Қазақстанның энергожүйесі 2029 жылға қарай тұрақты профицитке қол жеткізеді

Бүгінгі таңда іске қосылған нысандарды ескере отырып, Қазақстанның энергожүйесі 254 энергия көзінен тұрады, оның 172-сі жаңартылатын энергия көздеріне жатады. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндады.

Оның айтуынша жалпы орнатылған қуат 27,1 ГВт құрады. Белгіленген қуаттың негізгі бөлігін дәстүрлі генерациялау көздері құрайды, оның ішінде 13,7 ГВт көмір электр стансалары, 7,1 ГВт газ және 2,5 ГВт ірі су электр стансалары. Сондай-ақ ЖЭК нысандары жалпы белгіленген қуаты 3,8 ГВт.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі тарихи – 123,1 млрд. кВтсағ, тұтыну – 124,6 млрд. кВтс жетті. Осы жылы жоспарлы көрсеткіштердің орындалуы, өткен жылдың деңгейінен асып түсу күтілуде – болжам бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 126,5 млрд.кВтсағ құрайды. Елімізде электр энергиясын өндіру мен тұтыну көлемі арасындағы алшақтықты қысқартудың тұрақты үрдісі байқалады. 2035 жылға дейінгі энергетика саласын дамыту жоспарының аясында қосымша 26,3 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды іске қосуды көздейтін жұмыстар белсенді түрде жалғасуда», — деді министр.

Оның айтуынша 2029 жылға дейін қоса алғанда 13,3 ГВт энергия қуаты, оның ішінде 7,4 ГВт базалық генерация және 5,9 ГВт ЖЭК қуаты енгізілетін болады. Айта кету керек, 13,3 ГВт қуаттың 12,56 ГВт-ы жаңа генерация және 0,74 ГВт-қолданыстағы қуаттарды ауыстыруға бағытталған.

Бұл 2027 жылдың басынан бастап экономиканың электр энергиясына деген жалпы қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және кейіннен электр энергиясының профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді. 2029 жылға дейін жоспарланып отырған жаңа қуаттарды енгізу өндіруші қуаттардың профицитін қалыптастыруға және экономика мен халықтың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін, оның ішінде жасанды интеллект пен ірі ДӨО энергия қажет ететін инфрақұрылымын орналастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, генерацияны дамытуды және жаңа қуаттарды салу қажеттілігін анықтау министрлік электр тұтынудың болжамды өсуінің және генерация құрылымының өзгеруінің жүйелік есептеулері негізінде қалыптастырады.

Жүзеге асырылған және жүзеге асырылып жатқан жобаларды, сондай-ақ экономиканың өзекті қажеттіліктерін ескере отырып, тұрақты мониторинг және талдамалық бағалау жүзеге асырылады. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша жоспар уақтылы өзектендіріледі, бұл оның саланы дамытудың нақты жағдайларына сәйкестігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда белгіленген жиынтық қуаты шамамен 7,8 ГВт инвестициялық жобалар кешенін жүзеге асыруды көздейтін «көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде белсенді жұмыс жүргізілуде.

Экологиялық заңнама талаптарын сақтай отырып, «таза көмір» базасында жаңа көмір генерациясының жобаларына ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда: Екібастұз ГРЭС-3, Курчатов қаласындағы ЖЭС және Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы үш ЖЭО. Аталған жобалар бойынша Министрлік тарапынан толық бақылау қамтамасыз етіліп, оларды белгіленген мерзімдерде аяқтау көзделуде. Бүгінгі таңда ұлттық жобаға барлығы 19 жоба кіреді, оның ішінде 8 жаңа жоба және кеңейту мен жаңғырту бойынша 11 жоба. Жалпы, бұл жобаның құрылымы көмір өндірісінің тар дамуына емес, бүкіл саланың кешенді және жан-жақты дамуына бағытталған.

#Энергетика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу