Еліміздің су ресурстарын басқару саласына ЕО елдерінің үздік тәжірибелері енгізіледі

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Қазақстан – Еуроодақ» диалог платформасының 14-ші отырысында Қазақстан мен ЕО елдерінің су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастығын дамыту мәселесі талқыланды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқынының алдын алу және оның салдарын азайту мақсатында тиімді әдіс-тәсілдерді әзірлеу үшін ЕО елдерінің, оның ішінде Нидерландтың прогрессивті тәжірибесін зерттеп жатыр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, ведомство су тасқынына қарсы жедел әрекет ету үшін тиімді болатын ең үздік тәжірибелерді зерттеумен және енгізумен айналысып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына кешенді іс-шаралар енгізіледі.

Тасқын суларының қалыптан тыс үлкен мөлшері су қоймаларының толып кетуіне әкелді. Бұл халықты ауыз сумен, ал ауылшаруашылық алқаптарын мен өнеркәсіпті өндірістік сумен қамтамасыз етуге септігін тигізді. Десе де ауыл шаруашылығында су үнемдеу мәселесі өзекті болып қала береді. Бұл саладағы тұтыну үлесі еліміздегі жалпы су тұтынудың 65%-ын құрайды. 

Шаруаларды су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін өңірлерде субсидиялауды ұлғайту бойынша жұмыстар басталды. Сонымен қатар еліміздің оңтүстік аймақтарында мажарлық ғалымдардың әзірлемесі – топырақтағы ылғалды сақтауға арналған органикалық препарат енгізілуде.

«Компания өкілдері 4 облыста болды. Пилоттық жоба үшін шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасасамыз. Инновациялық әзірлеменің тиімділігін анықтау жұмыстарына Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары да қосылды. Егер сынақтар сәтті өтсе, еліміздің аумағында органикалық препарат өндіретін зауыт салу мәселесін қарастырамыз», — деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрлік сонымен қатар Франция, Финляндия геологиялық қызметтерімен және GIZ германиялық халықаралық ынтымақтастық қоғамымен тығыз ынтымақтастық орнатты. Жерүсті және жерасты су ресурстарына мониторинг жасау және басқару саласында инновацияларды енгізу бойынша бірлескен жобалар іске асырылып жатыр. 

Сондай-ақ биылдан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы болды. Дүниежүзілік банкпен Аралдың солтүстік бөлігін қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмыстар жолға қойылды. Француз даму агенттігінің қатысуымен Балқаш көлі бассейнін зерттеу бойынша ауқымды жұмыс жоспарланып отыр.

Жалпы еліміздің су шаруашылығы саласын трансформациялау негізгі үш бағыт бойынша жүргізілуде:

1. Суды үнемдеу саясатын қалыптастыру, сұранысты басқару, тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалануға бағытталған түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру;

2. Су қоймаларын салу және реконструкциялау, ирригациялық арналар мен гидротехникалық құрылыстарды цифрландыруды көздейтін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту;

3. Көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту.

#Халықаралық ынтымақтастық #су ресурстары

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу