Энергетика министрлігі электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. 26 ГВт жаңа өндіруші қуаттар іске қосылмақ

Кезекті Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен еліміздің электр энергетикасы саласын дамыту мәселесі қаралды. Тақырып бойынша энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, КЕGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов пен Самұрық-Энергоның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов баяндама жасады.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінің энергия жүйелерімен қатар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Бүгінгі таңда елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 ЖЭК объектісі бар. Бұл ретте өткен жылы қуаты 495,6 МВт болатын тағы 16 ЖЭК объектісі іске қосылды. Станция жабдықтарының орташа тозу деңгейі 56%-ға дейін төмендеді. Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы қолда бар қуаттың көлемі 20,4 ГВт, жұмыс қуаты 15,4 ГВт құрады. Осы күзгі-қысқы кезеңде тұтыну максимумы 16,6 ГВт, ал генерациялау максимумы 15,1 ГВт құрады. Өткен жылы электр энергиясын тұтыну көлемі 115 млрд кВт/сағ, электр энергиясын өндіру 112,8 млрд кВт/сағ құрады. Бұл ретте көршілес елдерден электр энергиясын импорттау 3,4 млрд кВт/сағ, экспорт 1,4 млрд. кВт/сағ құрады.

«Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, ел экономикасы мен халқын сенімді энергиямен жабдықтау қажеттігін, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың жыл сайын өсетінін ескере отырып, жаңа энергия қуаттарын енгізу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғыртуды жүзеге асыру талап етіледі», — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Бекітілген қуат теңгеріміне сәйкес 2030 жылға қарай резервтің қажетті деңгейі 17% болғанда, электр қуатының қажеттілігі 28,2 ГВт құрайды, бұл ретте жаңа қуаттарды ескере отырып, қолда бар қуат – 22 ГВт. Біртұтас электр энергетикалық жүйедегі электр қуаты тапшылығының көлемі 6 ГВт-тан асады, оның ішінде шамамен 4 ГВт – жаңа қуаттар. Орталық Азия елдеріндегі теңгерімді талдау 2030 жылға қарай 2,7 ГВт көлемінде электр қуаты тапшылығын көрсетіп отыр.

Министр Алмасадам Сәтқалиевтің мәліметінше, Энергетика министрлігі осы тапшылықты жабу және экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін Электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Мұнда қосымша шамамен 26 ГВт жаңа қуаттарды енгізу қарастырылады. Бұл жоспар бұрын Президент жанындағы Энергетикалық кеңес отырысына шығарылған. Кейін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып пысықталды.

Мәселен, жұмыс істеп тұрған электр станцияларын реконструкциялау және кеңейту есебінен қосымша 5,6 ГВт іске қосылатын болады. Осындай жобалар:

  • Ақсу ГРЭС-те қуаты 325 МВт №7 блокты салу;
  • Қарағанды ЖЭО-3-те қазандық агрегатын салу және турбинаны ауыстыру;
  • «Karabatan Utility Solution» бу-газ қондырғысының қуатын 310 МВт-тан 620 МВт-қа дейін кеңейту.

Сондай-ақ жоспарда қуаты 6,7 ГВт жаңа генерация салу көзделген.

Маневрлік генерацияны іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықты өткізу аясында Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Шымкент қалаларында жалпы қуаты 2,4 ГВт газ станцияларын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қуаты 5 ГВт ауқымды жобалар стратегиялық инвесторлармен пысықталып жатыр. 

ЖЭК секторының жоғары әлеуетіне байланысты ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондар аясында Энергетика министрлігі 5 жылдық кезеңге аукциондық сауда-саттық өткізу графигін әзірлеп бекітті. Аукционға жалпы 6,7 ГВт шығарылады. Бұл ретте өткізілген аукцион қорытындысы бойынша 2027 жылдың соңына дейін 592 МВт енгізу жоспарланып отыр.

«Осы жобаларды іске асыру энергия жүйесіндегі тапшылықты жоюға және қажетті қуат резервімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоспарланып отырған генерациялау объектілері электр қуаттарындағы тепе-теңдікті және электр желілеріне біркелкі жүктемені қамтамасыз ету мақсатында энергия жүйесі бойынша шашырап орналасқанын атап өткім келеді», — деді А. Сәтқалиев.

Электр энергетикасы саласын дамыту жоспары сәтті іске асырылса, 2035 жылға қарай отын түрлері бойынша белгіленген қуаттың құрылымы мынадай болады:

  • жаңартылатын энергия көздері – 24,4%;
  • гидроэлектр станциялары – 10,8%;
  • газ – 25,8%;
  • көмір – 34,3%.

Жаңартылатын, баламалы энергияны және газ генерациясын іске қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясының үлесі едәуір төмендейтін болады. Осылайша, 2035 жылға қарай жылына 44 млн тонна СО2 деңгейінде көміртекті офсетке қол жеткізу жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін біз Біртұтас электр энергетикасы жүйесін дамыту пайымын дайындадық», — деді А. Сәтқалиев. 

Оның айтуынша, Батыс аймақ бөлігінде өткен жылы жүйелік оператор «KEGOC» АҚ Орал– Атырау – Маңғыстаудың 220 кВ екінші транзитін салу жобасын сәтті аяқтады.

Келесі қадам – 2028 жылдың соңына дейін батыс аймақты Біртұтас электр энергетикасы жүйесімен біріктіру жобасы. Бұл Солтүстік және Оңтүстік аймақтардағы теңгерімсіздікті жабу үшін Батыс аймақтың маневрлік газ энергия көздерін пайдалануға мүмкіндік береді. Солтүстік және оңтүстік өңірлер арасындағы байланысты одан әрі күшейту, сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыру үшін кернеуі +/- 500 кВ «Солтүстік – Оңтүстік» тұрақты ток желілерін салу жоспарлануда. Өткізу қабілеті 2 000 МВт-тан асады.

Ұлттық электр желісінің жаңа архитектурасы Каспий маңы, Арал өңірі, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерінің орасан зор әлеуетін энергетикалық балансқа тартуға мүмкіндік береді. Соның есебінен экспорттық және транзиттік мүмкіндігі айтарлықтай артады.

Беру және бөлу секторы аясында Энергетика министрлігі өңірлік электр желілерін дамытуды ынталандыру, жаңа әуе желілерін, кіші станциялар салуды, тарифтік әдіснаманы, оның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жетілдіруді, энергия беруші ұйымдардың инвестициялық бағдарламаларына шығындарды азайту жөніндегі іс-шараларды енгізуді ұсынады.

Жылу энергетикасы саласындағы мәселелерді реттеу мақсатында Энергетика министрлігі «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заң әзірледі. Заң жобасында Кәсіпкерлік кодекстен электр және жылу энергетикасы саласындағы бақылау жүргізу тәртібін алып тастау арқылы бақылау функцияларын күшейту бойынша нормалар көзделген.

Сондай-ақ жылу желілеріндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ауысады. Бұдан басқа елді мекендердің мастер-жоспарларын әзірлеу, энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру, таза технологияларды қолдану арқылы жоспарлау тетіктерін жетілдіру есебінен саланы реформалау жоспарланып отыр.

Энергетиканың цифрлық платформасын құру арқылы бүкіл салаға мониторинг жүргізу және бақылау нормалары көзделген. Бұл қажетті шараларды әзірлеу мақсатында шоғырландырылған ақпарат жинауға және саланы талдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте осы жоба тарифтік реттеудің нақты және толық қағидаттарын және өлшемшарттарын белгілейді. Ал жылу энергиясына реттелетін тарифтер, атап айтқанда, тарифтік әдіснаманы жетілдіру, экономикалық негізделген тарифті қамтамасыз ету, инвестициялар тарту мүмкіндігі соған сәйкес келуі тиіс. Жылу энергиясына тарифтерді экономикалық негізделген деңгейге келтіру және халық арасында әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында халықтың осал топтарын тікелей бюджеттік қолдау тетігі қарастырылады.

Сонымен қатар жаңа станциялар салу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру үшін стратегиялық инвесторды айқындау тетігі көзделген. Энергияны көп қажет ететін ірі өнеркәсіптік жобаларды қолдау үшін Заң жобасында инвестициялық тарифті қолдану көзделген. Бұл бірыңғай сатып алушыдан электр энергиясын шиналарына өнеркәсіптік объектілер қосылған энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтері бойынша өткізуге бағытталған. Бірыңғай сатып алушы және электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы тетігін одан әрі жетілдіру мақсатында генерацияны басым іріктеуді қайта қарау бойынша түзетулер көзделген.

«Айтылған бастамаларды іске асыру халықты және экономиканы сенімді энергиямен жабдықтау үшін энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ энергетиканың озыңқы дамуы үшін негіз құруға мүмкіндік береді», — деді энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Әрі қарай КЕGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов тақырып бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, «КЕGOC» акционерлік қоғамы жүйелік оператор ретінде Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету, электр энергетикасы нарығында жүйелік және қосалқы қызмет көрсету, қатарлас жұмыстың тұрақтылығын қамтамасыз ету бөлігінде шекаралас мемлекеттердің энергетикалық жүйелерімен өзара іс-қимыл бойынша қызметін жалғастырады.

«КЕGОС» акционерлік қоғамының балансында кернеуі 220–500 кВт-тық 83 қосалқы станция, сондай-ақ жалпы ұзындығы шамамен 28 мың шақырым болатын кернеуі 220-500 кВт-тық 393 электр жеткізу желісі бар. «КЕGОС» Бірыңғай энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы бола отырып, Ұлттық электр торабын пайдалану бойынша қызмет көрсетеді. 

2023 жылдың қорытындысы бойынша компания жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 574 объектіде жөндеу жұмыстарын орындады, бұл 100% құрайды. Инвестициялық бағдарлама бойынша 52,3 млрд теңге немесе жоспардың 102%-ы игерілді. 5 қазанда 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуге дайындығы туралы паспорты алынды. 2023 жылы «KEGOC» АҚ екі қазақстандық биржада (KASE, AIX) 22,6 млрд теңге сомасына SPO-ны сәтті өткізді. 

Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесін тұрақты дамыту үшін «KEGOC» акционерлік қоғамы үш ірі инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарланған болатын. «Батыс аймағының электр желісін күшейту. Электр желілік объектілерінің құрылысы» жобасы аяқталды. Бұл жоба Қазақстанның Батыс аймағы тұтынушыларын электрмен жабдықтау тұрақтылығын арттыруға, батыстағы облыстар арасындағы 220 кВт электр желілерінің байланысын күшейтуге және Орал энергия торабынан Маңғыстау энергия торабына дейінгі желінің өткізу қабілетін 200 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ «Ақтөбе, Батыс, Сарыбай жүйеаралық электр тораптары филиалдарының 220-500 кВт-тық әуе желілерін реконструкциялау» жобасы аяқталды, оның аясында нормативтік қызмет мерзіміне жеткен, жалпы ұзындығы 2023 км қолданыстағы 24 электр беру желісі реконструкцияланды. 

КЕGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың мәлімдеуінше, «Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасын іске асыру басталды. Аталған жоба Қазақстанның оңтүстік облыстарының электр жабдықтауын күшейтуге, энергетикалық қауіпсіздікті және Орталық Азия Біріккен энергетикалық жүйесінен тәуелді болмауды қамтамасыз ету мен 500-220 кВт «Алматы – Жамбыл» учаскесінің өткізу қабілетін қосымша 500 МВт-қа арттыруға бағытталған. Іске асыру мерзімі – 2026 жыл. EPC келісімшарттары жасалды. Мердігерлер жұмысқа кірісті. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталды.

Электр энергетикасының тиімді дамуы өндіруші қуаттарды салу жөніндегі ауқымды жоспарларының Ұлттық электр желілерінің дамуымен үйлестіруін талап етеді. «KEGOC»-тың 2040 жылға дейін іске асыруға ұсынылған сегіз ірі инвестициялық жобасы Ұлттық электр желісінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету, энергетикалық тәуелсіздігін күшейту және еліміздің транзиттік әлеуетін біршама арттыру үшін олардың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып анықталды.

«Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіру» жобасы аясында ұзындығы 600 шақырым болатын 500кВт-тық Қарабатан – Өлке әуе желісін салу көзделіп отыр. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу жұмыстары аяқталды, нәтижелері «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарастыру үшін енгізілді. Жобаны іске асыру мерзімі – 2027 жыл. 

Компания филиалдарының 220-500 кВт-тық әуе желілерін реконструкциялау жобасы бойынша жалпы ұзындығы 8 568,4 км қолданыстағы 220-500 кВт 95 әуе желісін кезең-кезеңмен реконструкциялау жалғастырылатын болады. Қазіргі уақытта жобалардың техникалық экономикалық негіздемесі әзірленуде.

Қазақстанның Ұлттық электр торабының сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету және өткізу қабілетін арттыру мақсатында «KEGOC» акционерлік қоғамы «Солтүстік-Оңтүстік тұрақты тоқ желісін салу» жобасын іске асыруды көздеп отыр. Жоба Қазақстанның оңтүстігіндегі электр энергиясына деген қажеттілікті қамту, Жаңартылған энергия көздерін қарқынды дамыту және жүктеменің артуы жағдайында энергия жүйесі жұмысының тұрақтылығын арттыру міндеттерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл жоба Қазақстанның көршілес Ресей Федерациясынан Орталық Азия елдеріне электр энергиясын жеткізу бойынша еліміздің экспорттық және транзиттік мүмкіншіліктерін айтарлықтай кеңейтеді.

Орталық Азия елдерінің электр қуатының болжамды теңгеріміне сай 2030 жылға қарай тапшылық шамамен 2,8 ГВт деңгейінде болжануда. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру жағдайында Қазақстанның CASA-1000 жобасына қосылуына мүмкіндік береді. Жоба алдындағы зерттеу жұмыстары басталды, алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Жобаны іске асыру мерзімі – 2029 жыл. 

«500 кВ Астана қосалқы станциясын салу жобасын іске асыру қаланың 500 кВ жеткізуші желілері бар екінші қуат беру орталығын салу арқылы Астана қаласын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған. Жобаны іске асыру қаланың өсіп келе жатқан электр энергиясына деген қажеттіліктерін өтеуді қамтамасыз етуге және Астана қаласы маңында қосымша Жаңартылған энергия көздері объектілерін қосуға мүмкіндік береді», — деді Нәби Айтжанов.

500 кВт Қарағанды қосалқы станциясы және 500 кВт Қарағанды – Астана әуе желісін салу. Бұл жобаны іске асыру бірінші кезекте еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары шоғырланған Қарағанды-Теміртау энергия торабының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жобада 500 кВт Қарағанды қосалқы станциясы және 500 кВ Қарағанды – Астана әуе желісін салу көзделген.

500 кВ Қарғанды – Жезқазған – Қызылорда – Шымкент әуе желісін салу. Бұл жоба Қызылорданың 500 МВт-тық бу-газ қондырғысының қуатын беруді қамтамасыз етуге және Ұлытау энергия торабын Қарағанды энергия торабы және елдің оңтүстік өңірлерімен қосу арқылы едәуір күшейтуге мүмкіндік береді. Іске асыру мерзімі – 2032 жыл.

КЕGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың айтуынша, Батыс энергия торабын күшейту жобасын іске асыру жаңа 500 кВт Бейнеу қосалқы станциясын сала отырып, 500 кВ Қарабатан – Бейнеу – Маңғыстау әуе желісін салу арқылы Атырау және Маңғыстау өңірлерін 500 кВ желілермен қосуға бағытталған. Жобаны іске асыру энергия теңгеріміне қосымша Жаңартылған энергия көздері объектілерін тарту үшін қажетті жағдай жасайды және барлық энергия жүйесін 500 кВт-тық желілермен біріктіруді аяқтау үшін бағытталған. Іске асыру мерзімі – 2035 жыл.

Әрі қарай спикер Батыс аймақты Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктірудің ІІІ кезеңі туралы айтты. Жоба Батыс аймақтың газ генерациясының маневрлігі есебінен энергия жүйесін теңгерімдеуге, жаңартылатын энергия көздерін Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне біріктіруге, сондай-ақ болашақта Орталық Азия мен Кавказ елдері бағыты бойынша транзиттік әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл жоба еліміздің энергия жүйесін тұйықтауды аяқтайды. Жобада 500 кВт-тық Бейнеу – Шалқар – Қызылорда әуе жілісін салу көзделуде. Іске асыру мерзімі – 2040 жылға дейін.

«Жоғарыда айтылған жаңа инвестициялық жобаларды ескере отырып, Ұлттық электр торабының болашақ топологиясы айқын көрсетелген. Көзделген жоспарлар іске асырылғаннан кейін барлық өңір 500 кВт жүйе құраушы желілермен қамтылатыны анық байқалады», — деді Нәби Айтжанов.

Көрсетілген перспективалық жобаларды іске асыру үшін электр энергетикасы саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізу, инвестициялық бағдарламаны және компанияның реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифтерді түзету арқылы инвестициялық жобаларды мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына енгізу жөніндегі іс-шараларды орындау қажет. Бұл жобаларды іске асыру 2035 жылға дейін іске қосылатын генерациялайтын қуатты дамыту жоспарларын үйлестіруге және еліміздің транзиттік әлеуетін біршама арттырып, энергетикалық тәуелсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Әрі қарай Самұрық-Энергоның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов тақырып бойынша баяндама жасады. Атап айтқанда, ол акционерлік қоғамының қызметі мен даму жоспары туралы ақпаратты ұсынды.

 

Қайрат Мақсұтовтың сөзінше, бүгінде Самұрық-Энергоның жалпы электр қуаты 7 845 МВт құрап отыр, яғни елімізде өндірілетін қуат көлемінің 32%-ын құрайды, оның ішінде:

  •  жылу электр станциялары – 5 828 МВт
  •  су электр станциялары – 1 904 МВт
  •  Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) – 113 МВт

Бұған қоса «Самұрық-Энерго» АҚ құрамына жылына 46 млн тонна көмір өндіретін «Богатырь Көмір» ЖШС, желілерінің ұзындығы шамамен 30 мың км құрайтын «АЖК» АҚ электр желілік компаниясы, сондай-ақ 930 мыңнан астам абонентке қызмет көрсететін АлматыЭнергоСбыт компаниясы кіреді. 

«Биылғы күзгі-қысқы жылыту маусым бойынша 2023 жылы жоспарланған жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды. Электр станциялары қажетті отын қорымен қамтамасыз етілді. Жалпы алғанда Самұрық-Энерго электр станциялары бойынша жылыту маусымы штаттық режимде өтуде», — деді компанияның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.

2024-2035 жылдар аралығында «Самұрық–Энерго» акционерлік қоғамы жиынтық көлемі 12 ГВт-тан асатын бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр, оның ішінде: 5,9 ГВт – жылу станциялары, 600 МВт – су электр станциялары, 5,7 ГВт – ЖЭК (жел және күн электр станциялары). Аталған жобалардың бірқатары стратегиялық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылады.

«Самұрық–Энерго» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының айтуынша, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2023 жылы Алматы 2 және 3 жылу-электр орталықтарында (ЖЭО) жаңа бу-газ қондырғыларын салу жобалары іске асырылуда. Алматы ЖЭО-2 жобасы бойынша белгіленген электр қуаты – 557 МВт, жылу қуаты 816 Гкал құрайтын жаңа газ станциясын салу көзделіп отыр. EPC келісімшартына сәйкес жобаның құны 330 млрд теңгені құрайды.

«Алматы ЖЭО-3» жобасы бойынша белгіленген электр қуаты 544 МВт-қа дейінгі және жылу қуаты 160 Гкал болатын бу-газ қондырғысын салу жоспарланып отыр. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес жобаның құны – 273 млрд теңге. Қазіргі кезеңде екі жоба бойынша ЕРС келісімшарттар жасалып, негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу шарттарына Siemens Energy, Ansaldo Energia және Dongfang Electric компанияларымен қол қойылды.

«Бүгінгі таңда Алматы 2 және 3 ЖЭО жобаларын қаржыландыру мәселелері толығымен шешілді, құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары, геологиялық ізденістер, жүзеге асырылуда. ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын пайдалануға беру 2026 жылдың аяғына жоспарланып отыр», — деді Қайрат Мақсұтов.

Ал енді Алматы ЖЭО-1 нысанын кеңейту жобасына келсек, қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне «Мемсараптама» РМК-нің оң қорытындысы алынды. Қазіргі уақытта жобаның ТЭН нәтижелерін бекіту бойынша корпоративтік рәсімдер жүргізілуде. ЖЭО-1 станциясының газбен жұмыс істеп тұрғанын және Алматы қаласының экологиялық жағдайына әсері елеусіздігін ескере отырып, бұл жобаны ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жобалары аяқталғаннан кейін әрі қарай жалғастыруды қарастыру қажет.

МАЭС-1-де 1-энергоблогын қалпына келтіру жобасы бойынша құрылыс-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстары жалпы көлемде орындалды. Алайда «Калуга турбина зауытынан» 2 жиынтық жабдықты жеткізу мерзімінің бұзылуына байланысты энергия блогын 2023 жылғы желтоқсанда пайдалануға беру мүмкін болмады. Сонымен қатар 2023 жылғы 22 желтоқсанда энергия блогы сынау максатында іске қосылды және электр энергиясы желіге берілді, осы нәтиже 1-энергоблоктың жұмысқа дайын екендігін көрсетті. Жоспар бойынша уақытында келмеген жабдықтың бірінші жиынтығы 2024 жылғы ақпанда жеткізілсе, 400 МВт қуатты желіге беру 2024 жылғы наурыз-сәуір айларына белгіленіп отыр. Сонымен бірге 2-жиынтық осы жылдың наурыз айында жеткізілетін болса, онда 2024 жылғы мамырда энергоблок толық қуатқа, яғни 500 МВт-ға шығатын болады.

Екібастұз МАЭС-2-дегі №3, 4 энергоблоктарын салу жобасы бойынша Қытай басшылығының көмір өндірісі құрылысына тыйым салуына байланысты Қытайдан қаржыландыруды ұйымдастыру және қытайлық ЕРС-компанияларын жобаға тарту қазіргі уақытта мүмкін емес. Осыған байланысты ресейлік жабдықтарды 3 және 4-блоктарға пайдалану мәселелері қарастырылуда. Сонымен бірге жобаны қаржыландыру мақсатында Ресейдің қаржы институттарымен жұмыстар пысықталуда.

Осы орайда 2023 жылдың 31 қазанында 3 және 4 блоктардың құрылысын қаржыландыру үшін индикативті шарттар алынды, осы шарт бойынша 205 млрд рубльге дейін субсидияланған несие берілу мүмкіндігі расталады. Ресей қаржы институттарына субсидия беру Ресей Үкіметінің шешімімен бекітіледі.

Жоспарланған іс-шаралар:

  • Қаржы институтының несие беру туралы шешімдерін алу – 2024 жылғы наурызда.
  • 3 және 4 блоктарды салу бойынша ЕРС-келісімшарт жасасу – 2024 жылдың наурыз-сәуір айларында;
  • 3-блокты пайдалануға беру 2027 жылға, ал №4 блокты пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.

Жаңа МАЭС-3 жобасы бойынша қуаты 1 320 МВт станция салынады. Ол 660 МВт екі энергоблогынан тұрады. Бұл жобаға Қытай технологиялық шешімдері мен жабдықтарын қолдану жоспарлануда. Сонымен бірге МАЭС-2 3-блогына арналған бұрын сатып алынған жабдықтарды пайдалану қарастырылып жатыр.

Қазіргі таңда жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Осы жұмыстың аясында МАЭС-3-ті Екібастұз аймағында салудың бірқатар жағымды факторлары көрсетіледі, атап айтқанда, теміржол жолдарының өткізу қабілеті, қуат беру схемасы бойынша инфрақұрылымның болуы, сумен қамтамасыз етудің қолжетімділігі, күл үйіндісінің болуы, отын көзіне жақындығы, құрылыс және пайдалануға білікті персоналдың болуы, сондай-ақ Ұлттық электр желісін дамыту жоспарларына сәйкестігі.

«Қазіргі уақытта стратегиялық инвесторларды тарту және инвестицияны қайтару механизмін пысықтау жұмыстары Энергетика министрлігімен бірлесіп жүргізіліп жатыр», — деді Қайрат Мақсұтов.

Жоспарланған іс-шаралар:

  • Энергетика министрлігінен инвестициялық келісім алу – 2024 жылдың 2-тоқсаны.
  • Әлеуетті инвесторды тарту және қаржыландыруды ұйымдастыру – 2024 жылдың 2-3 тоқсаны.
  • EPC келісімшартын жасау – 2024 жылдың 3-4 тоқсаны.
  • МАЭС-3 станциясын пайдалануға беру – 2029 жыл.

Самұрық-Энерго жобаларының портфелінде қазіргі кезде бірнеше су электр станцияларын салу бойынша инвестициялық жобалар пысықталуда, оның ішінде: Іле өзенінде қуаттылығы 50 МВт Кербұлақ ГЭС-і, Ертіс өзенінде қуаттылығы 300 МВт-ға дейін Семей ГЭС-і және Шелек өзенінде қуаттылығы 70 МВт ГЭС-29 жобалары. Аталаған жобалар бойынша жобалау алдындағы құжаттаманы әзірлеу, сондай-ақ құрылыс үшін жер учаскелерімен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізілуде.

Сондай-ақ Семей ГЭС жобасына қазіргі уақытта әлеуетті инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізілуде, Семей ГЭС-і бойынша Катардың Небрас Пауэр компаниясымен, Шелек өзеніндегі ГЭС бойынша қытайлық серіктес Пауэр Чайна компаниясымен ынтымақтастық қарастырылуда. 

«Ал Кербұлақ ГЭС-ін өз күшімізбен салуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталған гидрожобаларды іске асыруды аяқтау 2027-2028 жылдарға болжанып отыр. Осы ГЭС салу жобаларын ойдағыдай іске асыру үшін Энергетика министрлігімен инвестицияларды қайтару механизмін айқындау жолында бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», — деді Қайрат Мақсұтов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда ҚР және РФ министрліктері арасында Көкшетау қаласында қуаттылығы 240 МВт, Семей қаласында қуаттылығы 360 МВт және Өскемен қаласында қуаттылығы 360 МВт жылу электр орталығын салу жобалары бойынша Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жобаларды іске асыру жөніндегі жауапты компаниялар болып «Самұрық-Энерго» мен «ИНТЕР РАО Экспорт» анықталды.

Осы үш қаладағы жылу электр орталығын салу барысында Жобаларды жүзеге асыру үшін Ресей Федерациясының негізгі технологиялық жабдықтарын қолдану көзделіп отыр. Сонымен бірге жобаны қаржымен қамтамасыз ету мақсатында Ресей қаржы институттарымен жұмыс жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Көкшетау қаласындағы станция бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу аяқталды және Семей станциясы бойынша осы жылдың наурыз айында техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді аяқтау жоспарлануда, ал Өскемен станциясы бойынша компания техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге кірісіп, оны 2024 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарланып отыр.

Көкшетау және Семей станциясы бойынша EPC келісімшартқа қол қою осы жылдың 3-тоқсанына, Өскемен станциясы бойынша 2025 жылдың 1-тоқсанына болжанып отыр. Құрылыс 2027-2028 жылдары аяқталуы тиіс.

«Қазіргі уақытта Самұрық-Энерго Тоталь Эрэн, Аква Паур, Масдар, Чайна Пауэр және Юнигрин Энерджи сияқты ірі инвесторлармен әрқайсысының қуаты 1 ГВт болатын, жалпы қуаты 5 ГВт жаңартылатын энергия көздерін жобаларын әзірлеуде», — деді Қайрат Мақсұтов.

Айтылған жобалар бойынша мынадай жұмыстар атқарылуда: жобаларды бірлесіп әзірлеу туралы келісімдерге қол қойылды, желіге қосылу орындары анықталды, қуат беру схемаларын әзірлеу басталды, станцияларды салу орындары белгіленді және зерттеу жұмыстарын жүргізуге рұқсаттар алынды. Жалпы Тоталь Эрэн және Масдар жобалары бойынша Үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.

«Акционерлік келісімдер мен инвестициялар туралы келісімдерге қол қою, бірлескен компанияларды құру және тіркеу, Аква Пауэр және Чайна Пауэрмен Үкіметаралық келісімдерге қол қою жоспарлануда. Жобалар бойынша құрылысты бастау 2025-2026 жылдарға көзделіп отыр», — деді Қайрат Мақсұтов.

#Энергетика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу