырту көзделуде, Көксу қант зауытында қызылшаны қайта өңдеу қуаттылығын 2 есе ұлғайтып, Ақсу қант зауытында қант құрағын қайта өңдеу желісін толық іске қосып, жаңа қойма салу қолға алынды. Нәтижесінде, 2026 жылға дейін қызылша мен қант құрағынан өндірілген қант көлемі 190 мың тоннаға дейін ұлғаятын болады», — деді Бейбіт Исабаев.

Оның сыртында, Жаркент крахмал-сірне зауытын жаңғырту есебінен өнеркәсіптік мақсаттарда пайдаланылатын шәрбат өндірісі көбейеді.

Жалпы облыста аталмыш салаға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр, атап айтқанда 420 техникамен жабдықталған 19 сервистік-дайындау орталығы құрылды. Шетелдік селекция мен отандық өндірістің тұқымдарын жеткізу жолға қойылды.

Көксу қант зауыты тарапынан фьючерстік келісім-шарт негізінде шаруашылықтарға көктемгі дала жұмыстарына қажетті материалдық шығындарына қаржылай қолдау көрсетілді. Өткізілген қант қызылшасының сатып алу бағасы тоннасына 22-ден 30 мың теңгеге дейін көтерілді.

Қант саласын дамыту бойынша бірқатар нақты шаралар іске асырылуда, яғни:

- суару жүйелерін жаңғырту арқылы 38,5 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру, бүгінде 7,7 мың гектар жерді сумен қамту жұмыстары атқарылды;

- су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін 5 мың гектарға ұлғайту;

- өнімділікті арттыру үшін минералды тыңайтқыштардың қажетті көлемін енгізу. 

Жетісу облысы әкімінің айтуынша, биыл 1,5 млрд теңгеге 17,6 мың тонна субсидияланған минералды тыңайтқыш алынды. Жалпы облысқа минералды тыңайтқышты субсидиялауға 2023 жылға 2,5 млрд теңге, 2024 жылға 3,8 млрд және 2025 жылға 5,0 млрд теңге қаражат қажет.

«Шаруашылықтардың тыңайтқышқа қолжетімділігін арттыру үшін “бағаны” тұрақты бақылауда ұстау керек деп санаймыз», — деді Б. Исабаев.

Павлодар облысындағы қант саласының мүмкіндіктері туралы өңір әкімі Әбілқайыр Сқақов айтып берді. Атап айтқанда:

Бірінші. Облыста суармалы жерлердің көлемі – 137 мың га, жақын арада оларды 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік бар.

Екінші. Еліміздегі көкөніс сақтау қоймаларының ең үлкен көлемі біздің облыста – 450 мың тонна және олар жыл сайын 10%-ға артып келеді. Жалпы облыста соңғы 2 жылда көкөніс сақтау қоймаларының көлемі 70 мың тоннаға артқан.

Үшінші. Екі жыл бойы облыста қант қызылшасының тәжірибелі егістері жүргізіліп, гектарынан 50 тонна өнім алынды.

Төртінші. Осы әлеуетті ескере отырып, «Ақсу қаласында қант зауытын салу» жобасын әзірлеу басталды.

Облыс әкімінің айтуныша, қант зауытының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Жобаның құны – 134 млрд теңге төңірегінде. Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберілді, ол осы жылғы желтоқсанда шығады.

«Қазір біз қант өндіруде тәжірибесі мен құзыреті бар жақын шет елдерден инвесторды іздестіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қант зауытын салу және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тиісті жол картасын біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне жібердік. Осылайша, мемлекеттік қолдау шаралары келісілген жағдайда және нақты инвестор анықталса, Павлодар облысында зауытты салуға барлық жағдайлар бар», — деді Ә. Сқақов.

Әкімнің айтуынша, зауыттың жобалық қуаты 960 мың тонна қызылша болғанда, 150 мың тонна қант өндіріледі. Бұл ішкі нарықтың қажеттігін қосымша тағы 30%-ға жабады. Сондай-ақ жобаны іске асыру зауытта 400-ден астам жұмыс орнын және агроөнеркәсіптік кешеннің аралас салаларында 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді; ал жемшөп базасы 1,5 есе өседі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу