Ақтөбе облысының кәсіпкерлері ҚР Президентінің Жолдауын қолдау ретінде қызметкерлердің ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруда

Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге арттыру туралы тапсырма берді. Президент бастамасын көптеген кәсіпкерлер, соның ішінде Ақтөбе облысының бизнесмендері қолдады.

Жарты ғасырдан аса қызмет етіп келе жатқан «Transmostgroup» ЖШС осы жылды сәтті аяқтады.  2000 жылдардың басында Ақтөбе облысының астық өңдеу өнеркәсібінің маңызды нысандарын: астық қоймасы, жем зауыттары, астықты сақтау элеваторлары, ұн тарту зауыттарын, сонымен қатар тұрғын үй нысандары мен әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысандар салған компания кейінірек қалаға және басқа да тапсырыс берушілерге көпір салуға күшін бағыттады. Компания маусым кезеңде 350 адамды жұмыспен қамтиды. Бұдан басқа, өнеркәсіптік жарақаттарға жол бермейтін заманауи технологияларды енгізудің арқасында қол жұмыс күші барынша азайтылды.

«Ұжымда тұрақты түрде 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Бұл – механизаторлар, техникалық мамандар, монтажшылар. Орташа жалақы 100-150 мың теңге шамасында. Жаз уақытында 200 мың теңгеге дейін жетеді. Жалақы тұрақты, уақытылы төленеді. Алдағы жылы Мемлекет басшысының Жолдауын қолдау аясында қызметкерлердің жалақысын 10%-ға көбейтуді жоспарлап отырмыз. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап біз жаңа штаттық кестені жасаймыз», — деді «Transmostgroup» ЖШС бас директоры Төлеген Таңатаров.

«Ақтөбе Сәулет» құрылыс фирмасы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға қатысады. Келер жылы компания басшылығы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру туралы шешім қабылдады.

«Келесі жылы біз жалақының ең төменгі мөлшерін 10%-ға арттыруды жоспарлап отырмыз. 10-15% аралығында болуы мүмкін», — деді «Ақтөбе Сәулет» ЖШС-нің негізін қалаушы Нұркен Тұрбаев. 

«Ақтөбе Сәулет» ЖШС басшысының әлеуметтік сұрақтар бойынша орынбасары Баян Төребаева бүгінгі таңда ұжымда 675 қызметкер жұмыс істейтінін айтты. 

«Елбасымыздың Жолдауына байланысты біздің ұжым да аталған бастамаға қосылып, 2019 жылдан бастап қызметкерлердің еңбекақысын шамамен 10%-ға көтеруді жоспарлап отырмыз. Қазір қызметкерлер орташа алғанда 85 мың теңге жалақы алады», — деді Б. Төребаева. Айта кету керек, кәсіпорын жарты жылда 30 мың м2 астам тұрғын үй түрғызады. 

Жалақыны көбейту ниеті туралы Ақтөбе облысының шаруа қожалықтарының басшылары да жеткізді. Алға ауданының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Мусин ауданның бірнеше кәсіпорны, атап айтқанда, «Ақтеп» ет өңдеу комбинаты мен «Париждік коммуна 21» шошқа өсіру кәсіпорны жалақыны өсіруді жоспарлап отырғанын айтты. Бұдан басқа, аймақтағы ірі шаруа қожалықтары мен жеке компаниялар өз қызметкерлерінің ең төменгі жалақысын көтеруді жоспарлап отыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу